Пікір

Экономикалық серпіліс — дамудың негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық кеңес отырысына облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қатыстым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жыл бойы  атқарылған  жұмыстар жан-жақты талқыланды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарға қатысты алғашқы нәтижелер де айтылмай қалмады. Сол сияқты келер жылға атқарылатын шаруалар, оның ішінде тез арада шешім қабылданатын мәселелер қозғалды.

Біріншіден, бұл кеңестің өтуі өте маңызды болды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарғанын, қызу талқыланып, пікірталас туғызған көптеген ұсыныстар мен бастамалардың ескерілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Кеңестің басты мақсаты еліміздегі экономикалық және саяси мәселелер бойынша жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шаралар әзірлеу екенін де айтты.

Кеңес отырысына әрбір саланың министрлерімен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңес мүшелері де қатысты.

Ұлттық кеңес отырысын негізгі 3 блокқа бөліп қарауға болады. Біріншісі — әлеуметтік, екіншісі — экономикалық, үшіншісі — саяси блок. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік реформалар туралы айта келіп, көпбалалы  отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын тілге тиек етті. Отырыста Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін айтты. Бұл орайда мүмкіндігі шектеулі адамдар да назардан тыс қалмайтыны айтылды.

Тағы бір жаңалық — еліміздің экономикасында жақсы бір серпіліс болғалы тұр. Өйткені Ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, жерді тиімді пайдалануда бақылауды күшейтудің басқа да шараларын қолға алу қажеттігін айтты. Президент: «Игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыруды ұсынамын. Бұдан бөлек игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қажет», — деді. Президенттің бұл тапсырмасы  өз кезегінде шаруашылықтардың кедергісіз жұмыс жүргізуіне, сол арқылы ел экономикасын көтеруге өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси жүйені реформалау саласына да маңызды қадам жасады. Президенттің пікірінше, заңды және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын әрі рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керек.

Ұлттық кеңес отырысын қорытындылаған сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен халықтың үйлесімді диалогы арқылы кез келген қиындықты жеңуге болатынын жеткізді.

Бағлан БАЙМАҒАНБЕТОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button