Экономика

Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы

Асимбетова Перизат Шакаримовна – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының директоры.                 

Перизат Шакаримовна, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы айтып берсеңіз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 265 қаулысымен Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.             Қоғаммен, бизнес-қоғамдастықпен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірнеше раунд пікірталастар өтті. Жоба «Ашық НҚА» порталында қызу талқыланды және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП-дан ұсыныстар түсті.            Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ұсыныстар мен ескертулердің көпшілігі назарға алынды.

Қазақстанда айырбастау пункттерінің режимі неге өзгерді?           

Жұмыс кестесін өзгерту айырбастау пункттері мен олардың клиенттерінің қауіпсіздік деңгейін жақсартуға бағытталған. Бұл шара сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта қолма-қол шетел валютасын сату бағамын өсіру  және халық арасында толқулардың негізсіз пайда болу фактілерін жоюға көмектеседі.            Бұл бүкіләлемдік тәжірибе, көптеген елдерде айырбастау пункттері тек күндіз жұмыс істейді, мәселен, Италия, БАӘ, Польша, Грузия, Тайланд және басқалар.            Банктік емес айырбастау пункттерінің көпшілігі 1 ақпаннан бастап 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Туристер немесе шетелге кететіндер ше? Түн ортасында олар қолма-қол ақшаны қайдан ауыстыра алады?           

Әуежайлар, теміржол станциялары және мемлекеттік шекара арқылы автомобильді өткізу пункттері арқылы республикаға кіретін/кететін адамдарға қолайлы болу үшін, айырбастау пункттерінің жұмыс уақыты шектелмейді – айырбастау пункттері тәулік бойы жұмыс істейді, ал бірінші санаттағы ірі сауда орталықтарында – сағ. 22.00-ге дейін.   Жұмыс режимін өзгерту қолма-қол шетел валютасымен, айырбастау бағамдарымен және спрэдтермен операцияларды шектемейді.

Валютаны айырбастау кезінде құжаттар не үшін қажет?

Деректерді жинау жеңілдетілген түрде өтеді. Егер операциялардың сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, клиент жеке басын куәландыратын құжатты ғана ұсынады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын халықаралық тәжірибе. Бұл шаралар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы бағытталған.            Клиентке қандай-да бір нысанды толтырудың және оған уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Айырбастау пункттерінің иелері бұл процесті автоматтандырып,  азаматтың электронды жеке куәлігінің чипінен ақпаратты оқуға арналған құралдарды сатып ала алады. Бұл кәсіпкердің өз қалауы.             

Кассирлер 500 мың теңгеден асатын сомаға валютаайырбастау кезінде тіркеу мекенжайын не үшін сұрайды? Мекенжай туралы анықтама керек пе?

Бұл жаңа норма емес. Ол 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. 500 мың теңгеден асатын сомада ақшаны айырбастау кезінде бұған дейін қолданыста болған деректерді жазу тәртібі қолданылады.            Қызметкерлер клиенттің заңды мекенжайын (тіркеу орны) сұрайды. Мекенжай анықтамасын ұсынудың қажеті жоқ. Ұсынылған деректердің дұрыстығына клиент өзі жауап береді.

Қазақстандықтардың жеке деректерімен не болады?

Клиенттер туралы мәліметтер айырбастау пункттерінің тізілімдер журналында электронды түрде тіркеледі және қаржы мониторингі органдарының қызметінің заңдылығын тексеру үшін, жеке тұлғалар бойынша ақпарат сұрататын жағдайларын қоспағанда, басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button