Басты жаңалықтарСпорт

Балалар футболы қайтсе дамиды?

Оқушылар арасында спортты дамыту мақсатында облыстың көптеген мектептерінде  аула клубтары құрылып, жекелеген және командалық спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істей бастады. Негізінен көпшілік аула клубтарында балалар футболының дамуына басым бағыт берілді. Шетел тәжірибелерінен де үйрену жоспарланды. Осы бағыттағы бір шара — 2012 жылдың 18 шілдесінде Неміс футбол одағының штаб-пәтерінде Қазақстан мен Германия футбол федерациялары арасында қол қойылған әріптестік туралы меморандум. Мақсат — балалар футболын дамытуда  әлемдегі ең ірі футбол державаларының бірі болып саналатын Германия тәжірибесін үйрену. Бала жастан талантты футболшы шығаруға дейінгі немістер тәжірибесін енгізу де жоспарланды. Осы мақсатта  еліміздегі балалар футболын дамытуға арналған «2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасы»  бағдарламасы  қолға алынды. Аталған бағдарлама аясында еліміздің әр облысында, оның ішінде Ақтөбе қаласында да футбол орталығы бой көтерді. «Футболмен өмір сүретін қала» атанып кеткен Ақтөбеде бұл спорт түріне қызығатын жас өрендердің қатары  жыл сайын саны артып келеді. Облыстағы балалар футболының қазіргі жағдайы туралы  Ақтөбе мектеп лигасының төрағасы Арслан Ақаев баяндап берді.

— Лига облыс мектептерінде денешынықтыру сабағында футбол сабақтарын өткізу жобасын қолға алдыңыздар. Бұл қандай деңгейде іске асты? Қарсы шыққандар болды ма?

— 2017 жылдан бастап Ақтөбе облысының мектептерінде  футбол сабақтарын өткізу қолға алынды.  Алғашқы жылдары ол тек сегіз мектепте жүргізілсе, бүгінгі күні 46 мектептің оқушылары доп теуіп жүр. Сабаққа 1-7 сынып оқушылары қатысады. Жақында  облыстық футбол федерациясы  46 мектепке бес доптан таратты.

Футбол сабағы өткізілетін мектептердің денешынықтыру пәні бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Ең алдымен, дене шынықтыру пәні  мұғалімдеріне  әдістемелер жіберіп, практикалық тәжірибелермен бөлістік.  Байқағанымыздай, дене тәрбиесі пәнінен оқытушылық құрам жаңарып, көбіне мектепке жас мамандар келіп жатыр екен. Олардың ішінде  кәсіпқой футболға өте алмай қалған жігіттер де баршылық. Балаларды футболға баулу жөнінде сөйлескенде, көпшілігінің көздері жанып тұрды. Біз осыған қуандық.

Екі жылдан бері футбол сабақтарын өткізіп жүрген мектептер қазір нәтиже бере алады деп ойлайсыз ба?

— Нәтиже күту әзір ертерек. Себебі, бұл жобаның басталғанына  екі жарым жыл ғана өтті. Оқушылар облыстық турнирлерге қатысып, ойын тәжірибелерін қалыптастырып, жасыл алаңда шеберліктерін шыңдауы тиіс. Футбол сабағы спорт саласы басшыларының тарапынан қолдау тауып, мектептерде өткізілуі жалғаса берсе, үш жылдан кейін жақсы нәтиже  беріп қалары анық. Талантты балаға талантты ұстаз тап болса, бағы жанары сөзсіз. Ол үшін мектеп мұғалімдерін   футболдың жаңа әдістемелер жиынтығымен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл — үздіксіз еңбекті, үздіксі ізденісті қажет ететін жұмыс.

— Талапкер қалай таңдалады?

