Әдебиет

Табантал — Ізтайдың «ясная полянасы»

Ізтай — 90

Ақтөбе-ау, айналайын, сөзді ұғарсың,

Өзімдей ыстық жүрек, қызуқансың.

Сағынып кеттім-дағы жеттім тағы,

Тағы да топырағыңда ізім қалсын…

Ізтай.

…Ізтай ақынның  мерейтойына орай көп қағаз ақтардық. Біраз естелік тапқандаймыз. Алайда өзіміз көзін көрген Жарқынбай Назарбаев ағамыздың Ізтай Мәмбетов туралы айтқан естелігі дәл той қарсаңында есімізге түсті.

Жарықтық, Жарқынбай ағамыздың өзі баладай аңғал, аңқау кісі болатын. Елпілдеген, ақкөңіл ағаны көбіне еркелей сөйлеп жүретінбіз.

Бірақ Жарқынбай ағаға қазақ поэзиясының көптеген марқасқаларымен бірге оқығанын білмейді екенбіз.

Әдеттегідей, таяғына сүйеніп редакцияға соққан ағамыз Ізтай ақынның біраз қылықтарын еске алып, біраз әңгіме айтты. Алғаға жаңа келген, жастау кезім, шынымды айтсам, аса мән бере қоймадым. Алайда ағай өзінің баршын дауысымен «Күлімдеген қара көздер, қалалық» деп шырқап бергенде… елең ете қалдым. Бұл әнді бала кезден естіп өстік қой. Содан-ақ Ізтәй Мәмбетов туралы ағыл-тегіл әңгіме басталды да кетті. «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деген өлеңі оқылғанда  мамамның осы әнді жиі әуелететіні есіме түсті…

Кештете мамама келдім. Көкірегі ояу адам болатын. Әсіресе халық әндерін көп білетін. Және қазақ сазының ең бір әдемі әндерін көп білетін. Ол кезде қазіргідей диктофон, басқа жоқ, Айымжанға (мамам) бірнеше күн барып жүріп әлгі «Ақ боранның» (өзіміз солай дейтінбіз) әуенін жаттап алдым. Сол әнді кейінірек алғалық белгілі әнші Жұбан Аймағанбетовке үйретіп, ол ән қазір үлкен сахналардан шырқалып  жүр. Бұл менің Ізтай ағама қойған алғашқы ескерткішім болатын…

Сонымен Жарқынбай ағаның естелігіне қайта оралайық.

«Ізтай аға да, Еркеш Ибрагим де, Тұманбай Молдағалиев те бір кезде бірге оқыған ҚазМУ-дің түлектері едік. Университет қабырғасында оқып жүргенімде Ізекеңді жерлесім деп іштей жылы тартып тұратынмын. Ол менен үш жас үлкен, алдынан кесе өтпеймін.

Жастардың сондай тәрбиелі кезі болды ғой. Еркешпен бір курста оқып, жатақханада бірге тұрдым. Ал Тұманбай Еркешке келіп-кетіп, өлең оқып жүретін».

Тұманбай ағамыздың біздің Ақтөбеге арналған өлеңі барын да осы Жарқынбай ағадан естідік.

Ізтай ағам туған жер, Ізтай ағам

Мінгізе де алмадық біз тай оған.

Жігіт еді-ау аңқылдақ, ақын еді-ау,

Жігіт еді-ау қасына қыз таяған.

Ізтай ағам бар болса бармас па едім.

Бірер күнге қасында қалмас па едім

Бір ақкөңіл аға еді-ау, ақын еді-ау,

Өлеңімді құптаған алғаш менің!

Осы мерейтой қарсаңында Ізтай ақынды көбірек тани түскендейміз. Құрдасы, жақын досы  Рахметолла Айымбаевтың баласы Бақытжан ағамен де кездестік.

«Әкеммен жақын дос болды.  Көзін көрдік. О кезде жастаумыз. Бірақ таң атқанша преферанс сызатындары есімде. Әлгі «Айналайын, қарағым, ақтөбелікті» айтқан да Ізтай ағам».

Әрине, дәл осыны тексеріп-тергей алмаспыз, бірақ Жарқынбай ағаның мына бір естелігі бізді тағы елең еткізді. Байқасаңыз, қазақ әдебиетінің мықты тұлғалары Із-ағам қасында жүрген екен, бұл да бірдеңені аңдатса керек…

«Ізекеңмен соңғы кездесуім де Табанталда өтті.  Соңғы рет елге есеп беруге әріптес ағаларымен келді. Табанталға тағзым етті.

Жадымда жүрсің, Табантал,

Жасырын ағып жылысқан.

Жайқалып өскен жағаң тал

Жанымнан алғаш жыр ұшқан.

Жадымда сұлу балалық,

Талыңды тай ғып жүгірген

Табанды тасқа жара ғып,

Қалыспай қызық дүбірден…

Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтановпен бірге келіп еді. Ақынның туған нағашысы  Иса Сүлейменовтің әйелі Аруханға  әзілдеген Хамағаның мына өлеңін де түртіп алғам…

Кетіп барады көк шелек.

Қуып келем өкшелеп.

Көк шелек не болады

Ішетіндерге бөшкелеп…»

Із-ағамыздың кіл мықтылармен достығы ол кісінің өзінің мықтылығын дәлелдей түскендей.

Бала кезден бірге өскен досы Абдолла Сүлейменовпен достығы да жыр ғып айтарлық әңгіме. Тағы бір аяулы адам, біраз жыл Алғаның аудандық газетін басқарған Есентай Сүлейменов ағамыздың мына естелігі де Ізтай бейнесін аша түсер деп ойлаймыз.

«Із-аға мен бауырым Абдолла ағамен екеуіне Алла тағала аз ғана ғұмыр сыйлады. Екеуі бір жылдың төлдері еді, бірге бақилық болды. №6 Ақтөбе қазақ мектебін  Ізтай ағамен бірге бітірген еді. Із-аға қайтқанда Өзбекстаннан арнайы ұшақ жалдап келіп, қаралы жиында тебіренгені де есімде. Қатты жақын достар болатын. Жеңгем Гүлжазираға арнаған өлеңі де бар:

Бұхарада кезікті

Бұлғақтаған келіншек.

Ер емес ем сезікті,

Ез емес ем еміншек.

 

Көңіл құрғыр бұзылды,

Келгенде ол жаныма.

Естігенше наз үнді

Есім кетті тағы да…

 

Көңіл бірақ қалды, олла,

Құр бекерге жанықты.

Менен бұрын Абдолла

Иемденіп алыпты…

Осы Өзбекстан сапарында Ізтай ағаммен қазақтың тағы бір аяулысы Төлеген Айбергенов те болыпты. Рас факт! Бірақ суреттерін таппадым… Айтпақшы, Төлеген ағам да біздің жеңгемізге өлең арнаған, кітаптарын қараңыздар….

…Сонымен Алғада үлкен той! Ізтай Мәңгілік өміріне  бет алды деп ойлаймын.

Із-ағама екінші қойған ескерткішім — Ақынның көп адам көрмеген қолжазбаларын ақтарып, «Табанталда қалған із» деген кітап құрастырдым. Қолжазбаларын иіскеп отырып, тердім…

Бәлки, қазіргі қазаққа  керек емес шығар, бірақ Дені сау Қазаққа Ізтай керек! Соған сенемін!

Ендеше Ізтайдың Табанталына хош келдіңіздер!

Шара ЕЛЕУСІЗ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button