Басты жаңалықтар

Ақтөбе су көздері мен өзен-көлдерін қалай қорғаймыз?

Экология

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Байтақ болашақ» Экологиялық альянсыАқтөбе облысының жерасты және өзен-көлдерін қорғау тақырыбында  дөңгелек үстел өткізді. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов, Амангелді Айталы, экс-депутаттар Ирак Елекеев, Сабыр Қасымов, Төлеген Қуанышев, жергілікті табиғат қорғау мекемесінің басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

ЖЕРҮСТІ СУЛАРЫНА ҚАУІП ТӨНДІ

«Байтақ болашақ» экоальянс  бірлестігінің президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңес мүшесі Азаматхан Әміртай:

—  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау кезінде  еліміздегі су  ресурстарын қорғауға, соның ішінде ауызсу мәселесіне ерекше көңіл бөліп, Табиғат қорғау министрлігін құратынын  айтты. Экология министрлігі құрылды. Әрине, осы табиғат қорғайтын бас  мекемеге қайта құру жүргізіп, мықты мамандарды тарту кезек күттірмейтін жұмыс.

Аралдан айырылдық. Нью-Йорктегі орталық музейде ілінген Арал суретінің астына «Адам қолымен жойылған теңіз» деп жазылған. Енді Балқаш пен Ертістен, Іледен айырылу қаупі де төнді. Ақыр соңында 2050 жылы жер бетіндегі суларымыздың бәрінен айырылғалы отырмыз. Бұл —нақты дәлелденген ақпарат әрі еліміз үшін ең қиын болжам. Болашақта ауыл шаруашылығын сумен қалай қамтамасыз ете аламыз? Суы азайған Ертіс пен Іле бастауын Қытайдан алады. АлҚытайдың Шыңжаң өлкесі халқының саны 100 миллионға жетпекші. Сөйтіп, объективті себептермен ол тарап,су көлемін көп пайдаланып жатыр. Осыған байланысты  біз қар суларын  Қытай жағына беріп, Іле мен Ертіске тиіспеуге келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс түсірдік. Бұл —трансшекаралы саясатты, геосаясатты қажет ететін  күрделі шаруа.

2010 жылғы  Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем  халқын сумен қамтамасыз ету жоспарын құрды.  БҰҰ статистикасы бойынша  бүгінгі күні әлемде 783 миллион адам су тапшылығын көріп отырса,  2020 жылдан бастап Қазақстан да осы санатқа кірмекші.Су ресурстарын басқару комитеті  жерүсті және жерасты суларын қорғауды  қолға алу керек.

Қазақстан — артезиандық суға бай мемлекет. Дегенмен жерасты сулары жер бетіне шығарылмаған. Бұл — үлкен қаражатты, үлкен бағдарламаны қажет ететін жұмыс. Рас, бізде бюджеті 1 триллион теңге болатын, елдімекен тұрғындарын 70 пайызға, қалалық жерді 100 пайызға ауызсумен қамтамасыз етудің  «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бірақ осы бағдарламаның жауапты шенеуніктері  заң алдында жауапты болып,  жұмыс аяқталмай қалды. Балқашты  сақтап қалуға  жұртшылықтан үлкен саяси көмек, қолдау күтеміз. Ақтөбе облысындағы стратегиялық тұщы су қоры  Көкжидені сақтау мен алты валентті хроммен ластанған Елек өзенін тазарту да кезек күттірмейтін іс.

«Экоальянс» бірлестігінің құрметті президенті Олжас Сүлейменов:

Адамзатты  құтқарудың ғаламдық негізгі  мәселесі болып табылатын  экологиямен бүкіл әлем бұрыннан бері айналысып жатса, Қазақстанда бұл іс  енді  басталды.  Қазірде кейбір ғалымдар өз қолымызбен ең шетіне дейін жеткізген  өркениетіміздің ғұмырының аяқталуына 20 жыл ғана қалды деп те айтып жүр.  Әлемде  таза ауа, климат, таза су мәселесі бірінші орынға шықты.

