Әдебиет

Іңкәр ғұмыр

Тобық — 85

Жазушы Тобық Жармағамбетовтің жары — Сәпия апайдың ері туралы естеліктерін тыңдағанда, әсіресе, оның адамгершілігіне, адамдарға деген махаббатына ерекше сүйсінетіні әрдайым сезіліп тұрады.

«Міне, 83 жасқа келдім. Жақсы адамдардың көп екенін білемін. Бірақ осы кезге дейін адамгершілігі, тек жақын-жуығы ғана емес, жалпы адам атаулыға деген жанашырлығы, әділдікке құмарлығы жағынан Тобыққа тең келетін жанды кездестірмедім», — дейді ол.

 Алғашқы кездесу

Сәпия апайдың ата-анасы қарапайым жандар еді. Әкесі Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында жүріп, ауыр дертке шалдыққан. Көп ұзамай көз жұмады. Анасы қанаты қатаймаған қос балапаны — Сәпиясы мен Сәлімгерейін құшақтап, аңырап қала берген.

— Жетімдік зары, жүдеу тұрмыс — ол кезде жұрттың бәрінің дерлік басында бар жағдай, «көппен көрген ұлы той» еді. Жастайымыздан еңбекке араласып, қандай қиындықты да күліп жүріп, қайсарлықпен жеңіп шығуға тырысып өстік. Бұл — менің тұстастарымның көпшілігіне тән қасиет болса керек, — дейді Сәпия апай.

Өзінің болашақ жары Тобықпен ол кездейсоқ танысыпты. Ол кезде Алға ауданының Тамды ауылында клуб меңгерушісі болып істейтін. Бар арманы — анасын мәпелеп бағып, інісін қатарынан қалдырмай, қайткенде де, өмір көшіне ілестіріп жіберу. Бұл тың игеру ұранының нағыз күшіне енген шағы екен. Сәпия клубтағы күнделікті жұмысымен шектелмей, тың игерушілер өміріндегі жылт еткен жаңалықтарды аудандық газетке жолдап тұратын. Бір күні аудандық газет редакциясынан жедел шақырту алды.

— Газет редакторы үлкен кісі еді. Маған: «Балам, Ақтөбеде ауыл тілшілерінің жиыны өткелі жатыр. Біз соған өзіңді жіберуді ұйғардық» — деді. Жиын болатын күні Ақтөбеге келдім. Қарасам, залда кілең жастар, бірақ арасында қыздар аз, өзімнен басқа, артқы жақта отырған екі қызды ғана көзім шалды. «Үзілісте танысып алармын», — деп ойлап қойдым. Үзілісте залдан шығып, жан-жағыма қарай бергенім сол еді, қасыма кенет екі жігіт келе қалды. Олардың бірі өзінің есімін «Тобық» деп атағанда, шынымды айтсам, күліп жібере жаздадым. «Мұндай есім болмайды ғой, алдап тұрған шығар», — деп ойладым. Бірақ үндемедім. Ал кешкілік, жиыннан шыққаннан кейін Тобық маған бір журнал ұсынды. «Осының ішінде менің әңгімем бар, оқып шығарсың», — деді. Әңгімеге қоса, журналда Мұхтар Әуезовтің Тобық туралы жылы пікірі де беріліпті. Мен әдебиетке, кітапқа құмар болып өскен едім. Манағы қарапайым жігіттің осындай үлкен талантты адам болып шыққанына қатты қайран қалдым, — деп еске алды Сәпия апай.

Жиын аяқталған соң, Сәпия жаңа таныстарымен қоштасып, ауылына аттанады. Ауылға келген соң, жұмыс барысымен аудан орталығына барып қайтуға тура келіп, тағы жолға шығады.

— Жұмыстарымды бітіріп, кешкісін ауылға қайтатын автобустың аялдамасына келсем… Тобық тұр. Шынымды айтсам, оны көргенде, шошып кеттім. «Тамдыда ауруханада жатқан бір ауылдасым бар еді. Соған соғып кетпекпін», — деді. Автобусқа мінген соң, барлық 20 жолаушының билетінің ақысын өзі төледі. Осының бәрін біртүрлі ұнатпай келе жатқам, ал автобустан түскен соң, «жығылған үстіне жұдырыққа» кезіктім: мұндағы аялдамада шешем күтіп тұр екен және ол Тобықты көрген бойда шүйіркелесе кетіп, екеуі біздің үйге қарай беттеді. Анам, негізі, Байғанин өңірінің қызы болатын. Үйге келгеннен кейін де екеуінің ортақ таныстарының, олар туралы әңгімелерінің бітер сыңайы көрінбеді. Мен елеусіз ғана шығып кетіп, жақын жердегі дос қыздарымның бірін үйге ертіп келдім. Сөйтіп, Тобық ол күні біздің үйімізде болды да, таңертең аттанып кетті. Маған арнап екі бет қағаз қалдырыпты. Мөлдіретіп тұрып, өзінің маған деген сезімін жазған екен. Ол жазбаны көпке дейін сақтап жүрген едік, кейін ұрланып кетті, — деді Сәпия апай.

