Жаңалықтар

Үлкен кісілердің денсаулығы — партия назарында

Халықаралық қарттар күніне орай Nur Otan партиясының облыстық филиалы қаладағы №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тұрғындарына дәрігерлік тексеру ұйымдастырды. Арнайы шара барысында қарияларды Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің білікті дәрігерлері қабылдап, кеңес берді.

Орталықтың бас мейірбикесі Гүлсара Бисалиеваның айтуынша, орталықта тұратын 225 қарияның 95-і мүмкіндігі шектеулі болса, 83-і — төсек тартып жатқандар.

— Мұнда тұратын қарияларға дәрігерлер мен 20-ға  жуық мейірбике уақытылы медициналық көмек көрсетіп отырады. Дегенмен лор, окулист, уролог дәрігерлердің көмегі үнемі қажет, — дейді бас мейірбике.

Бір күн бойы ұйымдастырылған шара барысында қариялар окулист, лор, уролог, терапевт, невропатолог дәрігерлердің қабылдауында болды.

Орталықта 5 жылға жуық уақыттан бері тұрып жатқан Мәрияш Бірекешова бірнеше дәрігерге қаралып, кеңес алған. 2013 жылы обыр ауруына шалдығып ота жасатқан ол, айтулы шараны ұйымдастырып жатқан нұротандықтарға алғысын айтты.

— Орталықта дәрігерлер бар. Үнемі қарап, жағдайымызды сұрап тұрады. Дегенмен, жасымыздың үлкейгендігі бар, қан қысымымыз бар, бізге дәрігердің көмегі үнемі қажет. Бүгін барлық дәрігерлердің басын біріктіріп, бізге арнайы шара ұйымдастырып жатқандарыңызға рақмет. Үлкенді сыйлаған қор болмайды. Ақ батамды бердім, — деп тілегін айтты қария.

Өмір жолынан сыр шертіп, емен-жарқын әңгімелескен қарт әжей кезінде кеңшарда сауыншы болғанын, одан кейінгі жылдары мектепте кіші қызметкер болып жұмыс жасағанын айтты. Балалары болмаған соң, жолдасы дүниеден озғасын ағайын-тумаға масыл болмайын деп орталыққа келген.

Айта кету керек, 2016 жылмен салыстырғанда орталықтағы қариялар саны біршама азайған. Бұрын мұнда 300-ден астам қарт тұрған болса, бүгінде олардың саны — 225. 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button