Шынымды айтсам, Семей полигонын  жабу жолындағы күрес қазіргі  шенеуніктер мен  кәсіпорындардың пайдасы мен баю мақсатында    табиғатымызды тонап, бүлдіріп,  суымызды  ластап жатқан  табиғат қойнауын пайдаланушыларға қарағанда жеңілірек болды.  Өткенде Атырауға барғанымызда  Жайық жағасында  өлі балықтар қаптап жатты. Балық неге қырылды? Өйткені  бір кәсіпорын улы қалдықтарын Жайыққа төккен.

Ата-бабаларымыз жер кәсібімен белсенді айналыспай,  Жаратқанның берген игілігін пайдаланса да,  табиғатты бүлдірмей  сақтап келді.  Қой отарлары қазіргідей тар жерге қамалып  бағылған емес, сондықтан ол кездің   қойлары қазіргідей  шөптің тамырына дейін қырқып тастамады.  Бүгінде даламыз  шөлге айналып барады. Себебі, қазір  отардыңекі аяқты тағылары өз жерін қорып, басқа жұрттың малын кіргізбейді. Ақырында жайылымдарымыз  бірте-бірте шөлге айналуда. Оған енді   су мәселесі қосылды.

СУ — СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС

Амангелді Айталы:

— Әлем жаңа қауіп-қатер алдында. Күн тәртібінде — соғыс және бейбітшілік, демографиялық мәселе, азық-түлік тапшылығы тұр. Енді осы мәселелердің ішіндегі ең күрделісі — табиғатты сақтап қалу. Көптеген шетелдіктер келіп,  табиғатымызды аздыруда.  Хром таусылады, мұнай таусылады, олар кетеді. Қалатын біз, қалпына келмейтін —біздің табиғатымыз. Көрмейсіз бе, Көкжидеге барыңыз — олар жолатпайды. «Мы уважаем контракт, мы уважаем ваши законы» дейді. Осымен  көп мәселеге қолымыз байлаулы қалды. Әсіресе, табиғи байлықты қорғауға келгенде. Бұлар айыппұл төлеп құтылып кетеді. Әлемде ғалымдар арасында үш пікір бар. Бірінші пікір — «Адамзат құруға келе жатыр».  Екіншілері «Экологтар –популистер,  ақырзаманды соға береді. Азды-көпті кемшіліктер болғанымен, ол шешіледі», — дейді. Осы көзқарас еліміздің Энергетика министрлігінде де бар. Біздің көзқарас — дабыл қағу, дағдарыстан шығу жолдарын іздеу, қоғамдық ұйымдар арқылы жұртшылықты табиғат қорғау ісіне  жұмылдыру. Экологиялық мәселенің астарында қазба байлығымызды жыртқыштықпен тонап жатқандардың іс-әрекеттері тұр. Бәлкім, заңға өзгеріс керек шығар. Бұл жердің иесі кім, шешіп алайық.  Қазір қолында билігі бар адамдар шешіп жатыр. Қазіргі қожа — инвестор. Олар мұнай жатқан жерге жұртты  жолатпайды. Қоршап алған, не істеп, не бүлдіріп жатыр?  Білмейміз. Егер ол жер мемлекет қарауында болса, халық бақылауында болса — біз тәуелсіздікті не үшін алдық? Осы байлық бізге қандай игілік әкелді,  қандай зиян әкелді? Адам болғасын, қоғам болғасын қол қусырып қарап отыруға болмайды. Экология мәселесінің астарында осы тұр. Қазіргі уақытта қай жердің де табиғаты  күйзелісте. Мен туып-өскен Астрахань облысы Володар ауданы — Еділ өзенінің Каспий теңізіне құятын жерінде орналасқан. Бала кезімдегі табиғат пен қазіргі табиғат арасы жер мен көктей. Ол жерде көптеген  балық комбинаттары бар еді. Астраханьда кеме жасау зауыты,  кеме жөндеу зауыттары бар еді. Еділдің  сағасы әрлі-берлі жүзген кемеге толы еді. Су көлігінің билеті пойыз бен жол көлігінен арзан болғасын, жұрт сонымен қатынайтын. Қазір бәрі құрыды: балық жоқ, су тайыз. Мықты шаруашылықтар құрыды. Табиғаттың күйзелісі адамның  өміріне, тұрмысына, шаруашылық қызметіне әсер етеді де, сөйтіп, біріне-бірі жалғасып кете барады.

