Пікір

«Қазақ халқына қарыздармыз…»

Валентина АРЫСТАНОВА,

дәрігер

Ақтөбе қаласы:

Қазақ халқына елімізде тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлыстың әр өкілі бас иіп, ризашылығын білдіруі керек. Өйткені, ел басына күн туған кешегі қилы кезеңде бірнеше ұлттың өкілдері  қазақ жерін паналады. Сол бір ауыр күндері ашық қабақ танытып, кең құшағын жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліскен қазақ халқы қандай құрметке де лайық. Бүгінде сан қиырдан үлкен қиындықты өткеріп жеткен сол ұлттардың өкілдері қасиетті қазақ топырағында ұрпақтарын өсіріп, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Кеңпейіл, дархан көңіл, қонақжай, мейірімді қазақ халқының қамқорлығы, қолдауымен осы күнге жеттік. Әкем мен анам қазақ халқына құрмет көрсетуіміз керектігін бала жастан құлағымызға құйып өсірді. Расында, біз қазақ халқына қарыздармыз.

Менің әкем мен анам да сол бір қиын-қыстау заманда қазақ жерін паналады. Олар 1937 жылы Қиыр Шығыстан Ақтөбе облысының сол кездегі Қарабұтақ ауданына қоныс аударған болатын. Қолдарында құндақтаулы нәрестесі бар жас отбасы бастапқыда қазақ отбасын паналапты. Әкем мен анама төрінен орын беріп, ыстық ықылас көрсетіп, демеу болған сол кісілер көпбалалы отбасы екен. Соған қарамастан туған бауырларындай жанашыр болып, кеңпейілділік, жомарттық танытқан. Үйлерінде паналатып қана қоймай, жас отбасының аяғынан тұруына көп септігі тиген. Кейін әкем мен анам бөлек шаңыраққа көшкенде де, ол кісілермен туысқандарындай жақын араласыпты.

Отбасында 8 ағайын едік. Өкінішке қарай, біреуі Қиыр Шығыста жүргенде көз жұмыпты. Үлкен бауырым ата-анаммен бірге Қазақстанға қоныс аударғанын әлгінде айттым. Қалған алтауымыз осы қазақ жерінде дүниеге келдік. Қазақстан — менің Отаным. Ақтөбе — менің туған жерім. Мұны мен үлкен мақтанышпен айтамын.

Алғыс айту күні — достық пен татулықтың жарқын мерекесі. Әрдайым қазақ жерінде бейбітшілік болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button