— Жыл сайын күз айларында   балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне қабылдау  басталады. Арнайы мектепке  өтініш жазып, медициналық анықтамамен келген балалар  футбол элементтерінен сынақ тапсырады.  Ал өздері оқитын  мектептерден  арнайы бағдарламаны игеріп келген  оқушыға бұл  сынақтан сүрінбей өту  қиын емес. Орта мектептердегі футбол сабақтары осылайша  талантты жастарды іріктейтін алғашқы баспалдақ. Ал мына мектепке қабылданып жатса, жас өреннің жұлдызын жағуға болады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта еліміздің  барлық облыстарында  мектептерде футбол сабағын өткізу жобасы жоғары қарқын алып келеді.

— Арслан, сіз мектептегі футбол лигасы жобасының  авторысыз. Біздің облыста жыл сайын «Мектеп лигасы» деген атпен мектептің бастауыш сынып  оқушылары арасында жарыс өтеді. Неге тек бастауыштың балалары ғана қатысады? Жасөспірімдер арасындағы жарыс неге қолға алынбады?

— Кез келген спортта  балалар 8-9 жастан бастап қабылданады. Егер ол  орта жолда тастап кетпей, үздіксіз өзін-өзі жетілдірсе, жақсы нәтижелерге жететіні сөзсіз. 2017 жылы футбол сабағын енгізгеннен кейін бастауыш сынып балаларынан құралған командалар арасында ойын өткізуді қолға алдық. Басында қаладағы кейбір ғана мектептер,  «Жастар», «Сымбат» жекеменшік мектептері, «Ақтөбе» балалар футбол клубтары ғана  қатысты. Араға екі жыл салып лигаға қатысушылар саны айтарлықтай көбейді. Бүгінде 76 мектептен 3260 бала лигада ойнау мүмкіндігіне ие. Негізі лигада ойнау үшін 80-нен астам мектеп өтінім білдіргенімен,   кейбір мектептер қаладан алыс орналасқандықтан, лигаға қатысуға мүмкіндіктері болмай қалды.

Мектеп лигасын жүзеге асыру — менің идеям. Ойымды  футбол саласында қызмет етіп жүрген мамандарға айтып едім, олар бірден қолдады. Мектеп оқушыларының арасындағы футболдан өтетін лига екі жылдан бері тұрақты өтіп келеді.

— Бүгінде облыстық жастар футбол  лигасының қанша мүшесі бар?

— Қатысушылар саны биылғы жылы 5000-ға жуықтады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тоғыз ай көлемінде анықталады. Футбол ойындары  оқушылардың сабақты игергендерімен қатар, кемшін тұстарын да айқындап береді. 2020 жылы бірінші және екінші сынып жеңімпаздары Шымкент қаласындағы «Биік Қазығұрт» спорт кешеніне, үшінші сынып арасында топ жарған команда Испанияның әйгілі корольдік клубы «Реал Мадридтің» кампусына бір аптаға оқуға жіберіледі.

Мектеп лигасын өткізуге меценат Бауыржан Өмірзақ, «Дару» клиникасы, «Транстелеком Связь» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Байбек Құрылыс» ЖШС, «Qurylys Engineering» ЖШС, Сбербанк, «Тағам» ЖШС, «Дом сувениров», «Медикум Центр», «Ақтөбе Дизайн» ЖК, «Спорт Star» демеушілік жасайды. Ақтөбе қалалық әкімдігі тарапынан да қолдау бар.  «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС өткен жылы мектеп лигасына қатысатын 2-сынып оқушыларына футбол формаларын, «Дару» клиникасының басшысы Ғалымжан Елеуов спорттық ойын формаларын сыйға тартқан.

— Балалар футбол ойындарын өткізгенде қандай кемшіліктер байқадыңыз?

