Әдебиет

Үміт үзеңгісі

Өлеңге таласы бар өзіндей жастармен қанаттасып жүрген темірлік Ершат Қайболдиннің биылғы табыстарының бірі — аудан әкімдігінің қолдауымен алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарғаны. Қазақ айтысының қазіргі белгілі өкілдерінің біріне айналған жас ақынның жазба өнерге басқан қадамына үміт арта отырып, оқырман қауымға оның осы жинағына жазылған алғысөз бен өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз.

Бұл жинақтың атауының өзі қызық: «Мен қыз іздеймін». Жарнама мәтіні секілді. Ал, шындығына келсек, әрі-беріден соң, өлеңді жарнамадан біржола тысқары дүние деп те айту және қиын. Неге десеңіз, өлең — сіздің қабілет-қарымыңыздың жарнамасы. Бұны бір деп қоялық. Екіншіден, жалынды жастық дәуреннен онша алыстап кете қоймаған Ершат алғашқы жинағына әлдебір зор қоғамдық-саяси жүк көтеріп тұратын аса салмақты атау берер болса, дереу қостай қоятынымызға және сенім жоқ. Сол себепті, пьесаға ма, скетчке ме, әйтеуір, қызықты бір оқиғаға лайықты көрінетіндей бұл атауды терістей алмадық. Қазір ақындығына қоса ғылым кандидаты, беделді мемлекеттік қызметкер, үлгілі отбасы иесі атанып отырған Батырболат Айтболатұлы ініміз ертеректе көктемгі бес-он жапырақтың салмағынан сәл ауырлау, жұп-жұқа тұңғыш жинағын «Мен ғашық қыз» деп атағанын ұмытқамыз жоқ. Қалай болғанда да, сол кездегі Батырболаттың, қазіргі Ершаттың творчестводағы ілкі қадамына қыз елесінің ілесуін адал ықыластың сүйкімді лебіне балаймыз.

Хош. Енді жинақтың ішкі парақтарына көшелік.

Әлбетте, Ершат Қайболдинді Ақтөбе жұрты ғана емес, ақындар айтысын қадағалап жүретін мол қауым қазақ жақсы біледі. Төлеген мен Мұқағали бар, Қадыр мен Тұманбай бар, Сағи мен Өтежан бар, әйтеуір, әдебиетке әрідегі 60-жылдардың басында қосылған соншама көп талант жапа-тармағай жыр маржанын дестелеп, сауатты қазақты ойлы оқырман қауымға айналдыра бастаған үрдіске берідегі 80-жылдар өресінде қайта дамыған айтыс бір бүйірден килігіп, әлгі оқырман қауым қайтадан тыңдарман қауымға айнала бастағаны қауіп ойлатқанмен де, өз ініміз болғандықтан Ершаттың сондай-сондай орталарда озып келген сәттеріне ішіміз жылып қалатынын несін жасырайық. Сөйткен Ершаттың кәдімгі лирикаға да таласы бар болып шықты.

Дегенмен Ершат жазба ақындыққа қол созғанымен де бәрібір айтысқа тән элементтерден ада-күде қашып құтыла алмайтыны белгілі. Бұл жетістік пе, әлде кемшілік пе, оны уақыт көрсетеді. Мысалы, айтыс өнеріне тән әлдебір элементтер қазақтың аяулы ақындарының бірі Есенқұл Жақыпбековтің өлеңдеріне екінің бірінің қолы жете бермейтін өзгеше айшықтар қосқанын сезінетініміз бар. Айталық, айтыста қойылған сауалды жауапсыз қалдыру — сауатсыздық. Сол себепті айтыскерлер ұтымды жауап табу арқылы ұпай жинайды. Егер ол жауабыңыз юмор-әзілмен түйінделіп жатса, тіпті тамаша. Ершаттың осы жинақтағы  «Көререміз…» немесе «Өзің біл…» әйтпесе «Өзіміз білейік» деген тәрізді бірқатар өлеңдерінде шындығына келгенде салмақпен айтылуға тиісті өкпе-наздың соңы езу тартуға шақыратын тармақтармен аяқталуы әлгі айтыс мектебінің татымды тәлімі екеніне келіспеу қиын.

