Басты жаңалықтарМәселе

Пойызға билет неге жоқ?

Ақтөбелік зейнеткер Балзия Қоспамбетова жақын аралықта елордаға барып, екі көзіне бірдей ота жасатуы керек. Ол теміржол вокзалына күн сайын келгенімен, билет таппай сенделіп жүр.

Дәл қазіргі күні билет тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе, осындай жаз айларында, мереке күндері жолаушылар билет таппай, тентіреп кетеді. Діттеген жеріне ұшақпен ұшайын десе, қалтасы көтермейді, ал теміржолдың жай-күйі — осы. Қазір алыпсатарлардың асығы алшысынан түсіп, дәурені жүріп тұрған шақ.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке теміржол билеттерін қолдан тапшы етіп отырған мәселеге қатысты нақты тапсырма жүктеді. Әзірге еш өзгеріс жоқ.

«Кезегім жылжымай жатыр…»

Балзия әженің көзі нашар көреді. Дәрігерлердің бақылауында тұрған ол Нұр-Сұлтан қаласындағы  қызының қасына барып, елордадағы медициналық мекемелердің біріне ота жасатуды жоспарлапты. Алайда Балзия әже теміржол билетінің осыншалықты тапшы болатынын білмесе керек. Жүретін уақыты — 20 тамыз. Бірақ бұл күнге билет жоқ. Балзия әжені біз вокзалдан кезіктірдік.

Астанаға баруым керек еді, ешбір кассада билет жоқ. Мамандар «күтесің» дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды. Жекеменшік кассалардан да сұрастырдым, жағдай осы. Қалай дегенде де, 20 тамызда мен елордада болуым керек. Себебі, ондағы дәрігерлермен арада келісім бар, 1 қыркүйек күні екі көзіме ота жасалады. Қазір билет таппай, үй мен вокзалдың арасында жүрмін, — дейді көпбалалы Балзия әже.

Кейуананың қолына күту парақшасы беріліпті. Дегенмен билетті күтіп, ығыры шыққан Балзия әже: «Кезекте алдымда қанша адамның тұрғанын білмедім. Егер жекеменшік кассадан билет шығып жатса, қосымша бағасымен сатылса да, алудан тайынбаймын», — дейді.

Қолына күту парақшасын ұстағандардың бірі Динара Әбиеваны да біз вокзалдан кезіктірдік. Қасында анасы бар. Отбасымен 10-11 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласына баруды жоспарлапты. Алайда билет жоқ.

Елордаға бару үшін маған төрт адамға билет керек. Демалыс алып, анамды астанаға апару бұрыннан жоспарымда жүрген шаруа еді. Әзірге билет таппай, қиналып отырмыз. Қазір қолымызға күту парақшасын ұстатты. Егер билет шықса, мамандар «өзіміз хабарлаймыз» дейді. Енді кімге сеніп, сенбесімді білмей отырмын. Оның үстіне, ұзақ жолға кішкентай баламен баратын болғасын, төменгі орыннан билеттің шыққанын қалаймыз, — дейді Динара.

Динараның анасы Фарида Әбиева да күту парақшасына жазылған бірегей санға байланысты кезегінің жылжымайтынын айтып шағымданды.

Жеке кассалардың саны 11 есе көп

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасау проблемасын шешуді Үкіметке тапсырған болатын. Президент өзінің Twitter-дегі жеке парақшасында: «Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр», — деп жазды.

Интернет мәліметтерінде былтыр жазда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құпия сатып алушылары неліктен билет кассаларында жол жүру құжаттарын сатып алу мүмкін емес екенін анықтау үшін теміржол билеттерін делдалдардан сатып алғаны жазылған. Қолдағы билеттер көбінесе 50 пайызға қымбат болатыны белгілі болыпты. Әсіресе, адамдар жиі қатынайтын бағыттарда баға екі есеге дейін өсуі мүмкін. Негізінен алыпсатарлар — жеке тұлғалар.

Президент тапсырмасынан кейін біз «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы БАҚ және клиенттермен жұмыс атқару бөлімінің басшысы Данияр Айдархановпен осы мәселеге қатысты сөйлескен едік.

