Мәдениет

Мәңгілік елдің қос алыбы

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Ғасырлар ғұламасы» атты әдеби-музыкалық кеш арқылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына орай облыс орталығында жыл бойы өткізілетін шараларға бастау берілді.

Осы шараға орай Мәдениет үйінің фойесі қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұжымы әзірлеген «Әл-Фараби — ұлы ғұлама», «Абай әлемі» көрмелері және «Абай ауылымен» безендіріліпті. Абай ауылы — Абай заманында қазақтардың күнделікті тұрмыста пайдаланған бұйымдары қойылып, ортадағы дастарқанды айналдыра әдемі құрақ көрпелер төселген бұрыш. «Бұл жерде Абай шығармалары оқылып, талқыланады, үлкендер жастарға бата береді», — деді бізге қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Құралай Райымбаева.

Шараның өзі, негізінен, қалалық өнер ұжымдары, ақтөбелік артистердің концерті түрінде өтті. Абайдың әндері және оның сөзіне жазылған әндер, А. Жұбанов пен Л. Хамиди жазған Абай операсынан үзінділер орындалды, сондай-ақ әл-Фараби трактаттарынан үзінділер оқылды. Концертте «Ақтөбе», «Сұңқар» вокалды ансамблдері, халықтық «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Серпер» жастар хоры және Өркен Сағиев, Нұртас Омаров, Зухра Төлемісова сынды әншілер, т.б. өнер көрсетті.

Сондай-ақ шараға композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқова арнайы шақырылыпты.

Шара соңында қала әкімі Мавр Абдуллин сөз сөйлеп, ұлы тұлғалар мерейтойына арналған іс-шаралар тізімімен толтырылатын альбомды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне табыстады. Бұл бастаманы әрі қарай оқу орындары, кәсіпорындар, т.б. жалғастыратын болады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойлар барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғалар еңбектерін халық арасында дәріптеуді басты назарда ұстауға тапсырма берген еді. Ғұламалардың өмір жолы мен еңбектерін насихаттау арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейтін шаралар көбірек ұйымдастырылуы керек. Ақтөбе жұрты адамзаттың рухани дамуында із қалдырған данышпан тұлғалардың мұрасын өз деңгейінде өнеге етеді деп сенемін, — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button