Тағы бір есте ұстайтын жайт, Ершаттың өлеңдері тұтастана өріледі. Ол өзі объекті етіп алған тақырыпты алғашқы шумақтан соңғы шумаққа дейін назардан қағыс қалдырмайды, айтылмақ ішкі сырын бір тіннің өзегінен шығармай ұстап отырады. Сырттай қарағанда, бұлайша жазу созылмалы ежіктеу тәрізді болып көрінгенімен, егер автор басты айтпақ ойын осы тәсіл арқылы жеткізудің орайын тапса, оқырман аса жалыға да қоймайды. Ершат өз өлеңдерінің басым бөлігін осы қисынға жүгіндіреді екен. Жинақтағы «Жауларыма немесе достарыма» әйтпесе «Сәби болғым келмейді…» деген тәрізді бірқатар өлеңдер осындай дәстүршілдікке қоса негізгі айтылмақ түйінді параллельдік қайталаулар арқылы жетелеулердің де сәтті болатынын аңғартады. Осының бір тәуір мысалы — мұқабаны меншіктенген «Мен қыз іздеймін» атты өлең. Әр төрт шумақты тұрақты түрде бастай отырып қайталанатын, бұл дүниедегі ең асыл қасиеттерді бойына сіңірген, табылуы қиын қызды сипаттайтын осы жыр-сөйлем бесінші шумақты әдемі түрде түйіндеп береді: «Мен қыз іздеймін… / Жүректе — Алла, аузында тәубасы бар, / Араласа бермейтін дауға шұбар. /Жоқ нәрсені іздеу де қиын екен, /Бірақ, бар да шығар…».

Жалпы бұл жинақтың тақырып аясы да әр жақтан атойлап тұратындай көп қырлы емес, негізгі желі бір өзектес — жастық пен ғашықтық, сағыну мен сарылу, өкпелі наз бен өтпелі нала… Ал өлең өлкесіне енді қадам басқан, оның үстіне улы-шулы, әркім өз мүлкінің нарқын бағамдап алуға мүмкіндік табылатын әдеби ортадан шалғайлау жүрген жас өренге бұл да аз сыбаға емес. Тіпті көп сыбағаға ие болу үшін жалпақ жаһан мен жатаған қоғамның әр жыртығына бір үңіліп, көз қарықтырғанмен, көкіректі шымшымайтын мозаика құрастырудың қажеті де жоқ. Осындай және осыған ұқсас мінәйі себептерге байланысты аз алғысөзімізде көп мәселені қозғай алмадық.

Біздің мақсатымыз — өлеңмен дерттеніп туып, енді айтыс пен лириканы қоса-қабат өрістетуді талап еткен жастың қадамына сәттілік тілеу. Бұның арғы жағы Ершаттың өзіне байланысты.

Енді аз-кем сөзді Ершаттың жанашырларына арнайық. Әрине, аудан әкімі өнерлі талапкерлерге, соның ішінде жас ақындарға да қамқорлық жасауы қажет-ақ. Солай бола тұрса да өз әкесі Нұрланның қалам тербеп, өлең жазатынын көріп өскен Темір ауданының әкімі Жолдас Нұрланұлы Қалмағанбетовтің туған топырағында жүрген жас жігітке ықыласы түсіп, әуелі істің орайы келмей тұрғанын айтумен басталатын әңгімелерді қайталамай, Ершаттың жеке жинағын шығаруды ескеруі құптарлық-ақ қадам, орынды үміт. Сол үміт ақталғай.

Ертай АШЫҚБАЕВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Ершат ҚАЙБОЛДИН

Қайран балалық
Кез қайда асық атып, ләңгі ойнаған?
Доп теуіп, тезек теріп, арба айдаған.
Апырай, түсінбеймін… осы неге
Мәңгілік бала болып қалмайды адам?
Есейген қандай жаман?…

Парталас құрбы қайда сыныптағы,
Дос қайда шұрқ-тесік шұлықтары?
Солармен асыр салып ойнар едім,
Алдымнан бір шықса ғой күліп тағы.
Кетті ғой құрып бәрі…

Кеше мен ғашық болған сұлу қайда?
Оған енді басқалар қырындай ма?
Ол ару маған қайтып жолықпай ма,
Ол үшін бақшадан гүл жұлынбай ма?
Ол кездер бұрылмай ма?…

