Әдебиет

«Сағиды тазару үшiн, арылу үшiн оқу керек»

Сағи — 85

Биыл қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаевтың туғанына 85 жыл толды. Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдығына орай Ақтөбеде өтетін «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумының аясында ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 85 жыл толуына арналған шаралар да жоспарланған.

Біз әр жылдары жазылған мақалалардан қазақ қаламгерлерінің Сағи Жиенбаев туралы жүрекжарды ой-пікірлерін ұсынып отырмыз:

Сағи ағамызға бiр­ауыздан қойған атымызды ұмытқан емеспiн, ұмытпайтын да шығармын. Ол — «Жұмсақ» деген ат. О баста бұл «атты» ойлап тапқан кiм екенi есiмде жоқ, өз басым «авторлыққа» таласпаймын… Қалай десек те, Сағи марқұмның екiншi есiмi оның мiнезiне, болмысына, жүрiс-тұрыс, жұртпен қарым-қатынасына, ең бастысы өлеңде ол жасаған Мiнезге байланысты дәл қойылған ат едi. Бiрде қызып алған бiр жас ақынның оған «Сәке» не «Сағи аға» деудiң орнына шатасып «Жұмеке», «Жұмаға» деп қалғаны да бар. Ертесiне қатты ұялып, қалай кешiрiм сұрарын бiлмей «Баспалар үйiнiң» бесiншi қабатында қипақтап жүргенi әлi көз алдымда. «Мына тұқымың көбейгiр маған Жұмеке дейдi, Жұмағали Ысмағұловпен ша­тас­тырып жүрсе керек, жоқ Жұмекен деп ойлап қалды ма екен, қасқаның баласы» деп күледi ештеңеден хабары жоқ ағамыз.

Сағидың өлеңдерiн неге ұқсатуға болады? Бұның жауабы әрқилы болуы мүмкiн. Менiңше, оның өлеңдерi жаңбырдан соңғы жұпар иiсi бұрқырап шыққан далаға ұқсайды. Жеп-жеңiл, тап-таза бiр әлем. Оны азыңқырап, қажыңқырап жүрген кездерде қолға алатынымыз да содан болар. Қара көлеңкеден жарыққа, лайсаңнан көкорайға, ызғардан шуаққа асыққан адамның жансерiгi болатын поэзия.

Сағиды, қысқа қайырып айтсақ, тазару үшiн, арылу үшiн оқу керек.

Балалық шақтары соғысқа тұспа-тұс келген ақындардың бәрiне тән бiр ортақ қасиет бар. Олардың қай-қайсысы да жыл мезгiлдерiнен Көктемдi ерекше шабытпен жырлайды. Әсте, тумай жатып қара суыққа ұрынып, қиын-қыстау, аш-жалаңаш, тар жол, тайғақ кешулерге тап болғандықтан ба қайдам, әйтеуiр Жылылық маусымы олар үшiн ерекше қадiрлi. Көктем, әлбетте, бiрiншi кезекте Тұмағаңның маусымы, тiптi лирикадан гөрi салмақты ой айтуға машық Жұмекен мен Қадыр ағамыз да жазғытұрым десе сеңi бұзылған дариядай жiбiп сала бередi.

Сағи ағаның көктемi оның жанынан өмiрбақи кетпейтiн мәңгi бiрге маусымы едi.

Сағи ағаның көктемi нұрлы көктем, жылы көктем едi.

Әсте адам жасы ұлғайған сайын жылылықты ұнататын болуға керек:

Жап-жасыл… дүниенiң жасыл бәрi,

Жап-жасыл бұлттар да анау асудағы.

Осынау кереметтi көргiсi кеп,

Дертiп тұр жасыл бүршiк ашылғалы…

Немесе:

Көктемде бiр көк тоғай шуылдайтын,

Көктемде бiр тұла бой дуылдайтын

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы

Ақ жаңбырмен жумаса жуылмайтын.

 

Көңiлдiң де, беттiң де кiрi кетiп,

Ағушы едiк даланы дүбiрлетiп,

Ақ найзағай секiлдi айқыш-ұйқыш,

Ақ жауынның арасын тiлiп өтiп.

Немесе:

Көктемдей нәзiк сезiммен,

Кеуденi күйлер тербейдi.

Қара бiр жердiң өзiн де,

Қаттырақ басқың келемейдi…

Сағи ағай, бәлкiм, алқын-жұлқын асау өлеңдер жазбаған болар, қолдан жасалған патриот ақын, ұлтшыл ақын деген анықтамалықтарда оның есiмiн кездестiрмесеңiз, таңғалудың керегi жоқ. Ондай қасиеттi атты бүгiнде екiнiң бiрi, егiздiң сыңарына тели салуды дағдыға, әдетке айналдырдық, сондай «тiзiмге» оның аты iлiкпеуi әбден мүмкiн, бiрақ «ұлтшылмын» деп айқайламай-ақ ұлы iстер тындыруға болатынын бiр үйренсек Сәкеңнен үйренуге болатын едi».

