Жаңалықтар

Музей экспонаттары сандық жүйеге көшіріліп жатыр

Мемлекеттік бағдарлама

Еліміздің заман талабына сай дамып, өркендеген елдердің санатына жетуі — тәуелсіз Қазақстанның басты мақсаты. Бұл бағытта елімізде бірқатар игі істер атқарылып жатыр. Соның бір көрінісі, айғағы  — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы.

Еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:  «Цифрландыру — Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді өнім өндіруді арттыру, міне, осы мақсат», — деп  цифрландырудың маңызын түсіндіріп берген еді.

Бүгінгі таңда елімізде қоғамның барлық саласын цифрландыру маңызды міндет. Бұл жолы облыстық тарихи-өлкетану музейінде цифрландыру бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқанын білген едік. Сонымен…

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы жәдігерлердің 2000-ға жуығы 3D форматына көшірілген. Алдағы уақытта 110 мыңнан астам экспонаттың барлығы цифрландырылуы тиіс.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Арман Ержановтың айтуынша, бұл жұмыстар алдымен жәдігерлерді бір жүйеге келтіруге мүмкіндік берсе, сонымен қатар келушілер еліміздің құнды мұраларын заманауи технологиялардың көмегі арқылы танып біле алады.

Бұдан өзге облыстық музейде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы қасиетті нысандар мен тарихи жәдігерлер 3D форматындағы виртуалды картаға енгізіліп жатыр.

— Цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Torus.kz фирмасынан «Saqtau» бағдарламасын сатып алдық. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар облыс аумағында жатқан киелі нысандар мен қорымдарды 3D форматында сканерлеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Өңір аумағындағы 500-ге жуық объектіге  музей келушілері виртуалды түрде экскурсия жасай алады. Яғни келушілер облыс аумағында жатқан кесененің суретін экраннан іші-сыртын, жоғары жағын жақындатып, алыстатып қарай алады, — дейді Арман Ержанов.

Бұдан өзге еңсесі биік, сәулеті келіскен жаңа музейдің кіреберіс ғимаратында ақпараттық киоскі орнатылған. Бұл жерден келушілердің  қалаған музей залдары туралы мәлімет алып, залдың ішкі көрінісін 360 градуста қарауға мүмкіндігі бар.

— Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта музейдің сайтын жаңарту бағытында атқаратын бірқатар жұмыстар жоспарға енгізілді. Жалпы, цифрландыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың барлығы облыс тұрғындары мен қонақтарына өңірдің тарихын кеңінен білуге мүмкіндік тудырады. Яғни қолындағы ақпараттық технологиялар арқылы олар музейдегі экспонатты толықтай көріп, санаулы минуттардың ішінде оның мазмұнымен таныса алады, — дейді Арман Ержанов.

Тоқсан жылдық тарихы бар өңірдің мәдени ошағының жаңа ғимаратқа көшкеніне жақында жыл толды. Музейдің көне ғимараты 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылып, жабылған еді. Ал жаңа ғимарат құрылысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталды. Жалпы құрылысқа 650 миллион теңге қаржы жұмсалған. Құрылыстың бір бөлігін белгілі кәсіпкер, Ақтөбе топырағының перзенті Исламбек Салжанов қаржыландырды.

Ғимараттың жалпы алаңы — 4,3 мың шаршы метр. Мұнда келушілер үшін 10 зал қарастырылған. Жаңадан ашылған залдарға қазба жұмыстары барысында табылған ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі тұрмыстық, шаруашылық және әшекей бұйымдары, ХVI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтер, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар мен өлке тарихына қатысты тың мәліметтер қойылған.

Жалпы музей қорында 110 мыңнан астам жәдігер бар. Бұлар — минерология, палеонтология, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, архив құжаттары, нумизматика, сирек кітаптар, т.б. бойынша құнды топтамалар.

Айта кетейік, 11 шілдеден бастап облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіру келушілердің жас шамасына қарай ақылы болады. Мәселен, ересектер үшін кіру ақысы 400 теңге болса, студенттер мен зейнеткерлер үшін 200 теңге, ал мектеп оқушылары музейге 100 теңге төлеп кіре алады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button