Басты жаңалықтарМәселе

Шетелдік көліктерге шектеу бар ма?

Көлік неге қымбат?

Қазір қала көшелерінен қаптаған шетелдік көліктерді көресің. Тіпті аудан, ауылдық жерде өзге нөмірлі көлікті тізгіндегендер көп. Соңғы жылдары Армениядан көлік әкелушілер  көбейіп кетті. Бұрындары Германия  мен Ресейден келетін көліктерден гөрі теңіздің ар жағынан тау асып келетін шетелдік нөмірлердің нөпірі басым. Сол жақтан сатып әкеліп, жүргізіп жүргендердің айтуынша, біздегіден әлдеқайда арзан және сапалы. Темір тұлпарды тізгіндеушілердің талғамы да шетелдік маркалы көлікке ауып тұр.

Ресейдің «Ладасы» ауылдық жерлерде болмаса қала ішінде сәннен қалғалы қашан. Кәнігі жүргізушілердің айтуынша, «орыстың көлігінен опельдің «кузовы» артық». Бұлай деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Бар ақшасын жиып немесе несиеге батып алған көліктері үмітті ақтамапты. Бүгінгідей интернет, байланыс, және жол мен қызмет көрсету орындарының дамуы әсерінен қай жерге де қол жетеді. Көлік іздеп қазақтың шетел асуы еріккендік емес. Оған өзіміздегі ішкі жағдай әсер етіп отыр. Елімізде жасалынатын отандық көліктердің сапасы сын көтермесе, екіншіден, бағасы шарықтап тұр. Оның үстіне бөлшектерінің бәрі шетелден келіп, бізде құрастырылады. Бірақ ол тым аз. Отандық көлік құралдарын құрастыру дамымаған. Кедендік төлемдер мен жиындар төленгеннен кейін қазақстандық көлік құралдарының бағасы екі есе артады. Ал елімізде көлік алу үшін берілетін несиелердің үстемеақысы мен пайызы жоғары. Міне, осындай себептерден соң бәрі аз-мұз ақшаларына бір көлікті қолма-қол еншілегісі келеді. Ондай мүмкіндік тек шетелде болып тұр.  Бұдан бес жыл бұрын несие арқылы 7 жылға алынған «Гранта» автокөлігі бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде тозып болды. Сондықтан шетелдік марканы құп көрген қазақстандықтарға ең тиімдісі —Армениядан әкелу. Себебі, Армения — Кедендік одаққа мүше ел. Ол жақтан қалаған көлігіңді таба аласың.

Егер көлік алғыңыз келсе…

Арменияға барыңыз. Шетелге шығуға мүмкіндігіңіз болмаса, тапсырыс беріңіз. Қазір ол жақтан көлік әкеліп берушілер көп. Ақтөбедегі көлікбазарларын бір апта бойы сүзіп шыққан Сембай Елеков ондағы көліктердің қымбат екенін айтады.

— Астымдағы көлігімді сатып жіберіп тәуірлеу көлік алам ба деп ойлағанмын. Бірақ болар емес.  Көлігімнің құнына тағы миллион теңге қосуыма тура келеді. Кейін өз көлігімді сатқаныма өкіндім. Бағасы мен ойлағаннан да қымбат. Ал Ресейдің көліктері толып тұр. Көбінің жылы ескі, бағасы қымбат. Мұнда шетелдік көліктердің бағасы ұшып тұр. Армениядан көлік әкеліп жатқан таныстарыммен де сөйлесіп жатырмын. Олардың айтуынша, ол жақтан қолымдағы ақшаға жылы жаңалау, тәуір көлік ала алады екенмін. Сол жақтан алатын болармын. Басқа амалым жоқ, — дейді ол. Қолыңызда екі миллион теңгеңіз болса, жылы жаңалау көлік міндім дей беріңіз…

Бес жылдан бері Германия, Ресей, Армения мемлекеттерінен тапсырыс алып, көлік әкеліп жүргендердің бірі — Нұрлан Алдабергенов.  Ол шетелдік көліктердің әр маркасы мен сапасын, бағасын бес саусағындай біледі. Еліміздегі көлік құнын салыстыра отырып, көлік  қозғалысындағы көзімен көріп жүрген біраз жайттарды бөлісті.

Көліктің қымбат болуының себебі, біріншіден, еліміздің машина жасау зауыттары толық қамти алмай жатыр. Екіншіден, алыпсатарлардың да әсері бар. Өзіміздің ішімізде бірінен алып, біріне сату, бір қаладан екінші қалаға өткізіп, үстінен пайда көру арқылы одан әрі қымбаттатып жіберді. Ал шетелге шықсаң, 50 пайыз арзан. Біраз адамға өзінің көздеген көлігін қалаған қаржысына  әкеліп бердім. Әзірге ешкімнен шағым болған жоқ. Таза еңбегім — 300 доллар. Ешкім күмәнданбайды. Себебі жол жүру шығыны, ұшақтың билеті, көліктің бағасы, жанармай, құжаттарды рәсімдеу, тағы басқа да қызметтердің түбіртектерін әкеліп беремін.

