Пікір

Жаңа дәуірдегі жаңашылдықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзі еліміздегі ең өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған қадамдардың бірі болды. Ел Президенті еліміздегі экономикалық және саяси мәселелер бойынша жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шаралар әзірлеу керектігін атап өтті.

Мені еліміздің азаматы ретінде шетелден жұмыс күшін тартуға қатысты заң нормаларының өзгеретіндігі қуантып тастады. Яғни келер жылдан бастап өзге елден келетін жұмыс күшіне берілетін квота көлемі айтарлықтай қысқарып, оларға жұмыс беріп отырған мекемелер тұрақты түрде тексеріліп отыратын болады. Бұл дегеніміз — өз еліміздің азаматтарының тұрақты жұмыспен қамтылуы үшін зор мүмкіндік деп білемін.

Көпбалалы отбасылар мен жастар мәселесі Мемлекет басшысының назарынан еш қалған емес. Бұл жолғы сөзінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің алдына көпбалалы отбасыларды ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Енді жағдайы төмен отбасылардың мектеп жасындағы балалары азық-түлікпен, ең қажетті құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. Сонымен қатар мектепте тегін тамақтанып, қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Ал елімізде саяси партия құру үшін тіркеу кедергілерін азайту керектігін айтқан Мемлекет басшысы  жаңа саяси жағдайда азаматтардың талап-тілектеріне лайықты үн қатуымыз қажеттігін атап өтті.

Партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайту, Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Ал партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастырылуы керектігін бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Nur Otan партиясының облыстық филиалдарының өкілдерімен кездесуі кезінде айтқан болатын. Расымен де біздің елде әйелдердің саясатқа, әсіресе заң шығару процесіне белсенді қатысуын ынталандырып, ал жастардың Парламентке және жергілікті органдарға кіруін жеңілдету керек.

Асылжан БҮРКІТАЛИН,

«Жас Отан» жастар қанатының

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button