КӨКЖИДЕ  МҰНАЙ ҚАЛДЫҒЫМЕН ЛАСТАНУДА

Облыстық  экология департаменті басшысы Жақсығали Иманқұлов:

— Мұғалжар ауданындағы Көкжиде құм белдеуіндегі жерасты сулары сапасы  жоғары, гидрокарбонаттары көп,  жұмсақ  әрі табиғи сүзгіленген, таза. Кеңес өкіметі жылдарында осы тұщы су қоры есебінен  Ақтөбе қаласы, Ембі, Қандыағаш, Алға қалаларының ауызсу мәселесін ұзақмерзімді шешу жобаланып, сондай-ақ   Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Астрахань облыстары тұрғындарын да ауызсумен жабдықтау жоспарланған еді.

Алайда Көкжиде құм белдеуіндегі стратегиялық жерасты сулары мұнай қабаттарының ең  үстінде орналасқан. Кен орны 3 қабаттан тұрады. Ең жоғарысы—150метр тереңдікке дейін ауызсу көздері, одан төмен 492 метр тереңдікте тұзды мұнай  қабаты, әрі қарай 3-4 мың метртұзасты мұнай қабаты бойлап кете береді.

Ақтөбе облысы әкімдігінің 2013 жылдың 23 қаңтарындағы қаулысымен Мұғалжар ауданында аумағы 43 мың 976 гектар болатын  «Көкжиде –Құмжарған» мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Мұның 31723 гектары— Көкжиде құмдары.   Құмжарған құмдарында 12 мың гектар орман алқабы да бар. Өкініштісі, осы орман алқабы  топырақ эрозиясына ұшырады.  Ағаштар сиреп, тоғайды  мекендейтін  жануар мен  құс түрлері азайып кетті. Себебі, 2008 жылдан бастап осы аумаққа  мұнай өндірушілер зиянынтигізе бастады.Қазір Көкжиде құмдарында «КМК Мұнай», «Урихтау-Оперейтинг», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Фирма Дауэр», «Ақтөбе-Қазақойл»ЖШС компаниялары мұнай өндіреді.

Көкжиде жерасты суларымен байланысты Темірмен Ембі  өзендері де  ластану үстінде. 2018 жылдан бері Қазақстанның  қолданбалы экология агенттігі мамандары  Көкжиде құмдарының жерасты және жерүсті суларына мониторинг жүргізгенде, сулардың   мұнай қалдықтарымен 7,5 есе артық  ластанғанын анықтады.  Экологтар  Ембі, Темір  өзендерінің түбіненсынама алып тексерді. Нәтижесі —судағы мұнай құрамы   шектік мөлшерден  10 есе артқан. Ақтөбе гидрометеорология  орталығы мамандары  Ембі өзенінен алған сынама қорытындысы су құрамындағы мырыш6-7 есе, фенол2 есе, мыс 3 есе, мұнай қалдығы  3 есе артқанын көрсетті.

Көкжиде жерасты суларының негізгі ластау көзі  — 1980-90 жылдары консервацияланған барлау ұңғымалары.  «Фирма Ада Ойл»  мұнай қазатын  аумақтан 5 ластау көзі анықталды.  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және «КМК-мұнай»  аумақтарындағы  6 N ұңғымасы да ластауда.  106  барлау ұңғымасы топырақты мұнай қалдығымен ластаған. Экология департаментінің ескертпесінен кейін 7 ұңғымада тазарту жұмыстары жүргізілді.Соған қарамастан Көкжиде құмдарындағы топырақ, жерасты суларының мұнай қалдықтарымен ластануы жиілеуде. Судағы мұнай қалдықтары шектік мөлшерден  бірнеше есе асты. Ақтөбе облысының экология департаменті Экология министрлігіне төмендегідей ұсыныстар жолдадық:

Көкжиде құмдарында көмірсутегі барлау, өндіру жұмыстарына бірыңғай ереже белгілеу. Көкжиде құмдары мен Көкжиде жерасты суларына мониторинг жүргізуге  бірыңғай оператор  анықтау.Жерасты су ағыстарының  қозғалысын анықтау. Бұл жерасты суларының гидрологиялық құрылымын анықтау үшін қажет.  Жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің Көкжидеге әсерін анықтау үшін мұнай барлаушы, қазушы компаниялар  жұмысына  мониторинг  жүргізу.

