Пікір

Болашағымды қазақтармен байланыстырамын

Анастасия ЕВСЕЕВА, «Ақтөбе» телеарнасының ақпараттар бөлімінің редакторы:

— Осыдан сегіз жыл бұрын Қазақстанға жұмыс бабымен келдім. Осында алғашқы еңбек жолымды бастадым. Бүгінде Ақтөбе шаһарында тұрамын. Мұнда өзімнің екінші отбасымдай болып кеткен ұжымым бар.

Ұлтым якут болғанымен, Ресейде тудым, өстім. Санкт-Петербург қаласында жоғары білім алдым. Қазір ата-анам, бауырларым сонда тұрады. Бір кездері отбасымызбен Якутияда да тұрдық.

Қазақстанға келген алғашқы жылдарымда ислам дінін қабылдап, қазақ тілін үйренуді алдыма мақсат еттім. Әлі де тіл үйреніп жатырмын. Қызым Райананы балабақшаның қазақ тобына бердім, ол да өзім сияқты қазақ тілін жақсы меңгеріп алды.

Шынымды айтсам, қазақ елінде менің бірде-бір туысым жоқ. Бірақ маған қазақтардың қонақжайлылығы қатты ұнайды. Бұл — қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет. Якуттар мен қазақтардың ас дайындау ісінде көптеген ұқсастықтар бар. Бізде де бауырсаққа ұқсас оладьи пісіріледі. Мен әр аптаның жұма күні жеті шелпек пісіріп, таратуды әдетке айналдырдым. Сол сияқты қазақтардың ұлттық сусыны саналатын қымызды да якуттар сүйсініп ішеді.

Мен өзімнің болашағымды қазақтармен, қазақ елімен байланыстырамын. Ең бастысы — қазақтардың арасында тұрып жатқанымды мақтан етемін. Көпұлтты Қазақ елі мені өгейсітпей, бауырына тартқаны үшін алғысым шексіз.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button