Басты жаңалықтар

Сұрауы жоқ су…

«Поколение-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Бошкова  7-8 жыл бұрын облыстағы бұлақ көздерін түгендеп, оларды қорғауды қайта-қайта мәселе етіп көтерді.  Өкініштісі, жерасты суларымен  байланысқан бұлақтарды қорғаумен   Бошковадан басқа ешкімнің шаруасы болған жоқ.  Табиғи су көздеріне жақын  жерлерде, соның ішінде Тамды, Бестамақ, Қарғалы бойындағы құм,  қиыршық тас өндірушілердің жыртқыштық әрекеттерінен  бұлақ көздері жоғалды. Дұрысы, бульдозермен карьерден тас қопарушылар  су көздерін бітеп тастады. Ендігі жерде  оларды  қайта қалпына келтіру қиын.

 Бұлақ көрсең — көзін аш

— Елена Сергеевна, өзіңіз басқаратын «Поколение-М» қоғамдық бірлестігінің  табиғат жанашырлары осыдан 7 жыл бұрын облысымыздағы Ақтөбе қаласы түбіндегі, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарындағы бұлақтарды тізімдеп, олардың құжатын жасап, тәуір жұмыс бастап едіңіздер. Арты жоғалды. Оның себебі неде?

 

Бұл жобаның құндылығы сол, жастар, жергілікті атқарушылық билік  те атсалысты. Жазда Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмыс істеген студенттер  көптеген бұлақ көздерін  шөп-шаламнан тазартып,  тастармен биіктетіп, жағасына көк желек отырғызды. Алайда  тамаша бастамамыз аяқсыз  қалды. Мен ол туралы айтып, көңілімді түсіргім келмейді. Себебі, ешкімге ештеңе керек емес.

Сіздер жерасты суымен жалғасып жатқан қанша бұлақ көздерін түгендей алдыңыздар?

«Поколение-М» қоғамдық бірлестігі мүшелері  Ақтөбе қаласына жақын жерлерден  жерасты суларымен жалғасқан 36  бұлақты анықтап, құжаттарын жасады. Себебі, осы күнге дейін облыстағы бұлақтар  тізімделмеген әрі түгенделмеген. Мәселен, Қарғалы елді мекеніндегі Мөлдірбұлақты, Қарғалы ауданы Петропавловка ауылы жанындағы бұлақтарды, Ақшат ауылындағы Ислам бұлағын, Саржансай ауылындағы, қала түбіндегі  Маржанбұлақты   «Ерекше қорғалатын су айдындары мен ағын сулар санатына» енгізуге тырыстық. 2002 жылдан бастап Ақтөбе облысындағы бұлақ көздері арқылы шығатын жерасты суларын қорғау   мақсатында мемлекеттік  қорғауға алынуы тиіс  бұлақтар тізімін жасадық. Бірақ  артынан ол жұмыс жайына қалды. Ерекше қорғалуы тиіс  гидрогеологиялық нысан мәртебесіне  Көкжиде кен орнындағы жерасты сулары ғана  енгізілді.  Бірақ мұнай қалдықтарымен лайланған Көкжиденің  қазіргі жағдайы  аянышты. Сол жылдары  Ақтөбе қаласына жақын аудандардағы біраз бұлақты  қоршадық. Демеушілер көмегімен орындықтар қойып, төбесіне қалқа тұрғызып, бұлақ атауы, су көзін ысырапсыз пайдаланбау туралы нұсқаулық  жазылған тақтайшалар орнаттық.

  • Оралдық гидрологғалымдармен бірлесе бұлақ суларына жүргізген тексеру не көрсетті?

 — Білім және ғылым министрлігі Ғылым  комитетінің  Батыс Қазақстанның су ресурстарына 2015-2017 жылдары мониторинг жүргізу грантын иеленген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің   ғылыми-зерттеу институты мамандары Ақтөбеге келіп, жерасты суларын зерттеді.  Біздер басы-қасында жүрдік.  Осы оқу орнының оқытушысы К.М.Ахмеденов 2015 жылдың 20-23 шілдесі аралығында  Орқаш және Мөлдірбұлақ суларынан гидрогеохимиялық сынамалар алып, ондағы  катиондар мен аниондар, ауыр  металдар құрамын зерттеді. Зерттеу қорытындысы: бірінің  суы хлоридті сульфаттынатрийлі, екіншісі хлоридті-гидрокарбонатты-сульфатты-натрийлі. Ауыр металдардан: бірінде – хром, екіншісінде – темір қоспасы  көп. Мөлдірбұлақ суында мыс – 0,044 мг/дм3, бірақ мырыш пен қорғасын, кадмий жоқ. Орқаш суында темір  мөлшері жоғары.

  • Қазір Ақтөбенің сегіз өзенінің арнасы күрт азайып, кей жерлерде тартылып қалды. Бұған жерасты суларымен жалғастырып жатқан бұлақ көздерінің бітелуі себеп деген пікір бар.