Көршім қайда бір нанды бөліп жеген?
Дастарқанда шырқайтын көңілді өлең.
Есігін қақпай кіріп тар үйінің,
Отыратын едім ғой төрінде мен.
Өтті ғой өмір деген…

Ал қазір сол қызықтың қайда бәрі?
Ішімді өртеп барады қайғы алауы…
Сағынады адамдар өткен шағын,
Қазіргі түрін көрсе айнадағы.
Бәрі-бәрі келмеске айналады…

Кешіріңдерші, адамдар…
Өтірік айтып, алдаған болсам,
Қарапайымдау болмаған болсам.
Сендерге сәлем бермеген болсам,
Сәлемдеріңді алмаған болсам.
КЕШІРІҢДЕРШІ, АДАМДАР!

Шындықтарыңа сенбеген болсам,
Керек кездерде келмеген болсам.
Сендерге ақша қажет болғанда,
Бар бола тұрып бермеген болсам.
КЕШІРІҢДЕРШІ, АДАМДАР!

 

Еш жақсылық қылмаған болсам,

Жақсылығымды бұлдаған болсам.
Мал-мүлік, алтын-ақша түгілі,
Ұйқыларыңды ұрлаған болсам.
КЕШІРІҢДЕРШІ, АДАМДАР!

 

Келемеж қылып, ойнаған болсам,
Қара басымды ойлаған болсам.
Бастарыңа күн туған кезде,
Туған күнімді тойлаған болсам.
КЕШІРІҢДЕРШІ, АДАМДАР!

 

Өтініштеріңе «өй» деген болсам,
Арам ниетті ойменен болсам.
Досым түгілі дұшпандарыма,
Ашумен қатты сөйлеген болсам.
КЕШІРІҢДЕРШІ, АДАМДАР!

Мен қыз іздеймін…
Үзіліп-ақ, тұратын сызылып-ақ,
Иманды болу керек жүзі бірақ.
Бойынан ойы биік болса деймін,
Тілі қысқа, етегі ұзынырақ.

Мен қыз іздеймін…
Көп көзіне түсуге ұялатын,
Мені ғана жүрекпен сүйе алатын.
Әке-шешем мақтанып қонағына,
«Мынау менің келінім» дей алатын.

Мен қыз іздеймін…
Әңгіменің айтатын шын-айқынын,
Жындылау мінезіме шыдайтұғын.
Мені біреу жамандап отырғанын,
Естіп қалса еңкілдеп жылайтұғын.

Мен қыз іздеймін…
Біреудің байлығына қарамайтын,
Мендегі бар нәрсені бағалайтын.
«Ерім ғой» деп алдымда бас иетін,
Өзін менен ақылды санамайтын.

 

Мен қыз іздеймін…
Жүректе Алла, аузында тәубасы бар,
Араласа бермейтін дауға шұбар.
Жоқ нәрсені іздеу де қиын екен,
Бірақ, бар да шығар…

Дұшпан мен дос

Дүниеге келмей — қайда келесің?
Өмірдің ұқтым майдан-егесін!
Достың алдында ақ адал болсаң,
Дұшпаныңнан да пайда көресің.

Сорлы басыма бақ та қонады,
Тастай көңілім мақта болады.
Бір жауым мені даттаған кезде,
Көп досым мені ақтап алады.

 

Жеңсем деп дұшпан мұрат қылады,
Жүзеге аспас бірақ бұлары.
Бір жауым мені күлкі қылғанда,
Мен үшін көп дос жылап тұрады.

 

Дұшпанға деген кетер бұл өкпе,
Достардың сөзі жетер жүрекке.
Бір жауым мені жер қылған кезде,
Көп досым мені көтерді көкке.

 

Жауым мен досым — пілдей тірегім,
Екеуіне де бірдей тілегім…
Бір жауым менің болмаса егер,
Көп досым барын білмейтін едім.

Бала шақ пен болашақ

Есте бала шағымəлi,

Кезген дала қыр-белдi.

Жүрекқұрғырсағынады,

Сайрансалғанкүндердi.

 

Бəрiқайтыпболаалама?

Жiгiтболдымбүгiн мен.

Солшақтарым орала ма?

Шыбықмiнiпжүгiрген.

 

Əжiмтүстiбет-аранға,

Зиянекенкүлгенде.

Атпенқусам жете алам ба?