— Пойыз билеттерінің алыпсатарлар қолында жүруін қалай түсіндіресіз? Осыған бір тосқауыл болмай ма? Бұл шара қалай шешіліп жатыр?

—Билеттердің алыпсатарлардың қолында жүретіні рас. Теміржол билеттерін заңсыз, алыпсатушылықпен айналысатын азаматтар бар. Олар теміржол билеттерін қолдарына қалай түсіреді? Олар әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қатынайтын пойыздардың  билетін ертерек сатып алады. Өздеріңіз білесіздер, билет адамның өз атына ғана жазылады. Бұл жерде алыпсатарлар әлемде жоқ адамның атын айтып, билетті сатып алады.

—Сонда олар көп билетті қалай алып тұр? Өзіңіз айтқандай, бір билет бір адамның атына ғана берілмей ме? Ол үшін жеке куәлік сұралады және…

—Жоқ, бұл жерде жүйе мүлде бөлек. Қазір республика бойынша «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының 433 теміржол кассасы бар. Егер билетті сол теміржол кассасынан алсаңыз, онда мамандар міндетті түрде жеке куәлік талап етеді. Құжатсыз билет берілмейді. Ал теміржол билеттерін сатумен айналысатын  жекеменшік кассаларға барсаңыз, ондағылар сізден төлқұжат сұрамауы мүмкін. Себебі алыпсатарлар жеке кассадағылармен бірге жұмыс жасайды. Нақты айтқанда, бұл жеке кассадағылардың өзі жасайтын іс.

Қазір елімізде мұндай жекеменшік кассалардың саны — 4500. Акционерлік қоғамға қарасты кассалардан олардың саны 11 есе көп.

 Кассадағылардың «былығы мен қылығы»

— Жекеменшік кассадағылар әлемде жоқ адамның атына билеттердің бәрін сатып алады. Мысалы, Виктор Цой деп атайды да, соның атына бір ай бұрын 10 билет сатып алады. Сосын пойыздың жүру күні жақындағанда, жолаушылар вокзалға келіп, билет сұрастыра бастайды. Осы кезде жекеменшік кассадағылар клиент іздеу үшін өзінің бір адамын жібереді. Ол жол жүрушіге билет құны 10 мың теңге болса, оған 15 мың теңгеге сатып жібереді. Билет таппай, шарқ ұрып жүрген жолаушы еш ойланбастан, өзі келіп тұрған билетті қуана сатып алады. Ол үшін алыпсатарлар мен жолаушы жекеменшік кассаға барып, билетті өз атына аудартады. Әлгі Виктор Цойдың атына жазылған билетті кассадағылар жолаушының атына аударады. Олай етпесе, жолсерік жолаушыны пойызға мінгізбейді.  Ол үшін жекеменшік кассадағылар әлемде жоқ адамның  атына жазылған билетті қайтарады. Бұрынғы жүйе бойынша, билетті қайтарған кезде ол сатылымға сол минутта түсетін. Яғни, жекеменшік кассадағылар бір қолымен билетті қайтарса, сол сәтте екінші қолымен әлгі билетті қайта сатып алып жататын. Яғни, түтікшені  секундына 10 рет басып, билет іздейтін. Сөйтіп, қайтарылған билетті өзі «ұстап» алатын. Сосын келіп тұрған адамның нақты аты-жөнін жазып, әлгі билетті үстемеақысымен өткізіп жіберетін.Бұған дейін жекеменшік кассадағылардың «былығы мен қылығы» осылай болды. Бұл бұрынғы жүйе.

—Ал қазіргі жағдай қалай? Неліктен жекеменшік кассалардың осындай әрекетіне құзырлы органдар тарапынан тосқауыл қойылмайды?

