Мереке

100 жастан асқан әжелер

Бұлар — балалық, жастық шақтары ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңіне тап келіп, аштық, қуғын-сүргін, соғыс жылдарының бар ауыртпашылығын көріп өскен ұрпақ. Аудандармен хабарласқанымызда, жастары 100-ден асқан әжелер бірлі-жарым ғана екен. Төменде туған мекендерінде қара шаңырақтың сәні болып отырған, немерелерін үйлендіріп, шөбересінің қолынан күнде су ішетін бірқатар ақ жаулықты әжелеріміз туралы айтпақшымыз.

Зайда әже

Қандыағаш қаласында тұратын Зайда Басығарина 1920 жылдың қаңтарында қазіргі Мұғалжар ауданының Ащысай деген ауылында дүниеге келген. Қандыағаш қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын қызы Әлия апайдың айтуынша, анасы жас кезінде көп қиындық көрген. Колхоздастыру жылдарында әкесі ерте қайтыс болып, үй тірлігінің бәрі Зайда әжейге түскен. Ол Ащысайдағы 4 кластық мектепті тәмамдаған бойы колхоздың қара жұмысына араласып кеткен. Қара жұмыстың бар ауыртпашылығын көтере жүріп, өзінен кейінгі бауырларының бәрін жеткізген. Соғыс жылдарында мал бағып, шөп шауып, колхоздың қара жұмысынан қатып-піскен Зайда әже — қазірде тыл ардагері.
1945 жылы соғыстан оралған 35 жастағы майдангер Боқан Басығаринге тұрмысқа шығып, өмірге екі қыз, бір ұл әкелген. Басығарин Боқан 1989 жылы қайтыс болған. Зайда әже ауыл мектебінде еден жуушы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. 1946 жылы дүниеге келген үлкен қызы Дәния қазір Алматыда тұрады. 1951 жылы туған Ерсайыны осыдан жеті жыл бұрын өмірден озған. Бүгінде анасын бағып-қағып отырған Әлия апай да 60 жасты орталаған. Оның айтуынша, анасы — өте ақжарқын, кеңпейілді, қиындықтарға сабырмен, төзіммен қарайтын жан. «Адамдарға көп жақсылық істегенін бұрынырақта ауыл адамдары айтып отыратын. Ол — біздің ақылшымыз, немерелері мен шөберелерінің сүйікті әжесі», – дейді Әлия апай. Зайда әженің 8 немересі, 15 шөбересі бар. Алтынай есімді немересі Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, профессор. Немересі Айбек, генерал, ҚР Қорғаныс министрлігінде жұмыс істейді. Теміржолшы, мұнайшы болып жұмыс істейтін немерелері де бар.

Қанша әже

Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылдық округіне қарасты Жарөткел ауылында тұратын Қанша Әділова 8 наурызда 100-ге толады.

Ол 1920 жылы бұрынғы Қарабұтақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Қанша әже жастайынан өз қатарластары тәрізді колхоздың барлық жұмысына араласып, қой баққан, шөп шапқан, сауыншы болып жұмыс істеген. 1948 жылдың 28 шілдесінде соғыстан оралған майдангер Сүлеймен Әділовпен отау құрған соң Жарөткелде тұрып, отағасы екеуі екі бала тәрбиелеп өсірген.
Қанша әже ұзақ жылдар бойы Жарөткел ауылындағы сүт фермасында сүт қабылдаушы, кейіннен пошта тасушы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке 1970 жылы шыққан. Бүгінде 58 жастағы үлкен қызы Зәру отбасымен Ақтөбе қаласында тұрады. Қанша әже қазір ұлы Қайрат пен келіні Сәуленің қолында. Әжей екі баласынан төрт немере, бір шөбере сүйіп отыр.
Жарөткел негізгі мектебінде директордың шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейтін келіні Сәуле енесімен 20 жылға жуық бірге тұрып келеді. Келінінің айтуынша, енесі көп сөйлемейтін, кісі сыртынан сөз айтпайтын, қанағатшыл адам. Күш-қуаты бар кезде үйдің шаруасын өзі істей беретін, көп қимылдайтын болыпты. «Әлі күнге дейін балаларына салмақ салмайды», — дейді келіні.

Тұраш әже

Байғанин ауданы Оймауыт ауылында тұратын Тұраш Құдайқұлова 1920 жылдың қаңтарында Шұбарқұдықта ауқатты отбасында дүниеге келген. Қуғын-сүргін жылдары осы әулет атақонысты тастап, Қарақалпақстанға көшіп кетеді. Тұраш әже сол жақта жеті кластық білім алған.
Мектеп бітірген бойы Қарақалпақ жерінде ата-анасыз, панасыз қалған жетім балаларды интернатқа тіркеу жұмысымен шұғылданады. Жетім балаларға тамақ, киім үлестіретін топтың да мүшесі болған. Соғыс басталғанда, рельс жөндеу жұмыстарымен айналысса, кешкілік қой жүнінен, ешкі түбітінен соғыстағы жауынгерлерге қолғап, шұлық тоқиды.

1944 жылы Доңызтау өңірінің азаматы Құдайқұлов Жантаймен отбасын құрып, олар 1947 жылы Байғанин ауданына көшіп келеді. Тұраш Құдайқұлова мұнда да колхоз жұмысына белсене араласып, екпінді еңбегімен танылған. Колхоздар ірілендірілгенде, «Жамбыл» атындағы колхозда сауыншы болып, кейін «Оймауыт» совхозы құрылғанда қара жұмысқа араласқан. Жантай ақсақал екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірген. Тұраш әже 1970 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1974 жылы отағасы өмірден өткен соң әже қайтадан еңбекке араласып, балаларына жоғары білім алып береді.
Қазір Тұраш әженің үлкен қызы Рыскүл — 75 жаста, Оймауыт ауылында тұрады. Одан кейінгі балалары Садмұрат, Баян — Ақтөбе қаласында, қыздары Жаңылсын, Мейрамгүл Қарауылкелді ауылында тұрады. Бәрі де отбасылы. Өткен жылы өмірден өткен Жаңылсын қызынан 6 жиені бар. Бұлардан кейінгі ұлдары — Алтай, Төлеген. Бүгінде Тұраш әженің 23 немересі, 61 шөбересі, 8 шөпшегі бар.
Қазір Тұраш әже ұлы Төлегеннің отбасымен бірге Оймауытта тұрады. Көзі жақсы көреді, әлі тың әже құрақ құрап, ою ояды. Немересі Амангелдінің балаларына, яғни шөберелеріне ескінің есті әңгімелерін, ертегі айтып отырады. Оймауыт ауылдық округінің әкімшілігінде жұмыс істейтін немере келіні Айымгүлге де қолғабысын тигізеді. Айымгүлдің айтуынша, әжесі бір жарым жастағы шөбересі Аружанды қыс бойы қасынан тастамай, бағып беріпті. «Бос отырсам, басым ауырады» дейтін Тұраш әже қыс бойы жүн түтіп, немерелеріне шұлық тоқып, құрақ құрайды. Сөйтіп, қыс бойы бойжеткен немерелерінің жасауын өз қолымен дайындайды екен.
Тұраш Құдайқұлова «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ол — «Алтын алқа» медалінің иесі.

Әзірлеген Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button