Жаңалықтар

Ақтөбеге тағы 350 аялдама салынбақ

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен жиын өтіп, онда жаңадан салынатын аялдамалардың сызбалары таныстырылды.

Жиында Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев қала әкімдігі алдағы уақытта қаланың дамуына, әсіресе, шаһарды абаттандыру, қала құрылысына байланысты жаңа жобаларды қолға алатынын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі күні қала бойынша жалпы саны 728 аялдама бар. Алдағы уақытта тағы да 350 аялдама салу жоспарланған.

Осыған орай жиында аялдамалық павильондардың бес нұсқасы қаралып, қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Жиында қала әкімі қазіргі таңда бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, сондай-ақ жаңа павильондарды тиімді қолдану мақсатында жеке инвестиция тарту көзделіп отырғанын, жаңа аялдамаларды салуда олардың тұрғындарға ыңғайлы, жайлы, жылы болуы басты назарға алыну керектігін атап өтті.

Бұл жобаларды қаражат салатын кәсіпкерге табыс түсіретін орынға айналдыру арқылы инвестициялық тұрғыда тиімді етуге болады. Қоғамдық көлік аялдамалары ақтөбеліктер үшін қолайлы болуымен қатар, қаланың сәулетін жақсартуға да үлес қосатындай жоғары талапқа сай салынуы керек. Тұрғындардың, қоғам белсенділерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің әрқилы пікірлерін ескеріп, жаңа аялдамаларды қыста желдің өтінде автобус күтіп тұратын ақтөбеліктер тоңбайтындай, қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіндей етіп қою жоспарланып отыр. Дәлірек айтқанда, сымсыз интернет, кондиционер, электрондық табло, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орын қарастырылуы тиіс деген талап қоямыз, — деді ол.

Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының айтуынша, аялдамаларды орнату, салу жұмыстарына байланысты қала тұрғындарымен кері байланыс орнату үшін қала әкімдігінің www.akt.gov.kz сайтында онлайн дауыс беру ұйымдастырылады. Сондай-ақ инстаграм әлеуметтік желісінде @aqtobe_aialdama парақшасы ашылған.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі:

  • Біз үнемі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отырмыз. Қала құрылысы мен абаттандыруға қатысты кез келген жұмыстың ақтөбеліктер үшін қолайлы болуы керек деген қағиданы ұстанамыз. Бұдан әрі де бұл мәселеде тұрғындардың, қоғам белсенділерінің ұсыныс-пікірлерін ескеретін боламыз, — деді.

Айта кету керек, жиында аялдамалар салумен қатар қоғамдық көлік мәселесіне қатысты

пікірлер де айтылды. Арнайы жүргізілген бақылаудың нәтижесінде тұрғындардың

автобустарды аялдамада 30 минутқа дейін күтіп тұратыны белгілі болды. Осыған орай қала әкімдігі автобустардың аралық уақытын қысқартуға ықпал етіп, жаңа аялдамаларды орнатқан соң бұл мәселені бақылауға алатын болды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button