Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Қала көшелеріне құм мен тұз себілді

Көктайғақ

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов пен Ақтөбе гидрометерология орталығының бөлім басшысы Айгүл Саимова ауа райындағы өзгерістер, көктайғаққа байланысты қалада атқарылып жатқан шаралар турасында баспасөз мәслихатын өткізді.

Ақтөбеде 26 желтоқсаннан 27 желтоқсанға қараған түні ауа температурасы көтеріліп, жауын-шашын түсті. Содан соң ауа райы күрт салқындап, нәтижесінде көктайғақ болды.

Ауа райының құбылуына байланысты қалада көктайғақ болып, соның салдарынан көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін жол тазарту жұмыстарына жауапты мердігер компаниялар шұғыл жұмыс жасауға кірісті. Атап айтсақ, түнгі мезгілде мердігер компаниялар негізгі маршруттық бағыттар мен жол өткелдерін, яғни көпірлердің үстіне инертті материалдар себуге кірісті.  Жолдарға 70 тонна тұз араластырылған құм мен 40 тонна таза құм себілді. Сол сияқты біздің мердігер ұйымдар жаяу жүргіншілер жолдарына да осындай бағытта жұмыстар жүргізді, — деді Н.Досов.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында  қыс мезгілінде жолды сақтау, жол  тазарту жұмыстарымен 10 мердігер ұйым айналысады. Олардың тазарту аймақтарының  көлемі — 600 шақырымдық жол. Жиыстыратын аумақтың көлемі — 5,3 миллион шаршы метр.  Мұндай ұйымдар кешкілік уақытта қала көшелерінде механикаландыру әдісімен тазарту жұмыстарын жүргізсе, күндіз көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін жиектастардың бойына үйілген қарды шығарумен айналысады. Оның айтуынша, жергілікті әкімдік қалада көктайғақ болған кезде, оның алдын алуға қатысты барлық шараларға қамданған. Ол үшін  инертті материалдар қоры бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button