Есенғали РАУШАНОВ,

«Жұмсақ».

«Білген кісіге, қазақ Өлеңіндегі Сағаңның баяғыда-ақ халық танып, тамсанып, жүрегіне басқан ақындық болмысы, әдебиеттегі бірегей, ешкім таласа алмайтын өз орны, өз өлеңінің сәулелі, нұрлы жолы, арзанға аза салмайтын, бірақ, «Мен — бармын!» деп менменсіп, өзін міндетсуді, «мен ұмыт қалдым!» деп түлкіжылауға салуды, «мені ескермейді!» деп дүниенің бәріне қара жағуды білмейтін, өлең, халық, адалдық, адамгершілік алдындағы ақын жауапкершілігін білдіретін табиғи, содан да сыпайы, текті бейнесі баяғыдан белгілі. Сол бейне, сол болмысты өмірімен, ісімен, тіпті, күнделікті тірлігіндегі мінезімен, дүниеге, тіршілікке көзқарасымен сомдап, дәлелдеген Ақын өмірінің мазмұндылығы, мағыналылығы, өзгеге шуақ бере алар сәулелігінің дәлелі — Өлең.

«Өлең, шіркін, өсекші…» депті Абай көкем. Өлең — адамның ішкі әлемінің айнасы екенін, оның өзің де біле бермейтін толық тұлғаңды сыртқа айна-қатесіз алып шығып, жария етерін айтқаны. Сондықтан, «адалмын!» деп жиі айқайлайтынның қулығы өлеңнен көрініп қалатыны да, біз ойлайтыннан мыңдаған есе күрделі өмірді терең түйсініп, сезінгендіктен, біз ойлайтыннан да биіктеу, киелі, қасиетті ұғымдар бар екенін ұққандықтан, өмірдің кіндігін өзің кескеннен бетер кергудің аты шолақтық екенін білгендіктен, адамшылықтың алды — дүние, өмір алдындағы кішіпейілдік пен жан-тәніңмен, ізгілікке, жақсылыққа тілектестік екендігін байқағандықтан, өзі бола тұра, «мен!» деп нығызсуды білмейтін Ақынның ақындығы өлеңінен бәрібір көрініс тауып, сәулелі жолына менмұндалап шақырып тұратыны да, ойлай білгенге, аян. «Ақымақтың ақылы — қулық» дегенді жиі айтатын менің ең жақын дос-ағам, қазақтың ғажайып ақыны Жұматай Жақыпбаев «әркім басын көтеріп өмірінде, әлі жеткен жеріне апарады» дейтін…

Сағаңның өлеңінде сол «ақымақтың ақылы» жоқ. (Өлеңді жазған біледі, сол әлімсақтан бергі қазақ поэзиясын оқыған, кімнің төркіні қайда, нағашысы қайда, болмаса, кім кімдерге бастау болды, соны аңдаған біледі — өлеңде де пайдалы, пайдасыз қулық болып тұрады. Өзгесін айтпағанда, орыс тіліндегі әлемдік әдебиеттен «әдемі жолмен ұрланған» жаттанды сезім, жаттанды мінез, үйретінді «мықтылық» біздің сауатты әдебиетімізде ғана емес, кей ақын-жазушының мінез-құлқынан, ортада өзін ұстауынан да кездесіп қала береді. «Ақылды қулықтың» ақымақшылығы сонда). Сағаң не жайлы толғаса да, адал, ақжелең, кіршіксіз көңілмен, сәбидің эмоциясындай айқын, жасырары жоқ табиғилығымен ағынан жарылады. Оның поэзиясындағы бояу да қанық, қулықсыз табиғаттың бояуы, адам жанының табиғи тебіренісі. Сонысымен де Сағи ол. Оның өз тұстарынан ерекшеленіп, дербес бір сыршыл, нәзік, сыңғыры сырлы құпия жарасым құрап тұруының себебі де сол дүниені Сағи болып қабылдап, Сағи боп көре білетіндігінде.

