Жаңалықтар

Криминалды қолма-қол ақша: былтыр Ақтөбе банктерінен 2 миллиард теңге шешілген

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінде «Екінші деңгейлі банктердің Ақтөбе филиалдарында заңды тұлғаларға қолма-қол ақша шешілуін төмендету тезистері» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Ұлттық банктің облыстық филиалының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.  

Мамандардың айтуынша, жыл сайын криминалды қолма-қол ақша шешу деңгейінің өсім тенденциясы байқалады. Экономикалық тергеу қызметіндегі ең басты тапсырма — көлеңкелі экономикаға қарсы күресу. Ал бұл көлеңкелі экономиканың дамуына жағдай жасалудың белгісі саналады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, егер 2018 жылы қолма-қол шешілген ақша көлемі  117,6 млрд теңгені құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш — 131,06 млрд теңге. Өсім — 12 пайыз.

Жүргізілген мониторингке сәйкес, былтыр Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 216-бабы бойынша (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот фактура жазу бойынша әрекет жасау) барлығы 9 қылмыстық іс тіркелсе, биыл өткен 2 айда осы бап бойынша тіркелген қылмыстық істер саны — жетеу. Мамандардың түсіндіруі бойынша, бұл  аумақта қолма-қол ақша шешілуінің көбеюін байқатады.

Бүгінгі күні елімізде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, яғни жылыстату аясында 8 халықаралық конвенция ратификацияланған, 20-дан астам ішкі нормативтік-құқықтық актілер бар. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес, банк операцияны күдікті ретінде танып, іс жүргізілгенге дейін Қаржы мониторинг комитетіне хабардар етуге міндетті. Сондай-ақ банк клиентпен іс-әрекеттерін қысқартуға немесе тексеру нәтижелері шыққанша тоқтата тұруға құқылы. Былтыр Ақтөбе банктерінен 2 миллиард теңгеден астам соманың  криминалды қолма-қол ақша түрінде шешілу дерегі тіркелді, — деді Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Артур Хайрутдинов.  

Мамандардың айтуынша, экономикасы дамыған елдерде криминалды қолма-қол ақшаның шешілуі банк жағынан қатаң бақылауға алынған. Кездесу барысында банктер тарапынан ақша аударымы және қолма-қол ақша шешілуін нәтижелі бақылауды ұйымдастыру мәселесі айтылды. Осыған байланысты  экономикалық тергеу департаменті мамандары кездесу барысында екінші деңгейлі банк директорларына колма-қол ақша шешілуінің көбеюінің себептері турасында айтып, тақырыпқа байланысты бірқатар мәселелер талқыланды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button