Ең алдымен,  жер бетіндегі су мен жер астындағы сулардың бір-бірімен байланысты екендігін ешқашан да ұмытпауымыз керек. Табиғаттың тірі бөлшегі ретінде мейлі бұлақ, мейлі өзен-көл сулары болсын, ешқашан да өздеріне жасаған қиянатты кешірмейді. Өкініштісі,  қазіргі кезде  табиғатқа қиянат тек адам қолымен жасалып жатыр.  Ақтөбе облысының жерасты сулары   Каспий бойы, Орал алды, Арал-Торғай Шу Сарысу, Үстірт және Үлкен Орал гидрогеологиялық  бассейндеріне жатады. Олардың  ағымы, химиялық құрамы өзгермелі, құрылымдық-морфологиялық құрылысы біртекті емес.

Өзендеріміз қорек көздерін алатын жерасты сулары жауын-шашынның  жерге сіңіп, одан қайта сүзгіленуі, жер астындағы су көкжиектері мен  жарылған аймақтардың  ағымынан түзіледі. Әдетте жиналған жерасты сулары   тау шыңдарының етегіне, ағынсыз ойықтарға және өзен аңғарларына түседі.

1999-2007 жылдары Ақтөбе облысы тұрғындарының  28,1-24 %-ы құдықтар, бұлақтар, таратушы желілері жоқ скважиналардың суын тұтынды.

«Поколение-М» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қаласы төңірегінде, Алға, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында  анықтаған бұлақтар. Бұлардың көбі қазірде жоқ.

Ақтөбе қаласы төңірегіндегі бұлақтар:

* Жіңішке өзені жанындағы бұлақ (өндірістік аймақ, АЗФ көпірінің астынан оңға қарай);

* Жіңішке өзені көпірінің оң жағындағы бұлақ (Құрылысшылар көшесінен 150-180 метр);

* Жаңақоныс елді мекеніндегі  бұлақ (облыстық аурухана жанында);

-Кірпішті ауылындағы бұлақ  (демалыс базасына таяу);

* Ақтөбе қалалық мешіті маңындағы  (Қазақстанның 30 жылдығы көшесі)  2 бұлақ;

* Жилянка елді мекеніндегі  бұлақ;

* Жоса  ауылындағы бұлақ  (Мәртөк тасжолы бойында);

* Қурайлы елді мекеніндегі  бұлақ (өзен жағалауында)  ;

* Сазды елді мекеніндегі  үш  бұлақ ( Ақтөбе қаласынан 18 шақырым).

 

Алға ауданындағы бұлақтар:

* Березовка елді мекені (Қобда ауданының  шекарасы) жанындағы бұлақ;

*   Бестамақ ауылындағы  3 бұлақ  (жанында шаруа қожалығы бар);

*  Маржанбұлақтан  сәл алысырақ – «Асыл су» бұлағы;

* «Қарабұлақ» бұлағы (Маржанбұлақтан 6  шақырым). Бұл жерде қара балшығы емдік  қасиетке ие  екі  бұлақ бар;

*  Бестамақ ауылындағы  3 бұлақ  (жанында шаруа қожалығы бар);

* Сарықобда елді мекеніндегі бұлақ;

* Үшқұдық ауылындағы бұлақ (Богословка);

* Балдырсай мен  Болгарка ауылдарындағы  4 бұлақ;

*Үйтас  ауылындағы бұлақ (Ильинка қиылысында);

*Коммунар ауылына  баратын жердегі бұлақ (Кітап).

 

Қарғалы ауданындағы бұлақтар:

* Сарқырамадағы бұлақ;

* Ақжайық ауылындағы бұлақ (бұрынғы Херсон);

* Қарабұтақ ауылындағы ( Бадамшаның қасында) 2 бұлақ;

* Ақжайық ауылындағы бұлақ (бұрынғы Херсон);

* Сарыбұлақ елді мекеніндегі  бір бұлақ (солтүстік-батыс бағытта).

 

 Қобда ауданындағы бұлақтар:

* Әлия ауылындағы бұлақ (Ақтөбе қаласынан  24  шақырым);

*Қобда ауданы  Бестау  ауылындағы (Пятигор) бұлақ.

 

Мәртөк ауданындағы бұлақтар:

* Мәртөк ауылында (теміржолға таяу);

*  Қурайлы  (Вознесеновка), Қарабұлақ (Степь) ауылдарындағы бұлақтар;

*  Қызылжар ауылындағы  (бұрынғы Андреевка)  бұлақ;

*  Полтавка  елді мекеніндегі  бұлақ;

*  Миялыкөл  (Шевченко) ауылынан  1,5 шақырым жердегі 2 бұлақ (бөгетке таяу);

*  Қарақұдық ауылдық округіндегі (Черноводск)  бұлақ;

*Құрмансай  (Степановка) мен Саржансай (Нагорный) ауылдарының арасындағы бұлақ;

* Родниковка  ауылындағы  2 бұлақ.