«Жетімдік көрмеген жылдарым»

 Сәпия апай Тобық ағамен он үш жыл бірге ғұмыр кешіпті. Сол жылдарды еске алғанда әдеттегі сабырлы қалпымен: «Осы он үш жыл — менің бүкіл ғұмырдағы жетімдік көрмеген жылдарым. Ол маған да, балаларына да шексіз қамқор болды. Нақ Тобық тәрізді таза, адал адамдар мына өмірде ұзақ аялдамайтын болса керек», — дейді, ал күрсінісін ішке бүгіп қалады.

Сәпия тұрмысқа шыққан тұста інісі армия қатарында екен. Анасы сыртта жүрген жалғыз ұлын қатты уайымдайтын.

— Басқа адам мұндайда бір жанашыр сөз не ақыл айтумен шектелер еді. Ал Тобық Мәскеуге, жоғары жаққа хат жазған. Өзі хатты қорғаныс министрі «Георгий Жуковқа жаздым» деп отыратын. Нендей сөз тауып, жағдайды қалай жеткізгенін білмеймін, әйтеуір інімді бір жылдан соң әскерден босатып, елге жіберді. Ол кездегі тәртіп бойынша әскери борышын өтеу мерзімі — үш жыл еді. Кейіннен інім Ақтөбедегі медицина институтына түсіп, біздің үйімізде жатып оқыды. Мені де: «Жоғары білім алуың керек» — деп талпындырып, соның арқасында Мәскеудегі Надежда Крупская атындағы институтты сырттай оқып, бітірдім. Мен сессияға кеткен кезде үйдің, балалардың бар бейнетін өз мойнына алып қалатын… Біз ғана емес-ау, айналадағы талай жанның, соның ішінде тіпті өзіне қатысы жоқ адамдардың да білім алып, дипломды маман болып шығуына жанын сала жүгіретін. Өзі университет бітіріп келгеннен кейін, ауылдағы 10-15 баланы жинап, «оқуға түсіремін» деп, соларға жол бастаушы болып, Алматыға алып кеткен ғой. Қысқа ғана ғұмырында Тобықтың талайға шапағаты тигеніне мысалдар айта бастасам, ол ұза-ақ әңгімеге айналар еді, — дейді жазушының жары.

Дегенмен, біздің ойымызға бір оқиға оралып отыр. Тобық Жармағамбетов ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін, ауыл мектебінде әдебиеттен сабақ берген. Сол тұста кеңшарда тракторшы болып істеп жүрген Өтежан ақынның, Өтежан Нұрғалиевтің бір топ оның өлеңдерін өзіне айтпастан Жазушылар одағына жолдайды. Бұл өлеңдер Қуандық Шаңғытбаевтың алғысөзімен «Жұлдыз» журналына жарияланған. Өтежанның өлеңдері сол кездегі әдеби ортада үлкен жаңалық ретінде қабылданған. Ал Жазушылар одағы жас ақынды Алматыға арнайы шақырып, оқуға түсіреді.

…Сәпия апай жарының соңында үш баламен қалыпты. Соларға жетімдік көрсетпеуге тырысып ғұмыр кешті. Балаларының бәрі де жоғары білім алды. Мараты — тау-кен инженері, Серігі заңгер еді. Тағдырдың жазуына амал бар ма, ұлдары да өмірден жастай озыпты.

Қызы Сая медицина саласында қызмет етіп жүр. Үш баласынан Руслан, Ерлан, Қайсар, Айнұр, Мәдихан сынды немерелер сүйіп, солардың тілеуін тілеп, әр жақсы қадамдарын жанына жұбаныш етіп келеді.

