Басты жаңалықтарДенсаулық

Оба: сақтықта қорлық жоқ

Жаугершілік заманда ауылға төніп қалған жауды тойтаруға күші болмаса, халық ауылдың сыртына ұзын ағаш қадап, басына қара шүберек байлап қойған. Бұны көргенде айшылық алыс жолды жүріп келген әскер болса да ауылға кірмей, тоқтайтын көрінеді. Себебі қара шүберек ауылдың оба індетіне шалдыққанын білдіреді екен. Ауа арқылы таралатын қоздырғыш аз уақытта бір ауылды жойып жіберетін болған.

XIV ғасырда обаны «қара өлім» деп атаған. Қытайдан басталған дерт Еуропаға жетіп 50 миллион адам көз жұмған. Ал қазір жұртшылық обаны жойылып кеткендей көреді. Ауру жойылған жоқ.  Бұл —  үздіксіз жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесі. Экономикасы әлсіз Африка құрлығындағы елдерде әлі күнге дейін оба аруынан жүздеген адам қырылып жатыр. Мәселен, биыл Мадагаскар елінде 17 адам осы індеттен көз жұмған. Біздің облыста 2017 жылы Шалқар ауданы Алтықұдық ауылының маңында және Ырғыз ауданында жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде ауланған дала кеміргіштерінің денелерінен оба қоздырғышы табылған. Демек, алаңсыз жүруге болмайды.

Ауруға шалдығу қаупі жоғары бес аудан

Біздің облыста обаның табиғи ошақтары, яғни ауруға шалдығу қаупі  жоғары аймаққа кіретін бес аудан бар. Олар — Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Ойыл, Темір.

Оба дерті түрлі кеміргіштер және бүргелер арқылы жұғады. Облыста алғаш оба дерті 1945 жылы Шалқар ауданына іргелес Арал ауданының аймағында «Авань обасы» атымен таралып, 127 адам  көз жұмған. Осыдан кейін 1946 жылы Шалқар ауданында обаға қарсы кішігірім мекеме ашылады. Еліміз егемендік алғаннан кейін бұл мәселе жиі көтеріле бастады. Себебі обаның табиғи ошақтарында ауру жұқтырғандар тіркелді. 1993 жылы Шалқар ауданында далада ойнап жүрген 3 жасар баланы бүрге шағып алып, оба жұқтырады. Нақты диганоз қойылмай бала көз жұмады. Осы оқиғадан кейін, яғни 1994 жылы Ақтөбеде обаға қарсы күрес станциясы ашылды.

— «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, «ауру жоқ» деп алаңсыз жүруге болмайды. Оба 100 пайыз жойылып кеткен жоқ. Әсіресе ауылдық жерлерде дала жұмыстарымен айналысатын малшылар, шөп шабатын адамдар сақтанып жүргені дұрыс. Жыл сайын вакцина алып тұрса артықтық етпейді. Екпе тегін. Жалпы оба емделетін ауру. Тек дәл диагнозын қойып, уақытында қажетті ем жүргізу керек. Ауру қоздырғыштары ауа арқылы тез тарайды және өте белсенді түрде әрекет етеді. Қазіргі технология, медицина дамыған заманымызда кейбір  адамдар  әлі күнге дейін оба дертін таратушылар тізіміне енетін борсық, суыр және балпақты аулап, майын пайдаланады. Осындай кезде де сақтанғаны жөн, — дейді облыстық обаға қарсы күрес станциясының басшысы Жайдар Құрманов.

Станция басшысының сөзін аталған мекемеде қырық жылдан аса еңбек етіп жүрген білікті маман, биолог Мұратбай Алашбайұлы да қостады. Оның айтуынша, алпысыншы жылдары осындай оқиға тіркеліпті:

—1966 жылы Ырғыз бен Торғай өзенінің бойы қалың қамыс. Ішінде ондатр, суыр, борсық, түлкі  секілді терісі бағалы аңдар көп. Ресейден бір топ адам келіп Ырғыз өзенінің бойынан ондатр аулайды. Содан қолдарына түскен борсықты майы ем  деп сояды. Сойған адам ауырады. Шыдағанмен бола ма, адам өлуге қарағасын амал жоқ, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Тексере келе әлгінің борсықтан оба жұқтырғаны анықталады. Осыған ұқсас жағдай 1999 жылы Байғанин ауданының оңтүстігіндегі Матайқұмда тіркелді. Ауыл тұрғындары ауру түйені сойған. Терісін сыпырған адам емес, ішек-қарнын тазалаған екі әйел мен бала оба жұқтырады. Тұрғындар жақын болғасын  Маңғыстау облысының медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Бір айта кететін жәйт, ауырған адамдар дәрігерлерге барып «біз обаға шалдықтық» деп өздері болжам айтады. Науқастар ауруханаға жатқызылып, барлығы аман-сау қалды.

Биыл көршілес Ресейдің Алтай өңірінде 10 жасар бала атасымен бірге суыр аулап, оны сойған кезде қолын кесіп алады. Бірнеше күн өткеннен кейін баланың дене қызуы кенеттен көтеріліп, қолтық асты безінде бубон пайда болып, ауруханаға апарады. Дер кезінде көмек беріліп, бала аман қалған, — деді Мұратбай Алашбайұлы.