2019 жылы республикалық бюджеттен  Ақтөбе облысының Көкжиде жерасты суларын пайдалануды қайта бағалау жұмыстарына 300 миллион теңге  бөлінді.  Барлық қажетті қаржы –1 миллиард 161 миллион теңге. Аталған жұмыстарды жүргізу Көкжиде кен орнының қазіргі жағдайын,  болашағын бағалауға,  гидрологиялық жағдайы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Азаматхан Әміртайұлы:

— Бізге жеткен ақпаратқа  қарағанда, мұнай  қазатын  аумаққа  жұртты кіргізбейді. Бақылау жүргізгенде, табиғат қойнауын пайдаланушылармен кездескенде,мониторингтік топ  құрамына облыстық қоғамдық кеңес мүшелерін қосу керек деп ойлаймын.

Жақсығали Иманқұлов:

—Экология департаменті мамандары ол аумаққа  тексеріс кезінде ғана  кіре алады. Күзде  жоспарлаған жұмыстар аяқталды. Енді келесі   көктемнен бастап  Көкжидедегі бүкіл мұнай өндірушілердің жұмыстарын бақылауға  шығамыз.

Залдан сұрақ:

— 3 қазанда Шұбарқұдықта «КМК Мұнай» қоғамдық тыңдау өткізеді. Тақырып – Көкжиденің суын  компанияның  өндірістік-техникалық мақсаттарына пайдалану.  Сіз бұған қалай қарайсыз?

Жақсығали Иманқұлов:

— Ауыз суды техникалық мақсатқа пайдалануға рұқсат жоқ.

Залдан сұрақ:

— Көкжиденің жерасты сулары жер бетіндегі сулар есебінен толығып тұрады. Климат әсерінен жер бетіндегі сулар  азайып  жатса,  жер үстіндегі сулар жоғалса, жерасты сулары қорек көздерін қайдан алады?

Жақсығали Иманқұлов:

— Күрделі сұрақ. Көкжиде  жерасты су қорының көлемін анықтау жұмыстары ең соңғы рет  1987 жылы жүргізілді. Экологтар  ұсынысымен биылғы жылы су қорын анықтау жұмысы  басталуы керек еді. Негізгі мақсат — жерасты суларының  шекарасын анықтау. Жерасты суларына жерүсті суларының азаюы әсерін мамандар анықтап барып, айтсын. Өз басым  Көкжиде жерасты сулары тек жерүсті суларымен ғана қоректенеді деп ойламаймын. Көкжиде кен орнының  ғажайыбы сол ол жерастындағы тамаша қорек көздерімен  толығады. Көкжиде жерасты су көздерінің қорын анықтау жұмыстары 3 жылға есептеліп, 2021 жылы аяқтаймыз деп отырмыз.

Орақ Әлиев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

— Көкжидедегі жерасты суларын зерттеуге кәсіби мамандар  қатыса ма? Білуімше, осы өңірде  Қазақстандағы жерасты суларының білгір маманы, осы тақырыптан  докторлық диссертация қорғаған Тихон Қарамырзаев  Атырау мен екі  ортада жұмыс істейді.  Ол кісіні міндетті түрде қатыстыру керек.

Жақсығали Иманқұлов:

— Қазақстан бойынша су жөніндегі мамандар болса да, шешілмей жатқан  мәселе —қаржыландыру жағы. Мұнай ұңғылары көп,  олардың ластау көздерін тауып,  жер астындағы судың ағысын, қозғалысын   зерттеу  үлкен  жұмысты қажет етеді.

СҰРАУЫ КІМДЕ?

Мереке Жұбанияз, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми қызметкері:

