Жаңалықтар

Мұғалжар ауданы қысқа дайын

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына жұмыс бабымен барды. Сапар барысында әлеуметтік нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.

Өндірістік әлеуеті жоғары, даму көрсеткіші жылдан-жылға қарқын алып келе жатқан қала —  теміржол мен көлік қозғалысы көп жүретін тоғыз жолдың торабы. Халық саны күн сайын өсіп келеді. Соның бір дәлелі — қаладағы 5 мектептің бірі — №1 жалпы білім беретін орта мектебінде мыңға тарта бала оқиды.

Ендігі жылы «Самал» шағын ауданында тағы бір білім ошағы бой көтермек. Оған жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұдан екі жыл бұрын мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде 150 орындық балабақша салған жергілікті кәсіпкер Ғалима Сұлтанқызы тағы бір 180 орындық балабақша қазан айында балаларға есігін ашатынын айтты.

Өзім 30 жыл ұстаздық еттім. Балаларға не керек екенін білемін. Сондықтан елге аз да болса пайдам тисін деп балабақша салуды мақсат еттім. Ал балаларға барлық жағдай жасалуы керек. «Бақытты бала» балабақшасында 10 тәрбиеші мен бес көмекші жұмыс жасайды.  Ең бастысы, санитарлық тазалыққа баса мән беріледі, — дейді кәсіпкер.

Биыл 124 отбасы жалдамалы пәтерге көшпек. Қаланың қақ ортасындағы 90 пәтерлік 5 қабатты үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып қалған. Аудандық  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Амангүл Үрістемованың айтуынша, биыл бұған 237 миллион теңге бөлінген. 1,2,3 бөлмелі пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Айына коммуналдық төлемдерінен бөлек 4 мың теңге төлейді.

Қысқа дайындықтың ең үлкен жұмысы — жылу мәселесі. Сол себепті журналистер қаланың 90 пайызын жылытып отырған орталық жылыту қазандығының жағдайымен танысты. Орталық жылыту жүйесінде екі жүзден астам адам жұмыс істейді. Жылына 15-17 миллион текше метр көгілдір отын жағылады. Қандыағаш коммуналдық мекемесінің директоры Әбілбай Жукашевтің айтуына қарағанда, қала жылу маусымына 100 пайыз дайын. Аудан бойынша 148 көп қабатты үй болса, оның 110 үйі Қандыағаш қаласында орналасқан. Әлеуметтік нысандарға жылу қазан айының басынан бастап,  ал тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап беріледі.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов баспасөз мәслихатын өткізіп, 8 айдың қорытындысы бойынша әр саланың көрсеткішін баяндап берді.

Аудан бойынша 3 қала, 36 ауылда 67 мыңнан аса халық тұрады. 35 ірі кәсіпорында 6613 адам жұмыс істейді. Ал 414 шаруа қожалығы мен 3500 кәсіпкер 6220 адамды жұмыспен қамтып отыр. Соның өзінде  аудандық жұмыспен қамту бөлімінде 1,600 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Әр сандық көрсеткіштің артында тұрғындардың тіршілігі тұр. Қызмет бабымен ауданға келген үш ай ішінде барлық ауылдарға барып шықтым. Көзбен көріп, өтініш-тілектерін тыңдадым. Күн сайын адам қабылдаймын. Жағдай белгілі, жұмыс  немесе тұрғын үй сұрайды. Алдыма үш мәселе қойдым. Облыс әкімінен рұқсат алып, ауданымыздағы ірі мұнай компанияларының Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бас әкімшілігіне барып, басшыларымен кездестім. Келісімдерге келдік. Сондағы бірінші мәселе — кәсіпорындарда жергілікті жұмысшылардың үлесін арттыру. Өз тұрғындарымызды жұмыспен қамтуымыз тиіс. Ал екіншісі — салық көлемін ұлғайту. Бюджетімізге түсетін қаржы аудан игілігіне жұмсалады. Биыл тұрғын үй кезегінде 1331 адам тұр. Өткен жылы 1805 болатын. Жыл сайын үйсіз жандар азайып келе жатыр. Алда қаншама жоспарлар мен жұмыстар бар. Келесі жылы 60 пәтерлік үш үй салынады, — деді аудан басшысы.

Қорыта келгенде, Мұғалжар ауданы қысқа тас түйін отыр. Оған жергілікті бюджеттен 106 миллион теңге бөлінген.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button