—Қазіргі жаңа жүйе бойынша, жекеменшік касса, болмаса басқасы болсын, билетті қайтарған кезде ол билет жүйеге бірден түспейді. Жүйеге 5 минуттан соң, мүмкін 15 немесе 45 минуттан соң түсуі мүмкін. Теміржол билеттерін электронды сатудың жетілдірілген жүйесі биыл 1 шілдеден бастап жүзеге асырылды. Бұл жүйе бұрын да жүзеге асырылды, бірақ жүйежетілдіріле түсті. Бұл — «Mobius» жүйесі.Бұрын «Экспресс» автоматты басқару жүйесі болды. Жаңа жүйенің қалай жұмыс жасайтынын адамдар түсінуі керек. Қазір жаңа жүйе бойынша билет қайтарылғанда, оны компьютердің өзі шешеді. Себебі жоғарыда айтқанымдай, бір билет 5 немесе 45 минут аралығында қайтарылуы мүмкін. Билеттің қайтарылу уақыты өзгеріп отырады. Билеттің қашан қайтарылатынын ешкім білмейді, бұл іс тек компьютер арқылы шешіледі. Билеттің қайтарылған уақытына қарамай, түтікшені секундына қайта-қайта басатын болса, «сіздің кассаңыз 5 минутқа бұғатталады» деп компьютер бетіне ескерту сөздері шығады. Бұл — барлық кассаға тән енгізілген жүйе. Сол себепті кассадағылар сұрауды 2-3 қайтара жібере алмайды. Яғни, бұл билетті тапсырған кезде, әлгі билетті қайта ұстап алмас үшін жасалған шара.

Күту парақшасы немесе нақты кезек

Данияр Айдархановтың айтуынша, жолаушылар тасымалы құрылымына енгізілген тағы бір жаңалық — күту парақшасы. Егер билет болмаған жағдайда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарасты кассаларға жолығып, күту парақшасымен кезекке тұрасыз. Бұл — электронды кезек. Яғни, мұндай кезекке компьютердің өзі жауап береді. Кезекті ауыстырып немесе жылжыта алмайсың. Бұл жерде аты-жөңізді айтып қана қоймай, кассирге электронды поштаңызды қалдырасыз. Сөйтіп кассир қолыңызға талон береді.  Талонда сіздің атыңызға бірегей сан көрсетілген, сол нөмір бойынша билетті күтіп, электронды поштаңызды тексеріп тұрасыз.

—Зейнеткерлердің бәрінде бірдей электронды пошта жоқ. Оларға қандай жеңілдік жасалған?

—Зейнет жасындағылар балалары немесе немерелерінің, туыстарының атына ашылған электронды пошта адресін қалдыра алады. Жаңа жүйе электронды поштамен байланыстырылып жасалған шара. Бұл жерде құрылым жұмысын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Яғни билет шыққан кезде, жолаушының электронды поштасына хабарлама түседі. Жалпы жолаушыға билетті онлайн түрде сатып алуға да мүмкіндік қарастырылған.

 Билет аз болмаса, алыпсатарлар болмас еді…

—Теміржол вокзалдарында алыпсатарлар жұмысы бақылана ма?

—Өте орынды сұрақ. Бүгінгі күні «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы алыпсатарлардың жұмысын бақылау туралы іс-шараны қарастырып жатыр. Жуық арада бұл іс жүзеге асырылады деп ойлаймыз. Ең бастысы — алыпсатарлардың жұмысын бақылауда акционерлік қоғам жүйені өзгертіп, жетілдіргеннен басқа ешнәрсе жасай алмайды. Алыпсатарлық іс Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде жүзеге асырылады. Ал заңсыздықты реттеу Ішкі істер министрлігінің құзырындағы шаруа.Алыпсатарларға қатысты мен немесе вокзал күзетшісіолардың қолынан ұстап, ешқандай шара қолдана алмайды. Себебі, олай жасауға біздің құқығымыз жоқ.

—Осындай алыпсатарлардың ісінен, әсіресе жолаушылар көп жүретін жаз айлары, мереке күндерінде теміржол билеттерінің тапшылығы сезіледі. Алайда барлық сын сіз еңбек ететін құрылымның атына айтылады. Осы мәселені шешу үшін  «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы тарапынан қандай шара қабылданып жатыр? Осы мәселені шешуде жоғарыға нақты ұсыныс-пікір айтылды ма?