— Ырғыз ауданы су ресурстары бойынша  облыста ерекше орында тұр. Ерекше қорғалатын аумақта Торғай, Өлкейік, Ырғыз өзендері, осы өзендердің салалары  бар. Ауданда орташа тереңдігі 1,5-2,5 метр болатын үлкенді-кішілі 95 көл бар. Олардың 29-ы —Ырғыз, 54-і —Торғай, 12-сі —Өлкейік  өзендерінің көктемгі су тасқынымен толығады. Жалпы Ырғыз ауданының  61 мың 128 га аумағын су алқабы алып жатыр. Бәрін қосқанда, ұзындығы 60, ені 10 шақырым болатын су қоймасы. 2008 жылдан бастап  Торғай, Өлкейік өзендері тасымай қалып, соның салдарынан  осы өзендермен толығатын  шағын көлдер  жаппай кебе  бастады. Жалпы, 2015 жылға дейін көптеген шағын  көлдер құрғап кетті. 2019 жылы да Ырғыз өзені тасыған жоқ. Үш өзеннің төменгі салаларындағы жаппай тартылып, таязданған көлдерінің балықтарын құтқардық. Қостанай облысының  шаруашылықтары шабындықтарға су шығару мақсатында Торғай, Өлкейік өзендерінің арналарына жобасыз бөгеттер салып, бүкіл суды жинап алды.  Су ресурстарын басқару комитетіне шағымданып едік, олар  «облысаралық су бөлісімен айналыспаймыз, онымен бассейндік инспекция айналысады» деп жауап берді. Сөйтіп, ерекше қорғалуға тиіс Ырғыз-Торғай резерватындағы шағын көлдер құрып жатыр, құстар азайды, балық жоғалуда. Қостанай облысының шаруашылықтары заңсыз бөгет тұрғызуда. Инспекция  қызметкерлерінің оларды   қолмен бұзуға шамасы жетпейді. Өзен арнасын жасанды түрде бөгеу табиғи тепе-теңдікті бұзады. Миллиондаған жыл бұрын қалыптасқан арналарды  өзгерту  шағын өзен-көлдердің тартылып қалуына  себепші.

Нұржан Аққұл, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстарды  қорғау және табиғатты  пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

— Облыс аумағынан 175 өзен ағады. Оның ішінде ұзындығы 593 шақырым Ырғыз өзені, ұзындығы 252 шақырым  трансшекаралық  Елек,  ұзындығы 500 шақырым Жем, ұзындығы 200 шақырым Қобда, Ор, тағы басқа өзендер бар. Өзендердегі 133 гидротехникалық құрылғыкеңес заманында салынған, мақсаты –мал және бақша суаруға арналған. Осы бөгеттерге күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы жасалуда.

2006 жылы жергілікті бюджеттен Шалқар көлінің түбін тазарту, гидротехникалық құрылғыларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жобасы жасалып, шешімін таппады. 2011 жылы қайтадан техникалық негіздемесі әзірленгенімен,салалық министрлік қолдаған жоқ.  Қазір қайтадан сметалық  құжаттары жасалды. Келесі жылы мемлекеттік сараптамадан өтсе, жұмыс басталады.  Көлдің түбін тазарту бюджеті — 3 миллиард 150 миллион теңге.

Елек өзенібормен,  алты валентті хроммен  ластанған. Алға қаласындағы 1934 жылы құрылған Алға химия зауытының қалдықтары, ағын сулары Елек өзенінің арнасына  ағызылып келді. 1963-1983жылдары зауыт аумағында қалдық жинағыш салынды. Бірақ ол тозған әрі өндірістік қалдықтармен толтырылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осы жылы  зауыт алаңындағы қалдықтарды тазарту жұмыстары қолға алынды. Қалдық құрамы анықталды, сот шешімімен қалдықтар иесіз деп танылды. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, Экология, геология және табиғи ресурстар  министрлігіне өтінім жіберілді. Мақұлдаса, келесі жылы бұрынғы химия зауыты аумағынқалдықтардантазарту басталады. 2013 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 800 миллион теңгеге алты валентті хроммен ластанған Елек өзенінің бір шеті тазартылды.  Бірақ жұмыс тоқтап қалды.Экология, геология  және табиғи ресурстар министрлігінің алдына осы мәселе тағы қойылды.

Ақтөбе түбінің іргесіндегі 8 өзен арнасын тазарту үшін 2019-2021жылға 6 миллиард теңге қарастырылды.  Биылғы жылы 2 миллиард теңге бөлінді. Бірақ халықтың наразылығымен  жұмыс тоқтатылды.  Қазір  жобаға  түзетулер енгізіліп жатыр. 2019-2020 жылдары суармалы жерлерді қалпына келтіруге Су ресурстары комитетіне облыстағы  негізгі өзендердің бойына 10 су қоймасын салуға  техникалық негіздеме әзірленді. Болжам —654 миллион текшеметр су жинау.

