Басты жаңалықтарЖастар

Ауылға барды, баспана алды

Жолдау

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Бүгінгі күні облыста «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен елді мекендерге барып, білім беру, медицина, спорт саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жастар көп. Олар мемлекет тарапынан көтермеақы және баспаналы болуға берілетін жеңілдетілген несие алып, бүгінде өз қызметтерінде жақсы жетістікке жетуде. Олардың бірқатары туған жеріне барып қызмет етсе, енді біреулері қаладан ауылға барып, тәжірибе жинақтап жүр.

Туған жерін түлеткен Тұрар

Тұрар Мұратов — «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен туған жеріне келіп, еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі. Ол Шалқар ауданының Аққайтым ауылындағы Жаңақоныс орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. 2011 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша аяқтаған ол кейін Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, математика мамандығын меңгерген.

Ауыл мектебінде 8 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Туған жерім — Кішіқұм ауылы. Ол ауданның оңтүстігінде, аудан орталығына 110 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал Аққайтым ауылы ауданның оңтүстік- батысында орналасқан, Шалқар қаласына 50 шақырым қашықтықта жатыр. Бүгінгі күні ата-анам Кішіқұмда тұрады. Негізі Шалқар ауданының құмы екіге бөлінеді. Туған жерім Кішіқұм елді мекені болса, тұрып жатқан ауылым Ұлы борсық құмына жатады. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы осы елді мекенге келіп, еңбек жолын бастадым. Бағдарлама арқылы 4 бөлмелі үй сатып алдым. Мемлекет тарапынан жас маман ретінде көтермеақы да берілді. Ауыл шағын болғанымен, мұнда жастарға барлық жағдай жасалған. 2009 жылы ауылға көгілдір отын келсе, 2015 жылы Бейнеу-Шалқар теміржол бағыты бойынша пойыз қатынайтын болды. 2017 жылы елді мекенге ауызсу тартылып, бүгінде барлық үйдің ауласына су «кіріп» тұр. Мектепте жас мамандар да бар. Қазіргі таңда мектебімізде 93 оқушы білім алуда. Жалпы ауылда 105 түтін бар. Ауылдың жағдайы жақсы, тез үйренісіп кеттім. Тек бір айтып кететін жайт, ауылымызға әлі күнге дейін байланыс желісі тартылмай отыр, — дейді жас маман.

Тұрар еңбек жолын ауыл мектебінен бастағанына ерекше қуанады. Мұнда ол ауыл балаларына физика пәнінің қыр-сырын үйретумен қатар, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде үздіксіз еңбек етіп келеді. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын жас маман ұжымына беделді, ауылға сыйлы. Мектептегі оқу және тәрбие процесін қадағалап, ауылда ұйымдастырылатын мәдени шаралардың үнемі басы-қасында жүретін жас маманның бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, Тұрар 2013-2019 жылдар аралығында облыстық, аудандық сайыстар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болса, оқушылары облыстық, аудандық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүр. Сондай-ақ жас маман шығармашыл, дарынды оқушылар дайындағаны үшін облыстық білім басқармасы мен аудан әкімінің арнайы Алғыс хатымен де марапатталған.

— Мектепке келген күннен бастап еліміздің болашағы — жас ұрпақты тәрбиелеуде маған жүктелер жауапкершіліктің орасан зор екенін түсіндім. Жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу — осы мемлекетте өмір сүретін, алдыңғы толқын бастаған істерді жалғастыратын, оны жетілдіріп, келер ұрпаққа қалдыратын тұлғаларды қалыптастыру. Біздің мақсатымыз да осы. Шәкірттеріміз саналы, тәртіпті, белсенді, білімді болса, міне, ұстаздар үшін бұл ең үлкен мәртебе, — дейді кейіпкеріміз.

Жас маман сөз арасында биылғы Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған басым бағыттары мен ұстаздарға деген қамқорлығы туралы өз пікірін де білдірді.

