Пікір

Бақытты балалық шағым үшін рақмет!

Анюта ТРЕГУБ,

М.Оспанов атындағы медицина университетінің студенті.

— Алғыс айту күні — татулығы мен бірлігі жарасып, бірнеше ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына тоғыстырған қазақ елі үшін айтулы мереке.

Ұлтым украин болғанымен, мен өзімді нағыз Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы санаймын. 1999 жылы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келдім. Балдәурен балалық шағым қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өтті.

Елге, жерге, тілге деген құрмет балаға алдымен отбасында беріледі. Менің ата-анам үнемі қазақ елінде тұрып жатқандықтан, әрбір азамат қазақ тілінде сөйлей білуі керек екендігін айтып отырады.  Үйдегі үлкендердің шешімімен ауылдағы қазақ мектебін бітіріп, бүгінгі таңда Марат Оспанов атындағы медицина университетінің қазақ бөлімінде оқып жатырмын.

Тәуелсіз Қазақстан үшін ауызбіршілік пен достықтың маңызы зор. Бірлік — біздің басты байлығымыз. Сондықтан ата-бабаларымыз бастаған сол ең басты құндылығымызды жоғалтып алмай, жалғастырғанымыз жөн.

Бізге бақытты балалық шақ, тәрбие мен білім берген, қиын сәтте қасымыздан табылып демеу болып, қуанған сәтте қуанышымызды еселеп бөлісетін қазақ халқына алғыс айтсақ қандай жарасымды?!

Алғыс айту күнінде Қазақстан Республикасында тұрып жатқан әрбір шаңыраққа бақ-дәулет, бақыт, береке-ырыс тілеймін! Мың Алғыс саған, Қазақ елі!

Басқа жаңалықтар

Back to top button