Жаңалықтар

«Дельфин» бассейні шақырады

Спорт күнінде елу жылдық тарихы бар №6 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде салтанатты шара өтті. Жас спортшылар мен жаттықтырушыларды кәсіби мерекесімен құттықтауға қала әкімі Мавр Абдуллин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов келді.

Мерекелік шарада алдымен сөз алған қала әкімі барлық қала тұрғындары мен қонақтарын Спорт күнімен құттықтап, құтты мекеннің дене шынықтыру мен спорт саласындағы дамуына зор үлес қосып, байрақты бәсекелерде көк байрағымызды желбіретіп жүрген барлық спортшыларға алғыс білдірді. Ал кәсіби мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырып жатқан «Дельфин» бассейнінің ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін мыңдаған жүзу спортының мықтыларын дайындап шығарған «Дельфин» бассейні алдағы уақытта жаңа бағдарлама бойынша өз жұмысын бастамақ.

— Жарты ғасырлық тарихы бар бұл бассейн еліміздің спортына  нағыз жүзу спортының шеберлерін сыйлады. Енді спорт мектебі жаңа бағдарлама бойынша өз жұмысын бастайды. Бұл тұрғыда біз жылына 3 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз — болашақта

еліміздің спорт саласына есімі алтын әріптермен жазылатын мықты спортшыларды тәрбиелеп шығару. Біз Дмитрий Баландин секілді жүзу спортычемпиондарының  дәл осы жерден тәрбиеленіп шығарына сенімдіміз, — дейді Евгений Гончаров.

Мерекелік шараға жүзуге алғаш үйреткен ұстазын құттықтауға келгендердің бірі — 10 жастағы Аружан Әбішева. Үш жылдан бері жүзу спортына тұрақты қатысып жүрген Аружан өз қатарластарын аталған спорт түрімен шұғылдануға шақырады.

— Мені де, апамды да жүзу спортына анамыз алып келді. Биыл бассейнге келіп жүргеніме үш жыл болады. Суда жүзгенді өте қатты жақсы көремін. Сабақ басталған соң аптасына үш рет келемін. Бүгінгі күні суда түрлі жаттығулар жасауды үйрендім. Бүгінгі шараға мені алғаш рет суды игеруге үйреткен Жанна Николайқызын кәсіби мерекесімен арнайы құттықтау үшін отбасымызбен бірге келдік. Ол кісіге толағай табыс, айтқанын тез ұғып алатын шәкірт тілеймін, — дейді кішкентай Аружан.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button