Жаңалықтар

Бастысы — бағаны «бағындыру»

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша штаб отырысы өтті. Мақсат — жыл соңындағы мерекелер қарсаңында базарлар мен сауда үйлерде бағаның өспеуін қамтамасыз ету, тұрғындардың қымбатшылыққа ұрынып қалмау жайын пысықтау.

Жергілікті тауар өндірушілер, сауда үйлері мен базарлардың басшылары, сала мамандары қатысқан жиында «Бағаны бірқалыпты ұстау» науқанын 1 желтоқсаннан келер жылдың 15 қаңтарына дейін өткізу, соның аясында әлеуметтік маңызы бар 19 ас-ауқат түріне үстемеақыны 5 пайыздан асырмау мәселесі қаралды. Атап айтсақ, ол тізімде басты қажеттіліктегі ұн, сүт өнімдері, көкөністер бар.

— Алда үлкен мерекелер келе жатыр. Жылдың соңы. Осыған орай, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдеріне бағаны өз қақысынан 5 пайыздан асырмау жөнінде ұсыныс айтқымыз келеді. Бұл тұрғындарға үлкен көмек болары сөзсіз. Сол сияқты сауда орындарын жалға берушілер жергілікті өндірушілерге жеңілдіктер жасаса деген тілек бар, — деді әкімі Мавр Абдуллин.

Жергілікті билік, сауда орталықтар мен супермаркеттердің басшылары және тауар өндірушілер арасында бағаны тұрақтандыру бойынша арнайы меморандумның қабылданғанын, соған сәйкес жер-жерде бақылау hәм бағамдау жұмыстарының жүргізілетіні айтылды.

Сондай-ақ Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязовтың сөзінше, жыл басынан бері тұрғындар үшін 63 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген. Ондағы бағалар нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Алдағы сенбі күні — 30 қарашада «Табыс» коммуналдық базарында кезекті рет осындай жәрмеңке өтпек. Сол арқылы мамандар сатып алушылардың қалтасының қамын ойлайтынын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button