 

Темір ауданындағы бұлақ:

* Қопа ауылындағы 3 бұлақ.

 

Хромтау ауданы:

*   Тұзкенсайдағы бұлақ.

Карьерлер көміп тастады

Бұлақ суларын тиімді пайдалану туралы қандай ұсыныс жасадыңыздар?

Қазақстан Республикасы Су ресурстары туралы заңнамасын басшылыққа ала отырып, біздер мынадай ұсыныстар жасадық:

Біріншіден,  бұлақ көздері бар аумақтардағы  мектеп оқушыларын экологиялық жұмыстарға жұмылдыру. Бұл – еңбек әрі тәрбие. Басты мақсат өңір жастарының экологиялық мәдениетін көтеріп,  жастар ұйымының практикалық қызметін күшейту болатын.

Екіншіден,  бұлақ көздері бар жерлерді  жалға алған меншік иелерінің бұлақ суларын сату деректері  көп тіркелді. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды. Жерді жалға алса да, бұлақ — оның жекеменшігі емес,

ол — мемлекет қорғауындағы нысан, сол жердің тұрғындары ортақ пайдаланатын су көзі болып қалуы тиіс.  Заңдағы  олқылық — осы.

Үшіншіден, бұлақ маңында санитарлық жағдайды бұзғандар мен  су көздеріне залал келтіргендерге ірі мөлшерде  айыппұл салуды енгізу керек. Соның ішінде, айыппұлды әлі күнге дейін суын ысырапсыз  пайдаланып жатқан Маржанбұлақты  қорғау мақсатында  қолдану керек.

Жерасты су көздерімен жалғасқан бұлақтарды қорғау мен абаттандыруда мемлекеттік органдар мынадай кемшіліктер жіберді. Жерді жалға беру шартын бекіткен кезде,  бұлақтарды күтіп ұстау мен абаттандыру ережесі қоса жазылмады. Қысқасы, жерді жалға алдың ба  — ол жердегі су көзін қорғауға тиіссің. Бұлақтарды күтіп ұстауға жауапты адамдарды  жақын орналасқан елді мекендерден тағайындап, бюджетін бекіту керек еді. Біздер  бұлақтарды күтіп ұстауды ауыл әкімдерінің жауапкершілігіне беріп,  сол ауылдың  материалдық ресурсы ретінде   бақылауда ұстау мәселесін көтердік. Бұлақ басында  мал суаруға болмайды. Мал  аяғымен  таптамас  үшін су көздерін қоршай  тікенекті бұталар итмұрын, жиде, долана, үйеңкі ағашын егуді ұсындық. Бұлақ басынан  35 метрге    дейін шаруашылық жүргізуді шектеу керек.  Ол жерде  автокөлік жуу,  тұрмыстық  қалдықтар тастау, соның ішінде  әртүрлі  ерімейтін  химиялық сұйықтықтар төгуге   қатаң тыйым салынсын. Ішуге жарамды суы бар  бұлақтарды егіс, басқа да шаруашылық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

Бұлақ аңғарлары өңіріміздің табиғи мұрасы ғана емес, ол тұрғындарды ауызсу және емдік сулармен жабдықтаудың негізгі  көзі. Осы мақсатта  бұлақтарды бүлдіргендерге  айыппұл салуды енгізу қажет.  Өзен-көлдерді, соның ішінде жерасты суларымен байланысқан бұлақ суларын бүлдірушілерді жазалайтын экологиялық полиция жұмысын  күшейтуді ұсындық. Қазақстанға  бір реттік пайдаланатын пластик пакеттерді енгізуге тыйым  салғымыз келді. Бірақ, бұл  ұсыныстар жайына қалды.

Аумақтарды көгалдандыру қызметінде орталықтандырылған мекеме  құрып, оған ландшафт сәулетшісі, орман-парк шаруашылығы инженерлерін тартуды ұсындық. Суару техникаларын біріктірген парк те  осы мекемеге кіреді.  Мұның бәрі «Жасыл экономика»  бағдарламасына кіруі тиіс еді. Бұл жобаның маңызды бөлігі — өзен, көлдерді тазарту  бизнесінің профильді құрылымдарын дамыту, жағалау  бекіту мен өзен түптерін тереңдетуді арнаулы техникамен іске асыру, гидротехникалық жұмыстарға  тек қана арнаулы техника қолдануды мәселе етіп көтердік. Өкініштісі, біздер он жыл бұрын  түгендеп, қорғауға алуды ұсынған  бұлақтардың көбі қазір карьерлердің астында  көмілді.  Жобамыз да жайына қалды.                                                                         

Әңгімелескен   Баян СӘРСЕМБИНА.

Фотосуреттерді түсірген: Елена Бошкова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button