Залдан сұрақ:

— Ақтөбе іргесіндегі  Елек, Сазды, Жіңішке жойылып барады. Қазір олардың арналары тым ортайып қалды. Елек,  Қарғалы өзендерінің  арнасын  «кеңейтудің» нәтижесі — сулар бөлшек-бөлшек болып бөлінді, енді кішкене аралшықтар болып  жатыр. Болашақта не болады? Тағы 10  су қоймасын саламыз дейсіздер? Оны немен толтырасыздар?

Нұржан Аққұл:

— 1992-93 жылдары Ақтөбе су қоймасында 50 миллион текшеметр су болды,  қазір 60 миллионға жетті. 2011-жылдары құрғақшылық пен ылғалдың аздығынан  24 миллион текшеметрге дейін азайды. Ал2011 жылдан кейін оған  240 миллион текшеметр су жиналды. Қоймаларға  көктемде еріген қар, мұз сулары жиналады.

Төлеген Қуанышев, Мәжілістің экс-депутаты:

— Меніңше, Ақтөбе облысының жерүсті және жерасты суларының картасын жасау керек. Оған Қоғамдық кеңес мүшелері қатыстырылсын. Тағы бір мәселе —Көкжиденің аумағы жеке компаниялар құзырында. Оған  мемлекеттік органдардың  қызметкерлері  де  кіре алмайды. Ерекше қорғалатын аумақ шекарасынан 50 шақырымға дейінгі қашықтықтабұрғылау жұмыстарына  тыйым салу туралы заңға өзгеріс енгізу қажет.

Арыстан Мамырбаев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстанмедицина университеті гигиеналық пәндер және кәсіби аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы:

— Қазақстанның барлық өңірінде өзіндік техногендік биохимиялық«аймақтар» қалыптасты. Мәселен, Өскемен мен Зырьяновскідегі мырыш-қорғасын, Шымкент пен Тараздағы фосфор-азот, Павлодардағыхимия өндірісі  тұрғындар денсаулығына зиян келтіріп жатыр.  Оның үстіне, қай өңір болмасын, топырағы,өзен-көлі бәрі ластанған. Ақтаудан  3-4 шақырым жерде бұрынғы химия-металлургия зауытының қалдықтары бар. Қошқаратада 100 миллион тонна өндірістік қалдық жатыр. Не үкімет, не жергілікті органдар бұл қалдықтарды қайда жіберерін білмейді. Климат құрғақ, су тапшы. Ақтөбенің мәселесін жұрттың бәрі біледі. Енді Ақтөбе су қоймасынан кіші Сазды өзеніне  қалаға су жіберіліп жатыр. Бірақ бұл — бормен ластанған су. Қаланы сумен жабдықтау басқаша жасалуы  керек еді.  Әйелдер, балалар, жасөспірімдеріміздің денсаулығы нашар.  Дәрігерлік зерттеу негізінде  медициналық-экологиялық  атлас жасап, оны  министрлікке,батыс облыстарының денсаулық сақтау басқармасына, экология департаменттеріне  жібердік.  Мәжіліске тапсырдық.  Көкжидеге байланысты таңдау алдында тұрмыз. Шикізат өндірушілер  мұнай мен газ өндіруді  одан әрі ұлғайта береміз дейді. Алда не болады?

Ақтөбе қаласытұрғындарын ауызсумен жабдықтаушы «Ақбұлақ»  акционерлік қоғамы 3 жерден су алады. Бұрын осы мекеме ауызсуды 13 метр тереңдіктен  шығарса,  қазір 70-100 метрден  бұрғылайды. Осы жаздан бері қаланың шеткі аудандары  су тапшылығын сезіне бастады. Қаланы тұщы сумен қамтамасыз ету мақсатында Көкжидеден бері су құбырын тартса болмай ма? Енді оны мұнай компаниялары  техникалық-өндірістік мақсатқа  пайдаланамыз деп отыр.

Бекарыстан Мырзабай, «Байтақ болашақ» экоальянсы Ақтөбе филиалының директоры, Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

— Ақтөбе облысы аумағында 40 мың жыл бұрынғы Төлебұлақ деген үңгір бар. Осы үңгірден академик Деревянко 40 мың жыл бұрынғы тас дәуірінің суреттерін тапқан. Мұны айтып отырғанымыз, Жем өзені он шақты бұлақтан бастау алса, солардың ең  ірісі осы үңгірден шығады. Қазірде  Жем мен Темір өзендерінің қосылған жері шомылуға жарамайды, суға түскенде   денең қышиды екен. Біз осыған  жазда далалықта  жүргенде, куә болдық.