Ауру жұқтырған адамның дене қызуы күрт көтеріледі. Қолтық асты бубоны, яғни безі іседі. Дер кезінде көмек көрсетілмесе, адам көп ұзамай көз жұмады.

12 мың тышқан, 100 мың бүрге

Еліміздің тоғыз облысында обаға қарсы қызмет жұмыс жасайды. Кейбір облыстардың аумағы түгелімен қамтылса, біздің өңірдің 41 пайызы ғана қауіпті аймаққа жатады. Жайдар Құрмановтың айтуынша, аталған бес ауданда обаға қарсы станция жұмыс жасайды. Сондай-ақ аудан орталықтарынан бөлек Бозойда, Шұбарқұдықта бөлімшелер бар. Себебі қамтылатын аумақ көлемі үлкен болғандықтан бір ғана бөлімшенің тексеру жұмыстарын толық жүргізуге мүмкіндігі келмейді. Арнайы автокөлік, палаткамен жасақталған бригадалар көктем, күз айларында далалықта айлап жатып, кеміргіштерге зерттеу  жүргізеді.

Себебі тексерілетін аумақ өте үлкен. Мәселен, Доңызтау, Дияр маңынан тексеруге жиналған дала кеміргіштерін  Шұбарқұдыққа уақтылы жеткізу мүмкін емес. Сондықтан  сол тұстағы Оймауытта арнайы зертхана орнатылған. Бір жылда 10-12 мыңға жуық дала кеміргіші, 100 мыңға жуық бүрге ауланып, зертханада тексеріледі. Олардың денелері сойылып, арнайы методикамен қаралады. Егер оба қоздырғышы анықталса, сол кеміргіш немесе бүрге ауланған аймаққа залалсыздандыру, халық арасында сақтану жолдарын түсіндіру және медицина қызметкерлерінің дайындығына бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Жалпы бұл жұмыстардың барлығы обаны жұқтырмауға жүз пайыз кепілдік бермейді. Себебі барлық аумақты, ондағы кеміргіштерді бір жылда тексеріп өту мүмкін емес, — дейді Жайдар Құрманов.

Қазіргі таңда обаға қарсы күрес қызметінде 200-ге жуық адам еңбек етеді. Отыздың үстінде арнайы техника бар. Соңғы жылдары зертханаға жаңадан құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Станция мамандары жыл сайын біліктілігін жетілдіру үшін еліміз бен Ресейдің қалаларына барып оқып қайтады. Жақында бір маман тәжірибе шыңдау үшін Астрахань қаласына кетсе, өткен аптада Алматыдан келген ғалым мамандарға дәріс өткізген. Осылайша көп айтыла бермейтін мекеме қауіпті аурудың алдын алуда үлкен жұмыстарды үн-түнсіз атқарып жатыр.

Түйе алып болса да әлсіз келеді

Түйе — төрт түліктің ішінде оба індетін жұқтыратын мал.  Бұл індетпен негізінен дала кеміргіштері, сонымен қатар түлкі, қарсақ, күзен, ақбөкен және тағы басқа жабайы аңдар ауырады. Олардан бүрге және кене арқылы жайылымдағы түйеге жұғады. Оба дертін жұқтырған түйе 2-3 күн қатты мазасызданып, бір жатып-бір тұрады. Ауру күшейген кезде сұлық жатып қалады. Дене қызуы 39ºС-қа дейін көтеріліп, қолтық, шап, мойын бездері көлемі ұлғайып, жұдырықтай болып іседі. Кейде ауру бір айға созылып, түйе әбден ариды. Ауру асқынғанда мұрнынан қанды көбік ағады. Аурудың алғашқы белгілері байқалса, түйе қауіпті болып саналады. Себебі ауру түйе тұрған қора, астындағы қи-көңі, алдындағы жем-шөп, суы, айыр-күрек, тағы өзге құрал-саймандар оба микробымен ластанады. Бұл жағдай мал күтушісіне, айналасындағы түйелер мен үйдегі кеміргіштерге де өте қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын жасаған дұрыс. Түйе бағатын және өнімдерін тұтынатын адам алдымен өзі міндетті түрде обаға қарсы екпе алуы керек. Ерте көктемде түйеге де обаға қарсы екпе жасатқан дұрыс. Егер түйе ауырса, өзге түйелерден бөлек ұстап, дереу мал дәрігерін шақыру керек. Мал дәрігерінің рұқсатынсыз ауру түйені союға болмайды. Әрине, қанша уақыттан бағып-қаққан бағасы қымбат түйені ауырды деп тастай салу қиын жағдай. Оның үстіне біздің елде мұндай жағдайда жақын-туыстары материалдық көмек есебінде әлгі малды жіліктеп, бөліп алу үрдісі бар. Деннің саулығы үшін бұндай қадамға бармаған жөн.

Обадан өлген түйенің еті мен жүн-терісін өртеп жіберген жөн. Сондай-ақ  ауырған түйені баққан, қатысы болған адамдар дереу дәрігерге қаралуы керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button