Ол жақтан көлік алам десеңіз, тапсырыс бергеніңіз әлдеқайда тиімді. Менімен еріп барып екі адамның жол жүру шығынын төлегенше, үйде жатып қалаған көлігіңізді күтсеңіз, қаржыңызды біраз үнемдейсіз. Егер тапсырыс болып жатса, бір айда үш рет барып келемін. Одан артық бара алмайсыз. Бір сапардың барып келу уақыты — бір апта. Жұрт арасында барлығы соғылған көліктер деген әңгіме бар. Бәрі бірдей емес. Қалтаңыз көтерсе, су жаңасын алыңыз. Ал соғылған көліктерді Армения Республикасында жөндеп, қайта қалпына келтіріп сатады, бірақ сапалы жасайды,. Еуропаға біршама жақын орналасқандықтан ол жақта машина жасау өнеркәсібі дамыған. Соғылған көліктер арзандау болады. Әркім қолы жеткенін алады ғой. Баға әртүрлі.

Осылай деген Нұрлан тағы бір мәселені айтып қалды. Ол — ақшамыздың шетелге кетуі. Елімізде көлік жасау ісі жанданбай солай бола бермек. Оның есептеуінше, бір жылдың ішінде кем дегенде 50 мың көлік сатып әкелінді. Бір көлік орта есеппен 5 мың доллар дегенде, қаншама қаржының сыртқа шығып жатқанын есептей беріңіз. Оның үстіне жол шығыны, қонақүйлер, ұшақ билеті секілді тағы басқа шығындарды қосыңыз…

Көліктің төресі — «Тойота»

Көлік нарығында өзге марканың бәрін ығыстырған «Тойотаның»құны жоғары. Көлікбазарларына бара қалсаңыз, бұл маркалы көлікті іздеп жүргендердің қарасы көп. Олардың бағасы 3 миллион теңгеден жоғары. Бүгінгі күннің басты талғамы сол болып тұр. Алайда ондай көлікке екінің бірінің қолы жете бермейді. Жапондық көліктің бұл маркасы әлемдік брендке айналғалы оны сатып алушылар сонау Америка елдерінен де табылып тұр. «Тойотаға» көбі оның төзімділігі үшін қызығады. 5 жылға дейін сыр бермейтін көлік қалтаға түспей, барлық бөлшегі сатып алған қаражатыңды ақтайды екен. Өзге көліктердей көп бұзыла бермейді. Май-суын уақытында алмастырып тұрмасаң да, автосервис жағалаудың да қажеті жоқ. Ең ақыры дөңгелектері еліміздің қара жолына да шыдас береді. Осындай ерекшеліктерімен қатар бүгінгі жеңіл көліктің алды болған «Тойотаға» әркімнің де таласы бар. Оның үстіне бірінен-бірі асып, қымбат көлікті мінуге құмар бәсекелестігіміз тағы бар. Ақтөбе қаласындағы осындай көлікті сатушылардың бағаны қымбат сұрауы да сондықтан. Бірақ оның да бірнеше түрлері бар. Әркім талғамына қарай алады.Арменияда 2010-2012 жылғы «Тойота Королла» — 8 мың 500 доллар.

Әзір көлік нөміріне келетін қауіп жоқ

Шетелдік нөмірлерді тіркейді деген тұрғындар арасында әңгіме шыққанымен бүгін- ертең ондай өзгерістер байқалмайды. Себебі Кедендік одаққа мүше елдерде көлік бір-ақ елде тіркелсе, қалған мемлекеттерде жүре алады. Оның уақытына да шектеу жоқ. Облыстық әкімшілік полиция басқармасы емтихан тіркеу бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Алтынбаевтың айтуынша, шетелдік көліктерді уақытша тіркеуге алуы мүмкін. Бірақ қашан екені белгісіз.

Кедендік одаққа мүше Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан мемлекеттерінде көлік саудасы ашылған. Сенімхат пен сақтандыру қағазы арқылы бір-біріне сата алады. Сол себепті Армения республикасынан келген көліктерге шектеу жоқ. Нөмірі де өзгермейді. Және ол жақтан келетін көліктер «ЕВРО 5» стандартына сай келмейді. Бұл жерде, біріншіден, көліктің шыққан жылы, елі және экологиялық тазалыққа зиянсыздығы басты роль атқарады. Көлікті тіркеу үшін кедендік баж салығы, көлік құралдарының иелерінен көліктің мәртебесін растайтын құжаттар, тағы басқа да рәсімдеулер үшін біраз қаражат кететін болғандықтан ешкім тіркемейді. Қазір шетелдік көліктерді ешқандай бақылай алмаймыз,  — дейді Е.Алтынбаев.

Облыстық полиция департаментінің дерегі бойынша қазіргі таңда Ақтөбе облысында 146679 жеңіл көлік тіркелген болса, қала ішінде 93721 көлік бар. Шетелден кірген көліктердің есебі полиция департаментінде жоқ. Оған себеп жоғарыдағыдай жағдайлар. Армения Республикасы аумағында 2014 жылғы 10 қазаннан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде рәсімделген  көліктер шетелдік тауарлар болып, кедендік бақылауға жатады.

Шетелдік көліктердің жергілікті элоктрондық базаға тіркелмеуі — елімізде жол- көлік оқиғасы, қылмыстық фактілер анықталған жағдайда шұғыл іздестіруге ішкі істер органдарының жұмысына кедергі келтіреді. Бұл — бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ал шетелдік көліктерді келесі адамға сатқанда айыппұлдар мен салықтар, тағы басқа да ескертулер алғашқы иесіне қайтып келмес үшін оның бәрін бір жүйеге келтіру алдағы күннің еншісінде…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button