Пікір

Оқушыларымызды қадағалап отырмыз

Жұлдыз БАХРАДИНОВА,

Ж.Тәшенов атындағы №68 орта мектептің

бастауыш сынып мұғалімі.

Әлемді шарлаған індетке байланысты біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі күні санитарлық сақтық шаралары күшейтіліп, әсіресе жеке бас гигиенасына қатаң мән беру қажеттілігі айтылып жатыр. Осыған байланысты көпшілік жұмыс орындары онлайн режимде жұмыс жасауға көшті. Мектептерде оқушылар ертерек көктемгі каникулға жіберілді.

Білім саласында отыз жылға жуық еңбек етіп келемін. Өткен оқу жылында түлектерімді ортаңғы сыныпқа шығарып салып, биыл мектеп табалдырығын аттаған 26 оқушыны жаңартылған білім бағдарламасы негізінде оқытып жатырмын. Олар бірінші сыныпта оқитындықтан, демалыста оқушыларымның оқу, жазу дағдыларын дамыту мақсатында үйге тапсырмалар бергенмін. Қазір әрбір оқушының ата-анасымен байланысқа шығып, берілген тапсырмаларды орындауға ден қою қажеттігін ескертіп жатырмын. Оның үстіне төрт пәннен тоқсандық жиынтық бағалау алынып, қорытындысын шығардық.

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты алдағы уақытта балаларды қашықтықтан оқыту мүмкіндігі де айтылып жатыр. Сондықтан қазір біз осы мәселеге алдын ала дайын болуымыз керек. Сол үшін қалалық білім бөлімінен арнайы тапсырма да түсті. Яғни балалардың үй жағдайында интернет мүмкіндігіне қолжетімділігін, ноутбук, планшет, компьютер құрылғыларының бар-жоғын анықтау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Үйде отырып жасаған осындай жұмыстарымның қорытындысы бойынша, сыныптағы 12 баланың «Қазақтелеком» кәсіпорнының интернет желісін пайдалануына, ал қалғандарының смартфон арқылы мобильді қосымшамен онлайн негізде сабақ оқуға мүмкіндігі барын білдім.

Сол сияқты көктемгі каникул кезінде оқушыларымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, оның үстіне Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын карантинге жабуға байланысты олардың қайда демалып жатқанын да анықтап, мәліметтерді басшылыққа жолдап отырмыз.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button