Биылғы Жолдауда Президентіміз ұстаздар мерейін, мәртебесін көтеру, жас мамандарға қолдау таныту, оның ішінде ауыл-аймақтарға барып біз сияқты еңбек еткісі келетін жастарға ерекше қамқорлық көрсету керектігін баса айтты. Сол үшін де биылғы Жолдау маған ерекше ұнады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын қаржыландыруға 20 миллиард теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш, — дейді Тұрар.

Айта кету керек, бүгінде Тұрар Мұратов — білікті ұстаз ғана емес, отбасында екі бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Болашақта ол дарынды шәкірттер тәрбиелеп, ұстаздық жолда жаңа белестерді бағындырмақ. Жас маманға сәттілік және еңбекте табыс тілейміз!

Алғыс арқалаған жас дәрігер

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен ауылға барып жұмыс жасап жүрген жастардың бірі — Жадыра Сүйіндікова. Ол 2017 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін бітірген. Мамандығы — жалпы тәжірибелі дәрігер. Қазір жас маман Қобда аудандық ауруханасының емханасында өз мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Оқу орнын аяқтаған соң, Жадыра облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Қобда ауылына келген. Туған жері — Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы.

  • Аталған бағдарламамен Қобда ауылына келіп, жұмыс жасап жатқаныма екі жыл болды. Жолдасым екеуміз осында отбасымызбен көшіп келіп, жұмысқа орналастық. Қазір екеуміз өз мамандығымыз бойынша қызмет жасап жатырмыз. Қобда жері — батырлардың мекені. Бұл жердің халқы ұйымшыл, өте бауырмал, шыншыл.

Жас маман болып келген күннен бастап аудандық аурухананың бас дәрігері Ботакөз Сәренова бастаған ұжым маған қамқорлықпен қарады. Атап айтсам, Ботакөз Сәренова баспана алуға кезек күткен уақытта тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қол ұшын берсе, бас дәрігердің орынбасары, тәжірибелі терапевт Әлия Пернебаева мен аудандық педиатр Бақтыгүл Толыбаева маған бар білгендерін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Бүгінде сол алған тәжірибенің арқасында науқастарды емдеп, медицина саласында аянбай еңбек етіп келемін. Күніне 30-40 адамды қабылдаймыз. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар. Жалпы біздің ауруханада мен сияқты 7-8 жас маман жұмыс істейді. Қоғамдық шараларға да атсалысып, ауданның медицина саласының дамуына өз үлесімді қосып келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Қолдан келгенше ауырған адамның дертіне шипа тауып, оларды ауруынан айықтыруға асығып тұрамын, — дейді жас дәрігер.

Ауданға келгеніне екі-ақ жыл болса да Жадыра бүгінде аудан тұрғындарының алғысына бөленіп, қариялардың батасын алып жүр. Ұжымына сыйлы, өз ісіне жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын жас маман алдағы уақытта беделді, тәжірибелі маман болуды армандайды. Оның басты мақсаты — қызметіне адал, білікті дәрігер болу.

Отбасында бес бала тәрбиелендік. Кішкентай кезімнен ақ халат киіп, дәрігер болуды армандадым. Міне, сол арманым орындалып, бүгінде қасиетті Қобда жерінде абыройлы еңбек етіп келемін. Жалпы ауданда әр салада жетістікке жетіп, қызмет етіп жүрген жастар көп. Оның ішінде «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен келіп, баспаналы болып жатқандар аз емес. Жастар еңбек жолын ауылдық жерлерден бастап, тәжірибе жинап, өз мамандығының қыр-сырын меңгерсе, болашақта жақсы маман болып шығады деп ойлаймын. Ең бастысы, өз ісің мен мамандығыңды сүю керек. Сонда ғана жетістікке жетесің, — дейді ол.

Айта кету керек, Жадыра бүгінде отбасымен бағдарламамен алған баспанасында тұрып жатыр. Сондай-ақ жас маман мемлекет тарапынан көтермеақы да алған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button