—Ондай ұсыныс-пікірлеріміз бұрыннан бар, айтылып та жатыр. Ең басты мәселе — билет тапшылығы. Егер бізде билет аз болмаса, алыпсатарлар болмаушы еді. Сондықтан бұл жерде вагон паркін көбейту керек деген мәселе туындайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасау мәселесін болдырмас үшін нақты шара қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы билет тапшылығын болдырмас үшін деген тапсырма айтқан жоқ. Егер билет тапшылығын болдырмау керек болса, пойыздардың вагонын көбейту қажет болады. Қазір бір вагон 400 миллион теңге тұрады. Жаз айларында жолаушылардың көптігіне байланысты бізге 300 жаңа вагон сатып алу керек. Жыл сайын акционерлік қоғамның жұмысын жетілдіру үшін 100 вагоннан сатып алуға ғана қаражат қарастырылған. Ең көп жолаушы сыятындары — плацкарт вагондар.

—Осы бағытта Ақтөбе өңірі үшін қандай жаңалық бар?

—Әзірге жаңалық жоқ. Бізде Ақтөбемен елорданың арасына қатынайтын коммерциялық пойыз болды. Бірақ қазір тоқтатылды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Ол үшін билеттер арзан бағасына сатылып, қалған бөлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде төленеді. Ал коммерциялық маңызы бар бағыттардағы пойыз билеттерінің бағасын акционерлік қоғам өзі белгілейді. Билет құны кеткен шығынды көтеруі тиіс. Сондықтан коммерциялық маңызы бар бағыттағы пойыз құны қымбат болады. Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе қалалары арасына қатынайтын пойыз коммерциялық маңызы бар бағыттағы тасымал құралы болғандықтан, біздің шығындарымызды ақтай алмады. Себебі, жолаушылар көп мінбеді. Ондай пойыздарға мінетін жолаушылардың көрсеткіші 80-90 пайыз болмаса, шығынға батамыз. Сондықтан акционерлік қоғам үшін бұл бағыт тиімсіз болды. Сол коммерциялық пойызды қайта қосу турасында Ақтөбеден жыл басынан бері 4-5 шағым түсті. Бұл пойыздың билет құны 15-16 мың теңге аралығында болды. Алайда бұл бағаны әрбір жолаушының қалтасы көтере бермейді. Былайша айтқанда, пойызды қайтару туралы шағымданушылар ұшаққа ақшасын аяйтын, ал жай пойызды ұната бермейтін «қалталы» адамдардан түскен арыз деуге болады. Биыл теміржол саласында ешқандай қосымша жаңа бағыт ашылмайды.

ЗАҢСЫЗ БИЛЕТ САТҚАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

 Көліктегі полиция департаментіне қарасты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің  қызмет көрсету аймағында  «Таза вокзал» акциясы өтті.

Мақсат — жолаушылар пойыздарына билет бағасын көтеріп сататындарды,  қоғамдық орында тәртіпті бұзатындарды анықтау.

Екі күн ішінде екі  дерек анықталды. Билеттерді көтерме бағамен заңсыз сатқаны үшін 22 жастағы қызға әкімшілік  хаттама толтырылды. Акция аясында Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің әкімшілік полиция инспекторлары мен теміржол және авиа ұйымдардың арасында кешенді алдын алу жұмыстары  жүргізілді.

Жалпы Ақтөбе станциясы желілік полиция бөлімі жыл басынан бері 1102 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарда тәртіп бұзу бойынша 59 дерек  тіркелген.

К.ҚОПАЕВА.

Әлемде жоқ, бізде бар

«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілінің айтуынша, әлемде теміржол билеттері алыпсатарлардың қолында жүрген бірде-бір ел жоқ.

