Жаңалықтар

Маңызды мәселелер талқыланды

Сессия

Ақтөбе қалалық мәслихатының сессиясында облыс орталығының биылғы жылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жиналғандар назарына ұсынылды. Сессияға мәслихат депутаттарымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық басқармалардың басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин өз баяндамасында мерзімді уақыт ішіндегі атқарылған істерді талдап айтып, алдағы міндеттерді айқындады.

Экономиканың айқындаушы бағытының бірінен саналатын өнеркәсіп өнімін өндіру осы кезеңде 386,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің үлесі 2,2 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Баяндамада қаладағы ірі кәсіпорындар — «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС жұмыстары жан-жақты талданды. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі төмендеп отырған «ГЕОМ» ЖШС, «Рамазан» ЖШС секілді компаниялардың жұмыс ырғағын бұзу себептері ашып көрсетілді.

Қаланың агроөнеркәсіп кешені саласында бірқалыпты жұмыстар атқарылуда. Сегіз  ай қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 12,7 миллиард теңге ауқымында болды. Жыл қорытындысында белгіленген межелер толық игеріледі деп күтілуде.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін арттыру — күн тәртібінде тұрған негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта 69,5 миллиард теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құрумен 83 жоба мониторингпен қамтылуда, оның ішінде 19,9 миллиард теңгеге 25 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар қуаттылықты дамыта отырып, 1041 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қолданысқа берілген ірі жобалар қатарында «Компания Фаэтон» ЖШС логистикалық орталығы, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешені, «Фотон» ЖШС автоклавты газобетонды блогын өндіру зауыты, «АЗХС» АҚ пигментті хром оксидін өндіру цехы айтылды.

Жыл соңына дейін 2,5 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 50,0 миллиард теңгеге 58 жобаны іске асыру жалғастырылатын болады.

Ақтөбе қаласында кәсіпкерлік саласында мемлекет тарапынан қолдаудың тиімді шараларын пайдалану нәтижесінде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері саны 4,7%-ға өсті.Оның ішінде жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 11,6%-ға көбейіп, 39 мың бірлік құрады.

Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыттары бойынша Ақтөбе қаласының 132 кәсіпорнына қолдау көрсетілді. Қолдау шараларын іске асыру бағдарламаның барлық қатысушыларына 88 жұмыс орнын сақтап, 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«Бизнес-кеңесші» құралы бойынша тренингтерге 1 262 адам қатысып сертификат алды. «Бизнес Өсу» жобасы аясында 84 адам қатысты.

Бұдан басқа, «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша өңірлерде жоғары және орта буын басшыларының білімін арттыру бойынша оқуға өтінімдер жинау басталды.

Тұрғын үй құрылысына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына көп көңіл бөлінуде.

Ағымдағы жылдың 8 айында барлық меншік түріндегі нысандар есебінен 323,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім қарқыны 107,3% құрады.

Қала әкімі өз баяндамасында әлеуметтік мәселелердің шешілу барысына да біраз көңіл бөлді. Есепті кезеңде әлеуметтік жағынан осал топ бойынша кезекте тұрған 96 азаматқа сатып алу құқығымен пәтерлер жалға берілді. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрғандар арасынан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 382 отбасына баспана берілетін болды.

Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жыл соңына дейін 353 пәтерлік көп қабатты 2 тұрғын үй тапсыру жоспарлануда.

Қала аумағын санитарлық тазалау, қоғамдық көліктегі кідірістер, жолдарды жөндеу, мектептердегі үш ауысымды оқыту жайы,  тәртіп сақтау мәселелері сессияда сөз арқауына айналды. Заңсыз орналастырылған жарнамаларды алып тастау жайы да назардан қағыс қалған жоқ.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға тіркелген азаматтар саны бүгінгі күні 145 мыңнан астам адамды құрайды. Ақтөбе қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі №1595 қаулысына сәйкес 18 000 жер учаскесін құрайтын 7 шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспары жасақталуда. Алайда аталған аудандарда инженерлік желілердің болмауы іске кедергі келтіруде. Осыған байланысты, жер телімдерін беруді уақытша тоқтатуға шешім қабылданды.

Қала әкімі есеп бергеннен кейін депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Сессияға қатысушылар бүгінгі күннің көптеген көкейкесті мәселелерін қозғады.

Сессияда қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова сөз сөйлеп, ортақ проблемалардың шешімін табудағы депутаттар белсенділігіне тоқталды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button