Басты жаңалықтарСпорт

Жүгіру марафоны халықаралық сипат алды

Жексенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта «Qazaqstan Jastar Fest» фестивалі аясында Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Алтын күз» жүгіру марафоны өтті. Спорттық шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, сондай-ақ ақтөбеліктер мен қала қонақтары қатысты.

Бұл шара биылғы Жастар жылына орай Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Осыған байланысты  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ел аумақтарында «Qazaqstan Jastar Fest» фестивалін ұйымдастыруды жоспарлаған. Мақсат — салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт, мәдениетті арттыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл бұл шараға қатысушылар саны жылдағыдан да көп болыпты.

Дәстүрлі «Алтын күз» жүгіру марафонының салтанатты ашылу рәсімінде Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес «Qazaqstan Jastar Fest» фестивалі аясында Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы құрметіне «Алтын күз» жүгіру марафоны ұйымдастырылып жатыр. «Спорт — денсаулық кепілі» дегендей, бұл марафонға биыл мыңның үстінде қатысушы белсенділік танытып отыр. Олар — өз еріктерімен, өз ниеттерімен қатысып жатқан тұрғындар. Қаламызда ұйымдастырылатын  осындай спорттық және мәдени-көпшілік шараларды қолдап келетін ақтөбеліктер санының артқаны қуантады. Әрине, бұл жарыста ең мықтылар жеңімпаз атанады. Сондықтан өз күшін алғаш рет сынап көретіндерге сәттілік тілеймін. Спорт сүйер қауымға өз ризашылығымызды білдіреміз, — деді М.Абдуллин.

Марафон бағдарламасына сәйкес 15 және одан жоғары жастағы  адамдар қатысты. Олар 5 және 10 шақырымдық  қашықтыққа жас ерекшеліктеріне сәйкес жүгіруге тиіс болды.

Бұл шарадан мемлекеттік қызметшілер де тыс қалмады.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров: «Бүгін ауа райы керемет болып тұр. Біз мұндай шараны жыл сайын ұйымдастырамыз. Күзгі жүгіру марафонына қатысушылардың қатары жыл өткен сайын көбеюде. Бұл жерде тек ақтөбеліктер ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен  қатысып жатқан спорт сүйер қауым бар. Сол сияқты, Оңтүстік Корея, Украина, тіпті Америка елдерінен келген марафоншыларымыз бар. Сондықтан мұны халықаралық  деңгейде өткізіліп жатқан шара деп қабылдауымыз керек. Бұл жерде мен осы шараға демеушілік көрсеткен «Center Group»  компаниясы басшылығына өз ризашылығымды білдіргім келеді. Сол сияқты Ақтөбедегі триатлон федерациясының да ықпалы зор», — деді.

Марафоншылармен бірге бұл жарысқа биылғы әлем чемпионатының еркін күрестен қола жүлдегері, Токио олимпиадасының жолдамасын иеленген  жерлесіміз Нұрислам Санаев, сол сияқты ағымдағы жылдың 19 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында ережесіз  жекпе-жектен өнер көрсететін ақтөбелік спортшы Сергей Морозовтар қатысты.

Спорттық шара кезінде Мемлекеттік Гимн шырқалды. Содан кейін қатысушылар старт алаңынан 10 шақырым қашықтыққа жүгіруді бастап кетті. Бұл қашықтыққа 15-17, 18-29, 30-39, 40-49, 50-59,  60 және одан жоғары қатысушылар жас ерекшелігіне байланысты жүгірсе, 5 шақырымға 15 және одан жоғары жастағылар өнер көрсетті.

Сондай-ақ, марафон кезінде қатысушылар streetball және түрлі ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бір рет қана өткізіліп қоятын акция емес, бұқаралық спортты дамытудың әлеуетін көтеруде мұндай шаралар жиі ұйымдастырылады. Яғни қаламызда жастардың спортпен шұғылдануы үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолынан мақтау қағаздары мен медальдарға, қаржылай сертификаттарға ие болды. Әр жарыс жолында мәреге жеткен көшбасшылар атап өтілді. «Күзгі жарыс — бұл биылғы жүгіру маусымының сәтті аяқталуы деп есептеймін», — деген облыс басшысы өз сөзінде бұған дейін де осындай бірнеше марафонның ұйымдастырылып, ақтөбеліктердің белсенділік танытқанын атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button