Сағаң әрқайсысы «бір елдің мұрасындай» Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр, Төлеген, Фариза, Ақұштап… сияқты айтулы өкілдері бар, қазақ өлеңінің қадірлі керуеніндей ұрпақтың өкілі. Сол дарынды лекті сан алуан үн мен бояудан, сыр мен сымбаттан тұратын біртұтас поэзия кешені десек, сол кешеннің ішінде өз күмбезі мен айшығы дербес, өрнегі бөлек, қазынасы бірегей Сағи сарайы да өзгелермен тек өзіндік, дербес болмысы арқылы үндесіп тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Сағи да өзінің қуатты, дарынды тұстастары сияқты кейінгіге өнеге беріп, өрнек сыйлаған, өз мектебі бар ерекше ақын, оған өз поэзиясы ғана емес, кейінгі поэзиядағы айна-қатесіз танылатын Сағиға тән нәзік шуақ пен кестелі келісімнің өзі дәлел. Ол — Сағи лирикасынан түскен сырлы сәуле — үлкен ақын шығармаларының өзінің жанындағыларға, өзінен кейінгілерге түсірген құнарлы шуағы».

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,

«Даланың сыршыл жүрегі».

ххх

«Өлеңдерге, тіпті жап-жақсы өлеңдерге де кәдімгідей ескертпелер айтылатын және орынды айтылған һәм жазылған мұндай жанашыр пікірлер ақындар тарапынан еш ашу-кексіз қабыл алынатын замандар да болған. Жаңылыспасақ, жас қаламгер жігіт Жарасқан Әбдірашев бір мақаласында сол кезде қалың қазаққа толық танымал бола бастаған Сағи Жиенбаевтың өлеңдерінде «ақ» деген сөздің мөлшерден көбірек пайдаланылатынын жанамалай мінегені бар. Сағаңың жинақтары жеткілікті шығатыны мәлім. Үңіле қалдық. Рас-ақ: ақ нұр, ақ сәуле, ақ самал, ақ таң, ақ бұлақ, ақ жауын, ақ сағым, ақ ұлпа… Одан соң талай су ақты, талай құм көшті. Бірақ, мысалы, Сағаңның әр жаңа жинағын қолыма алған сайын Жарасқан жазған сол ескертпе менің санамда қайтадан жарқ ете қалатын болды. Сол кезгі әдеби сынның беделі үстем болды ма, әлде сыншылар мен сынға араласқан ақын-жазушылар нені айтқысы келіп отыратынын түсінікті етіп жазатын ба еді, әйтеуір, сол дәуірде қай шығармаға қандай мақтаулар айтылып, қай туындының қай кемшіліктері мысалға алынғанын қазір де сыздықтатып қайталап айтып беруге болатын сияқты. Бұл, әрине, басқа әңгіменің еншісі. Сағаңа келейік.

«Ақ» деген сөз, таласа алмайсыз, қазақ­тың аяулы ұғымы. Басқасын былай қой­ған­да, біздің жұртымыздың әндерінің өзі «Ақ кербез», «Ақ ерке», «Ақ дариға», «Ақ айша» немесе «Аққұм», «Ақбақай»… болып келмей ме?! Рас, «Көк айдай» мен «Боз жорға» да бар, бірақ бұлар өте аз. Бұл — бір. Екіншіден, «ақ» деген сөзді пай­даланған Сағаң ғана ма екен? Ақ самалға кеудесін тосып, ақша бұлт­ты қалай қызықтағанын жазбаған ақын бар ма, сірә?! Ендеше, олар құтылып, алабөтен Сағаңның тұтылатыны қалай? Енді, міне, біраз ғұмыр кешіп, ақылымыз кіріңкіреп, пендешіліктен аулағырақ отырып ойлансақ, көп ақынның ішінен «именно» Сағаңды таңдап алған Жарасқанның еш кінәсі жоқ екен. «Кінәлі» Сағаңның өзі екен. Тура, әйтпесе ауыспалы мағынадағы «ақ» деген тіркесі бар сөздерді Сағаң өзінің өлеңдеріндегі буын санын ретке келтіріп отыру үшін немесе жаз туралы жазса, әйтеуір ақ самалдың қапталдаса жүргенін дұрыс көргендіктен, қыс туралы толғаса, міндетті түрде ақ ұлпаны кіргізу қажеттігін ойлағандықтан қоспайды екен. Басқалар жауыр тіркес ретінде пайдалана салатын, сондықтан ыстық ықыласыңа ие бола алмай қалатын осы ақ түс Сағаң өлеңдерінде ондай қосымша емес, негізгі рөл­дерді атқарады. Сөйтіп, Сағаңның өлеңдері онсыз да ақ түсті одан әрі ерекше сәуле­лендіріп жібереді екен. Ақынның «ақ» деген сөзді тым көп пайдаланатын сияқты болып көрінетіндігі де сондықтан екен. Мы­салы, туған даласын сағынған ақын «…Бір өзіңе жету үшін тезірек, Ұштым еріп аспандағы ақ бұлтқа» дейді. Әйтпесе: «…Бетке жұққан даланың ақ тозаңы, Ақ жаң­бырлар жумаса, жуылмайтын». Тағы да: «…Ақ қайың құсап жондағы, Ақ әжем отыр алдымда». Сондай-ақ: «…Есер жел жұл­қы­лады етегімнен, Ақ дауыл ала қашты телпегімді», «…Денесін сүйеп ақ қарға, Күн келе жатыр қабақтан». Міне, осындай жайларды сараптай келе, көңіліңізде бұрыннан да қалыптасып қалған бір түйінге тағы да ат басын адаспай тірейсіз: Сағи — кір шалмаған (дұрысы, кір шалмауға тиіс) таза дүниенің жыршысы».

