Пікір

Менің туған елім…

Полина САВИЦКАЯ, «Шалом» еврей этномәдени орталығының төрайымы:

— «Сталинге сыйлық» аталатын фильм бар, осы фильмде қазақ халқының дархандығы, қазақ жеріне өткен ғасырдың 40-жылдарында қуғын-сүргінге ұшырап келген халықтардың тағдыры шынайы баяндалады. Қуғынға ұшыраған адамдар тиелген, сап-салқын вагонда аш келе жатқан Саша есімді еврей баласының тағдыры өте аянышты… Ол әке-шешесінің атылып, қаза болғанын білмейді, әйтеуір бір көремін деп үміттенеді. Ал қасындағы кәрі атасы өліп қалған. Сашаны да өлдіге санап, өлген адамдармен бірге айдаладағы шағын стансадан түсіріп кетеді. Оны Қасым есімді мейірімді қазақ ақсақалы асырап алып, дәрігерге, емшіге қаратып, өзі күндіз-түні дұға оқи жүріп, аман алып қалады…

Бұл — тек Сашаның емес, сол кездегі мыңдаған адамдардың тағдыры. Қазақ халқының мейірімі мен кеңпейілділігі мыңдаған адамдарды ажалдан аман сақтап қалды, мұны ешқашан ұмытуға болмайды.

Ұлы Отан соғысы кезінде менің атам мен әжем Украинадан жау әскері иек астына келіп тұрған сәтте, қашып шығып үлгерген. Атам кері майданға аттанған. Ал әжем Қазақстанға келіп, балаларын осы жерде өсіріп-жетілдірді. Мен өзім Қазақстанда тудым. Туған елім мен үшін — әлемдегі ең ыстық мекен. Қазақ елі бейбітшілік пен бауырмалдықтың ұясы болып мәңгі жасай бергей!

Басқа жаңалықтар

Back to top button