Әкімдер есебі

Енді Қандыағаш-Ақтөбе бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары басталады

Осы аптада Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шерияздановтың есепті кездесуі Жұрын, Талдысай, Еңбек ауылдық округтерінде және Қандыағаш қаласында өтті.

Аудан басшысы биыл Жұрын ауылын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізу, Қ.Жұбанов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, Желтоқсан және С.Бәтпенов көшелерін асфальттау сынды маңызы бар мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетіндігін жеткізді. ⠀

Жұрын ауылдық округінің әкімі Рамазан Үргенішбаевтың халық алдындағы есебінен соң ауыл тұрғындары Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің жылу қазандықтарын ауыстыру, жайылымдық жерлердің тарлығы, қоқыс мəселесін шешу сынды сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Ал Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Аққайыр өз есебінде әуелі өткен жылды қорытындылап, алға қойған мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.

Аудан әкімі А.Шериязданов Талдысайда 100 орындық мектепті салу жөнінде облыстық білім басқармасы мен министрлікпен жұмыстар жасалып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, суармалы жер көлемін арттыру, Шұбар-Аласай бөгетін жөндеу, медициналық пунктті интернет жүйесімен қамтамасыз ету туралы мәселелер көтерілді.

Одан әрі аудан басшысы А.Шерияздановтың есебі Сағашиліде жалғасты. ⠀

Бұл ауылда аудан әкімі Темір көпір бекетіне жаңа мектеп салу, күзде газ кірген Басшилі мен Сағашиліге кіреберіс жолды жөндеу жоспарланып отырғандығын, 3 мың қойды бордақылау алаңы салынатынын жеткізді. Қандыағаштан Сағашилі үстімен өтетін 60 шақырымдық жол биыл аяқталып, Достық шағын ауданындағы газ осы жылдың қаңтар айында берілетіндігін және Темір өзенінің үстінен екі ауылды қосатын шағын көпір салынатындығын атап кетті. Сосын Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Ауыл тұрғындары қоқыс полигоны, жүн-тері қабылдау пункті, бұлақтардың жағдайы туралы мәселелер көтерілді.

Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде өткен есепті кездесуде аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, осы күнге дейін жеке сұрақтары бойынша 944 тұрғынды қабылдағанын, оның 65 пайызы үй мəселесіне қатысты екенін жеткізді. Қандыағаш қаласы бойынша 1310 адам үй кезегінде тұрғанын жəне 131 тұрғынға пəтер кілттері табысталғанын айтты. Сонымен қатар, енді Қандыағаш-Ақтөбе бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары басталатынын, «Самал» шағын ауданына 600 орындық жаңа мектеп салу бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетіндігін жеткізді. Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап берді.

А.БАЛЖАНАЙ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button