Басты жаңалықтарСпорт

Қазақтың тағы бір Бекзаты биіктен көрінді

7-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы әлем біріншілігінде 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Соңғы уақытта АИБА-ның «өгей баласының» күнін кешіп жүргеніне қарамастан, қазақ боксшылары бұл әлем чемпионатын табыспен аяқтады. Атап айтқанда, жарысқа қатысқан 8 қазақ боксшысының алтауы жүлде алып, ресми емес жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз үшінші орынды иеленді. Бірінші және екінші орындар, тиісінше — Өзбекстан және Ресей құрамаларының еншісінде.

Қазақстан қоржынына алтын жүлдені 21 жастағы боксшы, 81 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бекзат Нұрдәулетов салды. Әлемдік деңгейдегі жарысқа тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, Бекзат өзінің барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шықты. Ол Екатеринбургте 6 жекпе-жек өткізді. Бірінші айналымда — Оңтүстік Корея боксшысы Инги Хонды, одан кейін — венесуэлалық Налек Корбайды, үшінші айналымда Бразилия елінен келген Кено Мачоданы жеңді. Ширек финалда Бекзат түркиялық Байрам Балканнан басым түсті. Осы жеңістен кейін көптеген жанкүйерлер жас боксшының елге құр қайтпай, жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде алғанының өзін үлкен табысқа балап, қуанысты. Өйткені Бекзаттың жартылай финалдағы қарсыласы — 4 мәрте әлем чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Хулио Сесар ла Крус еді. Бұл — «Әлемде Әділбек Ниязымбетовтен басқа маған шақ келер қарсылас жоқ» деп мәлімдеген және сол Әділбекпен екі әлем чемпионатының (2011, 2013), сондай-ақ 2016 жылғы Олимпиаданың финалында кездесіп, жеңіске жеткен, бір салмақта қатарынан 4 әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енген, қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс кубалық Хулио Сесар ла Крус. Жартылай финалға дейін Бекзат жарқын өнер көрсетті, дегенмен қазақ жанкүйерлерінің көпшілігінде ол нақ осы ла Крусты жеңіп шығады деген үміт, расы керек, болған жоқ.

Бірақ қазақтың жас боксшысы ла Крусты жай жеңіп қана қоймай, екінші раундта бірінен соң бірі жойқын соққыларымен сабап, нокдаунға жіберді. Әшейінде қарсыласына өзі қалаған уақытында шабуылдап, басқа уақытта рингті айнала секеңдеп жүріп шаршататын ла Крус енді есі шыға алға ұмтылғанмен, Бекзат та соққыға соққы қайтарып, есесін жібермей, соңғы секундтарға дейін әдемі жетті. Бекзат осындай үлкен сенсациямен әлем чемпионатының финалына шықты. Финалда ол өзбекстандық Дилшодбек Рузметовті 5-0 есебімен жеңді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында Бекзат Нұрдәулетовті әлем чемпионы атануымен құттықтады. «Бекзат Нұрдәулетовті Екатеринбургте өткен бокстан Әлем чемпионатында көрсеткен керемет өнерімен құттықтаймын. Ол бокстың жарқын үлгісін көрсетті. Спортта Бекзат зор табысқа жетеді деп сенемін. Токио Олимпиадасында Бекзатқа жеңіс тілеймін! Тек қана алға!» — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, әлем чемпионатында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев — күміс, ал Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Тұрсынбай Құлахметов (75 кг), Сәкен Бибосынов (52 кг), Василий Левит (91 кг) қола жүлде иеленді.

Өкінішке қарай, Василий Левитке қатысты бұл жолы да төрешілер тарапынан әділетсіздік жіберілді және осыған байланысты қазақстандық бапкерлердің шағымы да қабылданбады. Атап айтқанда, жартылай финалда төрешілер біздің боксшының жеңісін 2-3 есебімен эквадорлық Хулио Кастильоға тартып әперді. Қазақстандық жанкүйерлер мұны 91 кг салмақ дәрежесінде орыс боксшысы Муслим Гаджимагомедовтің финалға шығуымен байланыстырды. Ал ол, расында, финалда эквадорлық қарсыласын оп-оңай жеңді.

Айта кетелік, әдетте бокстан Олимпиада қарсаңында өткен әлем чемпионатында Олимпиадаға жолдамалар сарапқа салынатын. Бұл жолы олай болмады. Себебі, Халықаралық Олимпиада Комитеті 134-сессиясында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын (АИБА) тану мәртебесінен айырған еді.

Ал Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын турнирлер келер жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығына жоспарланған. Оның кестесі ХОК тарапынан бекітілді.

Біз боксшыларымыз Токио Олимпиадасында да жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенеміз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button