Арманқуғанкүндерге?

 

Қайтем, тағдырберместiайтып,

Өмiрсондай арам-ез!

Қайырылыпкелмесқайтып,

Қойқайырған бала кез.

 

Сұлуғабiрболсақдедiм,

Дəмiнтатпайшынудың.

Жоғалдыендiсолсəттерiм,

Сырғасындайсұлудың!

 

Маңдайғаесiпмайдалептi,

Күндер, жылдар, айларөттi.

Қайранқамсызеркекүнiм,

Жайлапөптi…қайдакеттi?!

Қайдасың?

Кездескен сәтте ең алғаш сызылып күлдің,
Үздігіп қарап үн-түнсіз, үзіліп тындың.
Мен саған қызығып тұрдым…

 

Сенің де сонда сезімің сезіліп тұрды,
Толқындай тулап жүрегің езіліп тынды.
Барлығын көзің ұқтырды…

 

Сол күннен бастап мен сені жырламадым ба?
Сол түннен бастап ұйқыңды ұрламадым ба?
Әнімді тыңдамадың ба?

 

Екеумізге де күн туып құтылар мұңнан,
Бақытың болып тұрушы ем күтіп алдыңнан.
Біздерді бүкілі ән қылған…

 

Талай ғашықтар табысқан нұрлы белесте,
Сырласып бізде кешқұрым жүрдік емес пе?
Айналды бұл күн елеске…

 

Деуші едім сені «бақытым, айдан да әдемім»,
Қапыда менің қайғыма айналған едің.
Бағым сәл тайғанда менің…

 

Екеуміз сосын қоштасып кете барғанбыз,
Бөтен жандармыз бұл күнде бөтен арманбыз.
Жалғанда жеке қалғанбыз…

 

Содан бері сен маған хабарласпадың,
Содан бері сен жаққа қадам баспадым.
Өйткені, саған басқамын…

 

Қайтадан саған баруға бәрі кеш еді,
Сағынып жүрмін жарығым, әлі де сені.
Жансың-ау бағы бес елі…

 

Қайдасың?

Жаным, арманым!

Жаным, ардағым,
Алып арманым.
Сезімімді сен неге қабыл алмадың?
Өмір өтер, менің де табылар бағым,
Қалауымен болады бәрі де Алланың!!!

 

Жаным, жарқыным,
Сабырлы алтыным.
Мен өзіңсіз өмірде жарым-жартымын.
Сенсіз сыздап таппайды қабырғам тыным,
Көрмейсіңбе Жаныңның сағынған түрін!

 

Жаным, жыр-әнім,
Лағыл-бұлағым,
«Бақытым» деп мен сені бағым қыламын,
Өткен күннің жүрегім сағынды бәрін.
Өзің келіп жұбатшы жанымды, Жаным!

*   *   *

 

Сен қайдасың, мен қайдамын, қайдамыз?
Сырымызды шертуші едік айға біз.
Енді екеуміз өтеміз бе жолықпай,
Тағдырымыз тоғыстырмас тайғақ із.

 

Сен кеттің бе, мен кеттім бе, кеттік пе?
Жететұғын жерімізге жеттік пе?
Енді сені сағынышпен күтпеймін,
Сенде мені оралады деп күтпе.
Махаббатқа қояйықшы көп нүкте…

 

Сен кімгесің, мен кімгемін, кімгеміз?
Бұл дүние бірде — көктем, бірде — күз.
Сірә, жаным, сен көктемсің, мен күзбін,
Бірге бола алмаймыз-ау мүлде біз.

 

Сен күрсіндің, мен күрсіндім, күрсіндік,
Екі жүрек күрсінгені бір сұмдық.
Бақыттан бас тартпаймыз деп құлшындық,
Біз бақытты бола алмадық, бұл — шындық.

 

Сен басқасың, мен басқамын, басқамыз,
Әуел баста жолықтық-ау босқа біз.
Сені ойлап, жүрегіммен жыр жаздым,
Мені ойлап, жанарыңнан жас тамыз!

 

Сен амансың, мен аманмын, аманбыз,
Аман болсақ бір кездесіп қалармыз.
Болар-болмас махаббатқа адалмыз,
Бақытымыз болса іздеп табармыз.
Хош бол, жақсы… Жаман қыз!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button