Жаңалықтар

Ақпараттық керуен Ақтөбеге келді

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында этномәдени бірлестіктердің бастауымен қолға алынған ақпараттық керуеннің өкілдері бас қосты. Жастар жылы аясында құрылған арнаулы топтың мақсаты — «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарын түсіндіру.

Шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Этномәдени бірлестіктердің белсенді қатысуымен жастар арасында әлеуметтік бірлік мәдениетін дамыту» әлеуметтік жобасының шеңберінде ұйымдастырылды. Бұған дейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарын аралаған белсенді жастар енді ақтөбелік замандастарымен кездесуге ұйғарыпты.

— Керуен жастардың бойында жалпыұлттық бірлік мәдениетін қалыптастырып, өзара байланысты одан сайын нығайтуды көздеп отыр. Осындай кездесу барысында әлеуметтік жобалар зертханасы — «әлеуметтік лифттер» платформасы, білім берудегі инновацияны дамыту, «Қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» бизнес-инкубаторы, басқа да тақырыптар кеңінен қозғалады. Ондағы ойымыз — мемлекеттік бағдарламалар, маңызды құжаттар жөнінде жастарға түсінікті етіп, солардың парасат-пайымына сай айтып беру, — дейді «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев.

Отырыста жас кәсіпкерлер, спортшылар, түрлі жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйлеп, көпұлтты Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері, қоғамдағы жастардың орны, ынтымақ туралы кеңінен әңгімелеп, ақпараттық керуеннің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде оларды тыңдаушылардың қатарында әртүрлі ұлт өкілдері, студенттер мен оқушылар болды.

Айта кетейік, арнаулы топ енді Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына аттанғалы отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button