Жаңалықтар

Кәсіпкерлер  кеңес алды 

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 20 тамыз-20 қыркүйек аралығында жұмыс тобы 8 мың адамды қамтыған 150-ге жуық шара өткізді. Сондай шаралардың бірі өткен аптаның аяғында «Нұрдәулет» сауда үйінің бірінші қабатында өткізілді.

Бұл шараға кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, Алматы, Астана аудандары басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, «Дін саласындағы мәселелер орталығы» КММ мамандары қатысты.

Келушілер кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, әсіресе, ауылдық жерлерде жеке кәсіппен айналысу, жер алу, мемлекет тарапынан берілген жерді қаланың басқа бөлігіндегі өзге адамдардың жерімен ауыстыру мүмкіндігі, атаулы әлеуметтік көмек алу, мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұру, несиеге пәтер алу секілді мәселелерге қатысты кеңестер сұрады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алуға қатысты сұрақтармен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі жиі сұралады. Қазіргі кезде табысы аз көпбалалы отбасыларға, еңбекке қабілетті мүгедектерге және жастарға жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл қаражат кәсіпті жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарды, мал, құс сатып алу үшін жұмсалуы тиіс. Бұл жоба осындай санаттағы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге — әйел адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және жасы 50-ден асқан тұрғындарға жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру мәселелері де тұрғындар тарапынан қызығушылық туғызды. Жауапты тұлғалардан кеңес алу үшін 100-ден астам адам келді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button