Төртінші кітаптың уайымы…

Жуырда ғана бір кездесуде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы: «Қазақ қаламгерлерінің көпшілігі шығармашылықпен отбасы қамы, қызметтен қол үзбей жүріп, демалыс күндері, не күнделікті ұйқысынан қалып айналысты. Біздің шығармаларымыз түнгі ұйқы мен денсаулықтың есебінен жазылды», — деген еді. Сәпия апайдың айтуынан елестетсек, бұл хал Тобық Жармағамбетовке де дөп келеді.

— Көптеген шығармалары менің көз алдымда жазылды ғой. Жұмысы бар, келім-кетім қонағы, баласы оқуға түсетін, жақыны ауырып қалған дегендей, түрлі шаруамен көмек сұрап, кеңес сұрап келетін жандар бар — қарбалас тірліктің ортасында жүріп, көбіне түнде не бір ауырып, соған байланысты жұмыстан бос болған кездерінде ғана жазуға отыратын. «Нәзік бұлттарды» жазардың алдында: «Басымда бір «пісіп» тұрған дүние бар. Соны жазып тастауға уақыт таппай жүргенім-ай!» — деп, біраз мазаланды. Сөйтіп жүргенде, соқыр ішек болып, ауруханаға түсіп қалды. Ота жасатып шыққаннан кейін, он бес күнге демалыс берілді. «Осы күндері дұрыс күтім керек, көп отыруға да болмайды», — деп, дәрігер шегелеп айтқанмен, Тобық бұл ақыл-кеңесті қаперге алмады. Менің: «Денсаулығыңа неге қарамайсың?» — деп шырылдағаныма да болмады. Жазу үстеліне отырып, бас алмай жазуға кірісті. «Нәзік бұлттарды» осы он бес күнде жазып шықты. Өзі айтқандай, «пісіп» тұрған дүние болса керек… Тек Күнсая бейнесін суреттеуге келгенде біраз қиналды. Жазып шығады да, «ойлағанымдай болмай тұр» деп, жыртып тастай береді. Біраз газет, журналдарды да ақтарды. Ол кезде мен кітапханада істейтін едім. Бір күні «Болгария» деген журналдың жаңа нөмірін алдық. Мұқабасындағы қыздың суреті көзіме оттай басылды. Өте әдемі, әрі түрі де қазақтан аумай қалған қыз екен. «Не де болса, осыны Тобыққа көрсетейінші» — деп, сөмкеме салып алдым. Ал суретті көргенде, Тобықтың қуанғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Күнсая бейнесін сол суреттен шығарды, — дейді Сәпия апай.

Жарының әр шығармасын осынша ізденіспен, жауапкершілікпен жазып шыққанын көрген Сәпия апай ол дүниеден өткеннен кейін, ең алдымен, қайткенде соңында қалған мұрасын шашау шығармауды ойлапты. Барлық шығармаларын төрт кітап етіп жинақтап, Алматыдағы «Жазушы» баспасына алып барады.

— Кітаптарды баспа директорының қолына табыстамақ болғанмын, бірақ оның сәті түспеді. «Енді қайттім?» — деп тұрғанда, Есенбай Дүйсенбайұлының кездесе кеткені… Үш кітапты Есенбайға аманаттадым. Ал төртіншісін тағы бір қарап шықпақ болып, алып кеткен едім. Үш кітаптың екеуі кеңес заманында: 1977 жылы — «Соңғы хат», 1984 жылы «Ақ жауын» жарыққа шықты. Одан кейінгі қиын жылдарда үшінші кітаптан күдер үзген едім. Жоқ, «Отамалы» деген атпен 2002 жылы «Раритет» баспасынан шығыпты. Есенбайға табыстаған үш кітаптың үшеуі де осылайша оқырмандардың қолына тиді. Енді қинайтыны — төртінші кітаптың тағдыры. Мұнда, негізінен, әңгімелер жинақталған. Мысалы, бұрын еш кітабына енбеген «Бозторғай», «Сәния» сынды әңгімелері бар. Кейбірі бұрын кітапқа енді дегенмен, өткен ғасырдың 70-жылдарының басынан, яғни жарты ғасырдан астам уақыттан бері жарық көрмеген дүниелер, — дейді апай.

1994 жылы Тобықтың 60 жасқа толуына арналған «Сәлем саған Ер-Тобық» атты кітабы жарыққа шықты.

Жазушы жарының ендігі үлкен арманы — осы төртінші кітаптың жарыққа шыққанын көру…

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button