Ырғыз өзенінің бойындағы  суды ұстап тұрған бөгеттерді 1943 жылы  зерттегенӘлкей Марғұлан  Тесікарық деген жерден  3 мың жыл бұрынғы көне суландыру жүйесін тапқан. Ол кезде де  көп суды қайда  жібереміз деген проблема болған шығар. Қазірде көп суды Құрдымға жіберудің тәсілі табылды. Дегенмен  Асан қайғы айтқан 90 сала –Торғай, 32 сала –Өлкейік, 25 сала–Ырғыздың мол суын сақтаудың  мәселесі әлі де бар. Өйткені бөгеттерге жиналған мол су  қайда кетерін білмей, бөгетті бұзып, құмның ішімен далаға  қашады. Суларын Ырғыздың халқы өз күшімен бөгеп жатыр. Геродот  біздің жерімізден екі жарым мың жыл бұрын 4 өзенді жазып кеткен екен. Олар –Ырғыз, Ор, Елек, Жем. Бүгінде төрт өзеннің де мәселесі шаш-етектен, тек Ор ғана тыныш.

1736 жылыДжон Кэстль Ырғыздағы Әбілқайыр ордасынан оралып, Електің жағасына келгенде: «Мыңдаған құлан көрдік, бірақ біреуін де ұстай алмадық. Бір антилопа атып алып Жаман Қарғалының бойында пісіріп жедік» деп тамсана жазған.Сол жерде бірнеше күн түнеген. Ал енді осындай ғажайып сулардың барлығы қазір азайды. Соңғы 100 жылдағы өндіріс дамуының зардабы табиғатқа көп зиянын тигізді.Енді  мұнай өндіруден гөрі суды сақтау мәселесі ең  бірінші орынға шығып жатыр. Ақтөбе қаласының экологиялық мәселесі күрделі, халықтың денсаулығына зиянды нәрсе көп.  1934 жылы ашылған Алға химия зауыты 1943 жылы алғашқы өнімін берді.  Қазір жабылса да,  оның қалдығынан құтылу оңай шаруа емес. Кейбір ғалымдар  Електен Жайсаңға дейінгі  жерасты суының үш-төрт шақырымы түрлі химиялық қалдықтармен, бормен, алты валентті хроммен ластанған дейді.

2017 жылы14 сәуірде Ирак Елекеев  пен Азаматхан Әміртай келіп, «Байтақ болашақ» альянсының облыстық бөлімшесін құрды. Оның басы-қасында Амангелді Айталы ағамыз болды. Біз екі жылдан астам   жұртшылыққа осы мәселелерді ашық айтып келеміз. Жылына 3-4 рет дөңгелек үстел өткіземіз. Бүгінде экология мәселелерімен айналысатын  қоғамдық ұйымдар дауысы қатты шыға бастады. Осыған үміттенеміз.

Азаматхан Әміртайұлы:

— Су мәселесі Экология және Энергетика министрліктерімен байланысты. Бірақ екі мекеме біріне-бірі бағынбайды. Табиғат сауықтыру шараларын қаржыландыру жағынан күрделі  мәселе жоқ. Азия Даму Банкі, Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі осы мақсаттарға қаржы бөлуге дайын. Алайда бұл жердегі негізгі мәселе — қаржы беруші тарап тазартуға  қандай технологиялар қолданатынына  өте мұқият қарайды. Мысалы, Көкшетаудағы Қопа көлінің түбін тазартуға немістер 100 миллион евро бөлді. Содан кейін  өздері келіп тазартпақ болғанда, біздің шенеуніктер өзіміз тазартамыз деп оларды қайтарып жіберді. Сөйтіп, көлдің түбін тазартуға  бөлген қаржыны өздері «игерді». Сол үшін қазір екі вице-министріміз  заң алдында жауап беруде. Осындай заңбұзушылықтар қайталанбауы үшін бізге ашықтық керек. Тазартуға қандай технология қолданылады, осыны ғалымдармен,мамандармен кеңесе отырып шешу керек. Әрі мұндай жұмыстар тез арада бітпейді.

Жазып алған  Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button