Гендерлік теңдік және отбасы құндылықтары

Отбасы
Отбасы құндылықтарын нығайтуда, гендерлік және отбасы мәселелерін шешуде мемлекеттік қызметшілердің рөлі қандай?
ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өткен іс-шарада осы мәселе талқыланды.
«Гендерлік және отбасылық мәселелерді шешудегі мемлекеттік қызметшілердің рөлі» тақырыбындағы даму сессиясы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткізілді. Оған академияның облыстық филиалында біліктілігін арттыру семинарында жүрген мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде шалғай аудан, ауылдарда еңбек ететін қызметкерлер қатысты.
— Бүгінгі іс-шараның аясында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында белгіленген мақсат-міндеттер, оларды орындау мәселелерін кеңінен талқылау көзделген. Бұл тұрғыда көпшілікпен етене жақын жұмыс жасайтын жергілікті мамандардың пікірі өте маңызды екенін де назарға алып отырмыз, — деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева.
Жиынға сондай-ақ сарапшы ретінде облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті тілдер кафедрасының оқытушысы Жұлдыз Қожабекова, т.б. қатысты.
Іс-шараныҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Саида Сәдуақасова жүргізіп отырды.
Сессия барысында қатысушылар екі топқа бөлініп, бүгінгі ер-азамат және әйел кім, олардың қоғамдағы рөлі, отбасында және қызметтегі ер-азамат пен әйел көшбасшылығының сипаттары, айырмашылықтары, артықшылықтары мен осал тұстары төңірегінде ой-пікірлерін бөлісті. Сондай-ақ түрлі жағдайларда әдіс-тәсілдерді қолдану, мини-жобалар құру, т.б. жайттар талқыланды.
Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар арқылы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, стратегиялық және сыни ойлау, шешім қабылдай білу дағдыларын дамытуды көздейді.
А.САРЫБАЙ.