Ертай АШЫҚБАЕВ,

«Өмір жыры — Сағи сыры».

ххх

«Сағи ақынмен мен жерлеспін, Жемдеспін. Ол Ақтөбе облысынан, мен Атырау облысынан. Қарапайым географияны білетін оқушы «екеуі екі облыс қой» деп дау айтуы мүмкін. Онысы дұрыс. Бір қызығы, тарихы мыңдаған жылдарға кететін Ұлы өзен — Жем біздің ауыл мен ағамыздың ауылын екіге бөліп ағады. Арғы беті —Ақтөбе, бергі беті — Атырау. Содан да болар, оның Жем туралы жырлары менің өз өлеңімдей болып, өзегіме құйылады. Ақынның осындай жырларын оқығанда туған жерім еске түсіп, жанарым боталап, ана-ау алыста қалған балалық шағыма қарай өкше көтеріп, күн сала қараймын. Сондай кезде сонау құм қойнауынан өзіме ұқсас қалқанқұлақ қара баланы қайыра көргендей боламын. Өзінің жырларындай мөлдіреп тұратын, жаны елжіреп тұратын нәзік ақынның «өй, тұқымың көбейгір» деген жекешелендіріп алған жақсы тіркесін талай рет малданып, онымен сонау алыс күндерге, қасиетті Жем бойына бірге қанат қаққандай болған кездерім есімнен шыққан емес. Елімен, туған жерімен тағдырлас болған Сағи Жиенбаев поэ­зиясын даланы аңсаған, даласын жанымен сүйген, оған әрқашан басын иген адал перзенттің алғаусыз көңілі деп қабылдасақ, оның поэтикасының мәні мен мазмұны жан-жақты ашыла түседі. Елімен тағдырлас болу бақыты — адамға табиғат сыйлаған ұлы байлық­тардың бірі әрі бірегейі. Туған елін, кең-байтақ Қазақстанын жыр бесігінде тербету үшін ғана ғұмыр кешкендей болған ақын өзінің Отанға деген оттай ыстық махаббатын бір сәт те сөндірместен кетті. Тазалық таразысына талантын тұтас салған ақын жыр бәйгесінде жүлдегер атанған талайлардың қанжығасына жармаспаса да, қалың оқырман оның әлеуеті мен кереметін сезініп, тұшынып оқыды, тұндырып сіңірді. Жалпы, өлең туралы, ақын туралы айту бір қарағанда жеңіл көрінетіні бар. Бұл — алғашқы сезім. Қиынның қиыны ақын туралы айту, оның қандай қаламгер екенін әуелі өзің сезіну, сосын жұртты сендіру. Соның ішінде Сағи ақын туралы жазу үлбіреген жібектей жырлардың бояу­ын солғындатпай, желге ұшырмай, баппен бипаздап, бағын ашудың қиындығын бастан кеше отырып, жеріне жеткізу. Қасиетті қаламға жармасып, ақын­дықтың ауылына маңдай түзеп, өкше көтерген бүгінгі жас толқынның ұрынып, ұғынып ізденген сәттерінде жыр елінің жасыл жайлауына жалауын тіккен Сағи Жиенбаев отауына соқпай кетуі мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінгі жас толқын ғана емес, алды «талтүстің» белдеуіне ат байлаған ақындардың өзі Сағи жырларын ақындық мектептің айшықты сабағы деп қабылдайды. Жоғарыда айтылған жайлардың өзі осының бір мысалы. «Оймауыттан» «Іңкәр дүниені» іздеген ақынның ізімен жүрген кезде ақын менің балалық шағымды жырлап отырғандай күй кешемін. Алыста қалған балалық шағым жанарымның ұшына жас болып мөлдіреп, ғажайып сезім мен жұмсақ мұң, сағыныш пен естелік жанымды әлдилейді де отырады».

Басқа жаңалықтар

Back to top button