Денсаулық

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Брифинг

Облыста жұқпалы аурулардың алдын алу, екпенің маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған істің нәтижесінде 843 бала екпе алады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаева осы және өзге де мәселелерді айтты.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдары қызметінің негізгі жұмысы —  халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, облыс аумағында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, қоғамдық денсаулық сақтау, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау т.б.

Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда А вирустық гепатиті бойынша 17 жағдай тіркеліп, ауру 4 есеге азайды. Менингококтық инфекция ауруының төмендегені байқалды. Аймақта аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша да жұмыстар тиянақты жүріп жатыр. Облыста коронавирустан сақтану шараларына ерекше мән берілуде. Арнайы штаб құрылды. Қажетті дәрі-дәрмек, өзге де медициналық бұйымдардың қоры жасақталды. Аймақта бұл індетті жұқтырған адам тіркелген жоқ. Шекара бекеттерінде сырт елден келген азаматтардың барлығы тексеріледі, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сондай-ақ  басқарма басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жұмыстарына тоқталды. Өткен жылы 3364 өнім сынамалары алынып,  зерттелген. Оның ішінде   379-ы  талапқа сәйкес келмеген.

—  Тағам өнімдерінен 2430 сынама алынып, зерттелді.  Оның ішінде 287 сынама техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді. Кейбір тағам өнімдерінің сыртында  өнім туралы мәліметтер мен тұтыну мерзімі дұрыс жазылмаған, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. Әсіресе, құс еті, балық, ет өнімдерінде осындай талаптар сақталмаған, — деді департамент басшысы.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 111 ескерту берілген.  Мамандар құқық қорғау органдарына медициналық қызметтерді сапасыз көрсету, кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау бойынша жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен мемлекеттік органдардың хаттары негізінде жүргізілген тексеру нәтижелері туралы 12 акті жіберген.

Өткен жылы облыс бойынша 2917 объектіні ерекше тәртіппен тексеру жоспарланып, оның ішінде 1835-і тексерілген. Тексеру кезінде санитарлық талапты бұзғандарға  104 575 400 теңге көлемінде айыппұл салынса, сот-тергеу органдарына 126 іс жіберілген. Ал 270 адам уақытша жұмыстан шеттетілген.  Сондай-ақ талапты бұзған 5 объектінің қызметі тоқтатылыпты.

Нұрсұлу Беркімбаева осы және өзге де мәселелерге тоқталды. Жиын соңында журналистер сұрақ қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button