 

— Мектеп лигасының биылғы жылғы ойындары кезінде  қаладағы жасыл алаңдардың сапасын тексеріп, кемшіліктерін дәптерге түртіп алдым. Көптеген жасыл алаңдардың сапасы сын көтермейді. Барлығын ауыстырып, қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ойын өткізуге болатын алаңдар да жоқ емес. Бірнеше аудандық мектептерге де барып, оқушыларға футбол сабақтарын өткіздім, пән мұғалімдеріне қажетті ойын құралдарын табыстап кеттім. Аудандарда материалдық база төмен, доп пен спорттық киім жоқ. Оған қоса мектеп оқушылары арасында аудандық деңгейде футбол жарыстары көп өткізіле бермейді. Егер бала турнирлерге қатыспаса, онда  алға жылжу болмайды. Доп тебуге аса ықыласты  аудандық, ауылдық жердегі ашылмаған таланттарды қолдау керек. Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейі жоғары болуы керек. Біздегі  кадрлардың деңгейі, біліктілік санаты әртүрлі, жалақылары да мардымсыз. Облысымызда кәсіби деңгейі жоғары жаттықтырушылар саны аз. Олардың арасында бәсекелестік болуы керек, әйтпесе футбол дамымайды.

Футбол — аса қауіпті мамандықтардың бірі. Себебі баласын бергенде, ең бірінші жаттықтырушысына сеніп тапсырады. Ал ол баланың жаттығу кезінде жарақат алып қалмауын қатаң қадағалауы тиіс. Қазіргі кезде балалар  футбол  орталықтарында жұмыс істейтін  кейбір мамандардың бұрын доп тепкенін өз басым көрген жоқпын. Ендеше олар  қалай жаттықтырушы болып жүр?

Футболшыға жаттықтырушымен бірге  психолог та керек. Жалғыз жаттықтырушы ойын кезінде   барлығына бірдей көңіл бөле алмауы мүмкін. Ал командадағы білікті психолог  баланың жасыған жігерін қайта жандандырып қана қоймай, ойын кезінде бұрын көрсетпеген жаңа қырларының ашылуына ықпал етеді. Әрбір психолог баламен ұдайы жұмыс жүргізуі тиіс. Себебі кез келген жарыста  салмақ  бала психологиясы мен физикалық дайындығына түседі.

Облыста  тәжірибелі футбол мамандары жұмыс істейтін қандай  орталықтар бар?

Мәселен, қаладағы №8 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық олимпиадалық резерв мектебін атап айтуға болады. Бұл мектепте жұмыс жасайтын тәжірибелі жаттықтырушылар талай баланың қанатын қатайтты.  Бүгінде Ақтөбе футбол клубында ойнайтын кейбір футболшылар доп тебуді аула клубынан бастаған Ақтөбе ФК-ның бұрынғы ойыншылары Юрий Логвиненко, Дидар Жалмұқан, бүгінде клубтың жарық жұлдызына айналған Абат Айымбетов, Асланбек Кәкімов, Бағдат Қайыров, Игорь Трофимец сынды талантты есімдер — осы олимпиадалық резерв мектебінің тәлімгерлері. Бүгінде артылған сенімді толықтай ақтап, клуб намысын абыроймен қорғап жүр. Міне, біздің облыста аула клубтарынан шыққан көптеген таланттар бар. Ең бастысы, баланы футбол үйірмесіне беретін кезде тәжірибелі маманды таңдай біліп, темірдей тәртіппен тәрбиелейтін спорт мектебіне тапсырса жеткілікті.

— Клубқа қабылданбаған балалар қайда жаттығады?

— Ақтөбе балалар футбол клубы, не №8 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық олимпиадалық резерв мектебіне оқи алмаса, кез келген ақылы жеке мектептерде дайындық жүргізе  алады. Жеке мектептерде тәлім беретін білікті мамандар футболдың жаңаша элементтерін баланың санасына сіңіре алады. Ақтөбеде жеке мектептер көптеп ашылса, балалар футболы жоғары қарқынмен дамиды.

Жыл сайын облыстағы футбол спортына 400 миллион теңге бөлінеді. Бірақ Қазақстан чемпионаты сияқты айтулы жарыста жеңімпаз атанып, жүлде алып жүрген Ақтөбе балалар футбол клубына материалдық тұрғыда құрал-жабдықтар жетіспей жататыны бірден байқалады. Бұл — үлкен мәселе.

— Әңгімеңізге рақмет!

  Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button