Жаңалықтар

Қала қаржысы қайда жұмсалады?

Сессия

22 қарашада өткен Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс 48-сессиясында депутаттардың қарауына 13 мәселе ұсынылды.

Сессия жұмысына қала әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Жиында талқыланған мәселелердің бірі — 2020-2021 жылдарға арналған қалалық бюджетті қайта қарау. Бұл мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Рүстемова баяндама жасады. Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша республикалық бюджеттен түсетін 6 миллиард 174 миллион теңге және облыстық бюджеттен түсетін 309,6 миллион теңгенің жұмсалу тәртібі талқыланды. Бұл қаржы негізінен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге, мектептер құрылысы мен мұғалімдер еңбекақысын өсіруге бағытталмақ.

Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жыл соңына дейінгі жоспар толықтай орындалмайды, атап айтқанда 2 миллиард 500 мың теңге қаржы кем түспек. Бұл қаладағы кейбір спирт, алкоголь өндіретін өндіріс орындардың лицензияларының тоқтатылуымен байланысты болып отыр.

Сондай-ақ жиында қаладағы митинг өткізу үшін белгіленген орындар тізіміне өзгеріс енгізу, түрлі депутаттық сауалдарға байланысты мәселелер қаралды.

Депутаттар есірткі таратушылардың әлеуметтік желілерді, сонымен бірге көп қабатты үйлер қабырғаларын «жарнама» жасау үшін пайдаланып отырғанын бейнежазбалар арқылы көрсетіп, алаңдаушылықтарын жеткізді. Осыған байланысты жастарды жұмыспен қамту және спортқа тартуға, есірткіге қарсы насихат жұмыстарын жүргізуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button