Билік

Инвестициялық жобалар: талқылау және таңдау

Ақтөбеде индустриялық инвестициялық жобаларды іске асыру және жаңа өндірістер ұйымдастыруға қатысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың 1-жартыжылдығында 6 жоба іске асырылды, екінші жартыжылдықта төртеуін аяқтау жоспарланып отыр.

Қазір қала әкімдігі 2011-2012 жылдарға арналған республикалық және өңірлік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізу үшін жобаларды таңдауда белсенді жұмыстар жүргізуде.

Экономика үшін маңызды және әлеуметтік мәнді объектілерді таңдап, қарауда қала әкімі жанындағы инвестициялық жобаларды қарау жөніндегі комиссия үлкен рөл атқаруда. Қала үшін маңызды жобаларды анықтап, олардың іске асырылуын одан әрі қолдау нәтижесінде көптеген кәсіпорындар мен әлеуметтік-мәдени сала объектілері қатарға енгізіліп, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен жұмада болған комиссия отырысында 9 жоба қаралды. Олардың қатарында екі өндіріс объектісі бар: асфальт-бетон дайындау үшін қолданылатын активтендірілген және активтендірілмеген минералды ұнтақ өндіретін зауыт құрылысы мен полиэтиленді құбырлар өндіретін зауыт құрылысының жобасы.

Ал басқалары — «Килико-тун» ЖШС көкөніс сақтау қоймасы құрылысының жобасы, «Marka –Lamb» етті қайта өңдеу кешенінің құрылысы, инфузиондық жүйелер өндіретін зауыт құрылысы,  қаладан 5 км қашықтықтағы «Green Land» демалыс және ойын-сауық базасының құрылысы, Заречный-2 поселкесінде балабақша ашу, Благодар селолық округіндегі «Беляевская» бөгетінде балықтар өсіріп сату. «Rifma Group» компанияларының тобы «Әлия» жабық базарының 1-қабатын гипермаркетке ауыстырып қайта жарақтандыру жобасын ұсынды.

Комиссия мүшелерін жобаларды қаржылық қамтамасыз ету, жұмыс орындарының саны, түйінді мәселелердің бар-жоғы қызықтырды.

Жобаларды қарау қорытындылары бойынша А.Мұхамбетов олардың әрқайсысына нақты тапсырмалар берді. Комиссия мүшелері жобалармен барып танысып, жер құжаттарын, қаржылық жағдайын, болжамды сату нарығын зерделеп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, кіреберіс жолдар мәселесін пысықтауы керек.

Әкім біздің қаламызға жобалардың, құрылыс кезінде қолданылатын жоғарғы технологиялардың, заманауи материалдар мен құрал-жабдықтардың, қызықты жобалық ұсыныстардың қажеттігін атап көрсетті. Ал ұсынылған жобалар егжей-тегжейлі зерделенген соң ғана бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен болатын комиссия отырысына өңірлік бағдарламаға енгізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдау үшін ұсынылатын болады.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button