—Әлем елдерінде мұндай мәселе жоқ. Өкінішке қарай, біздің халықтың менталитеті солай болып тұр. Біз еуропалық мемлекеттермен салыстыру жасағанымызда, жағдай мүлде басқаша болды. Оларда жолаушылардың жолсерікке барып «мені алып кетші» деп біздегідей өтінуі атымен жоқ. Тіпті, жолаушылар вокзалға да бармайды. Компьютерден онлайн түрде билеттің бар-жоғын қарайды, яғни дәл сол күні билет болмаса, олар ертеңгі күнге жол жүруге қамданады. Бір сөзбен айтқанда, билет болғанда ғана жол жүреді. Пара беру, біреуге барып өтіну деген олар үшін ұят нәрсе. Ал бізде жағдай мүлдем басқаша. Өзім талай рет іссапарларда жүрген кезде мұндай жағдайларға көз жеткіздім. «Мен тойға болмаса садақаға баруым керек» деп пойыз басшылығымен ұрысып тұрған жағдайларды талай рет өз құлағыммен естідім. Билет таппаса, бас салып қарғай жөнеледі. Бұл — бір мәселе. Екіншіден, еуропалық елдерде теміржол саласында айыппұлдардың мөлшері үлкен. Егер жолаушы билетсіз жүрсе, онда 100-500 еуро көлемінде айыппұл салынады. Ал сол жолаушы билетсіз екінші мәрте ұсталса, екі айға қамауға алынады. Бізде билетсіз жолаушыға төленетін айыппұл оның жүрген жолының құнының он еселенген мөлшерінде салынады. Мәселен, Алматыдан елордаға жүретін пойызға билетсіз отырған жолаушыны Шу стансасында ұстап алса, онда сол стансаға дейінгі билет құнының он еселенген мөлшерінде айыппұл төлейді. Құзырлы органның өкілдері әрі сол стансадан билетсіз жолаушыны түсіріп кетуге құқылы.

Егер біздің адамдар алыпсатарлардан 3-4 айға дейін билет сатып алмаса, мүмкін мұндай мәселе болмас па еді?! Бұны бизнес деп қарау керек. Кез келген бизнестің ережесінде тауар өтімсіз болса, ол бизнестің пайдасы болмайды. Бұл да солай, егер алыпсатарлар клиент таппаса, өздері-ақ мұндай іспен айналысуын тоқтатады. Сондықтан бұл істе біздің адамдарға алыпсатарларға барып, сұранысты туындатпау керек. Қайта, оларды  көрген кезде полицейлерді шақырып, жұмысын әшкерелеуге атсалысу қажет. Заң бойынша пара берген де, алған да адам жауапқа тартылады. Сондықтан бұл жерде екі жақты жұмыс жүргізілуі керек. Әзірге біз бұл мәселеде біржақты ғана жұмыс жасап жатырмыз.

Бұл мәселе тасымалдаушы құрылымның ықпалымен ғана шешілмейді. Шынын айтқанда, алыпсатарлар бізге қаржылық тұрғысынан ешқандай зиян келтіріп отырған жоқ. Тек бұл жерде жолаушылар ғана жапа шегіп отыр. Сондықтан бұл бағытта ішкі істер органдары, тіпті жолаушылардың өздері көмектесуі керек.

—Бізде жолсеріктердің билетсіз жолаушыларды пойызға мінгізу үрдісі әлі де қалмаған сияқты…

—2018 жылдың сәуірінен бастап нөлдік төзімділік принципін енгіздік. Егер жолсерік билетсіз жолаушыны пойызға мінгізсе, онда ол бірден жұмыстан қуылады. Былтырдан бастап осы күнге дейін 130 адам жұмыстан босатылды. Олардың арасында пойыз басшылары да бар. Оған қосымша 29 адам қызметтік  лауазымынан төмендетілді. Талдау қорытындысының нәтижесінде, биыл тексерістер саны өткен жылмен бірдей болғанмен, билетсіз жолаушыларды тасымалдау іс-әрекеті 30 пайызға төмендегені байқалады.

—Президент пойыз билеттерін қолдан қымбаттату мәселесіне қатысты нақты тапсырма жүктеді. Енді қандай өзгерістер болмақ?

—Бұл мәселеге қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймын. Білетінім, Президент тапсырмасына қатысты Үкіметте, министрлікте жиындар өткізіліп жатыр. Әзірге ешқандай қаулы шыққан жоқ. Осы құрылымның клиенттермен жұмыс жүргізу бөлімін басқаратындықтан, билет тапшылығына қатысты жолаушылардан көп шағым түседі. Егер вагон көп болып, алыпсатарлар жоқ болса, менің де құлағым тынышталар еді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button