Денсаулық

Мектеп асханасы санитарлық талапқа сай ма?

Тексеріс

Бала денсаулығын нығайтудың бір жолы —  мектепте тамақтануды дұрыс ұйымдастыру. Оқушыларды тамақтандыру жұмысы барлық санитарлық талапқа сай болуы керек.

Өткен жылы 166 мектептің ас дайындайтын бөлмесінен ерекше тәртіп бойынша зертханалық сынамалар алынып, тексерілген. Облыс бойынша тамақ өнімінен алынған 415 сынама микробиологиялық көрсеткіш бойынша зерттелсе, оның ішінде 30 сынамадан ішек таяқшасы анықталған. Сондай-ақ дайын тағамдарды құнарлылыққа зерттеуге 553 сынама алынған. Оның 19-ы талапқа сай келмепті. Ал тексерілген 2010 шайындының 218-і санитарлық талапқа  сәйкес емес.

— Тексеру кезінде тағамның дайындалу технологиясы бұзылған және бекітілген мәзірге сәйкес дайындалмаған. Кейбір білім беру орындарында тоңазытқыш пен өзге де технологиялық жабдықтардың тозығы жеткен. Ас дайындайтын бөлмеде желдеткіштер жұмыс жасамайды.  Осындай кемшіліктер анықталды. Санитарлық талапты бұзған жауапты азаматтарға  1 262 500 теңге көлемінде  50 айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған 44 заңбұзушылықты жою жөнінде ескерту  берілді. Оның ішінде  41-і орындалды. Қазір қалған азаматтар кемшіліктерді көрсетілген мерзімге дейін түзетуі керек, — дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті балалар мен жасөспірімдер арасында инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Нұргүл Өтешова.

Мамандар ас даярлайтын бөлмелердің талапқа сай келмеуі түрлі инфекциялық аурулардың өршуіне әкеліп соғатынын, бала денсаулығына зиянын тигізетінін айтады. Сондықтан білім беру ұйымдары бұл мәселеде жауапсыздық танытпауы тиіс.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button