Жаңалықтар

Жаңа басшылар тағайындалды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары мен видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі жаңа басшыларды таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен облыстық қаржы басқармасының басшысы лауазымына Бекбол Сағын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты хатшысының бұйрығымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Алмаз Әлімбаев тағайындалды.

Бекбол Сағын 1972 жылы туған. Жоғары білімді. Алматы халық шаруашылығы институтында, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Қазақ инженерлік-техникалық академиясында білім алған.

Еңбек жолын 1993 жылы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасында аға, бас бақылаушы-тексеруші болып бастаған. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып жұмыс жасаған. Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласының қаржы басқармасының басшысы, Ақтөбе қаласының әкімі, Астана қаласының Алматы ауданының әкімі қызметінде болған.

Ал, 41 жастағы Алмаз Әлімбаев Қ. Жұбанов, «Қайнар» университеттерінің түлегі. Еңбек жолын 2001 жылы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының маманы, Қарғалы ауылдық округі әкімінің орынбасары, Қарғалы, Новый ауылдық округінің әкімі, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Облыс басшысы жаңа қызметке тағайындалған азаматтарға сәттілік тілеп, нәтижелі жұмыс жасайтындарына сенім білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button