Жаңалықтар

Депутаттар кәріз су тазалау кешеніне барды

Сейсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Глеб Щегельский, Абай Тасболатов және Дәния Есбаева «Ақбұлақ» АҚ кәріз су тазалау кешені мен тұрмыстық қалдықтар полигонына барды.     

Алдымен мәжіліс депутаттары қаладан 7 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақбұлақ» АҚ кәріз су тазалау кешеніне барып, оның жұмысымен танысты. 1981 жылы салынған кешеннің ғимараттары мен құрылғылары ескірген. Бүгінде кешеннің аумағында жағымсыз иісті төмендететін «Ылғалды барьер» құрылғысы жұмыс жасап тұр.

«Ақбұлақ» АҚ бірінші вице-президенті Амангелді Боранқұлов депутаттарды кешеннің жұмысымен таныстырып, алдағы уақытта мекеме кәріз суын 100 пайызға тазартып, тыңайтқыштарға айналдыратын польшалық жаңа технологияны қолданатынын жеткізді. Оның айтуынша, аталған жобаға облыстық бюджеттен 348 млн теңге бөлініп, бүгінде жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

— Тамыз айында құжаттар дайын болса, жоба сараптамадан өтеді. Егер жоба мақұлданса, оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген соң ауада жағымсыз иіс болмайды, кәріз суы 100 пайызға тазартылып, балық шаруашылығына пайдалануға беріледі. Ал қазіргі таңда бұл су пайдаға аспай тұр. Жалпы кешен 1981 жылдан бастап жұмыс жасайды. Ең алғаш рет 2009 жылы кешенге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда оған да он жыл болды, — дейді Амангелді Боранқұлов.

Бұдан кейін мәжіліс депутаттары «Neo Plus» ЖШС-на қарасты қалалық қоқыс полигонына барды. Қаладан 5 шақырым жерде орналасқан, 2007 жылдан бастап жұмыс жасайтын  қоқыс полигонының мерзімі әлі өтпеген. Алайда оның жағдайы сын көтермейді. Полигонның бір жақ аумағы әлі пайдаланылмаған. Соған қарамастан оның аумағын кеңейту жоспарлануда.

Депутаттар серіктестік басшыларына қоқыс сұрыптау жүйесіне жаңа технологиялар енгізу керектігін айтып, өзге шетелдердің жаңа жобаларынан үлгі алуға шақырды.

Бүгін бір топ депутат Қазақстан Республикасы Парламентінің жоспарымен Ақтөбе облысына келіп жатырмыз. Бұл жерде біз елімізде қабылданған заңдарды жергілікті әкімшіліктер қалай жүргізіп жатқанын, оларды халықтың қалай қабылдағанын білу үшін келдік. Алдағы он күн ішінде біз аудандарды аралап, халықпен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайымен танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз. Сондай-ақ Елбасының Nur Otan партиясының алдына қойылған мақсаттары мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың он негізгі бағыты аясында облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысып, тұрғындарға аталған бағыттарға ерекше назар аударылу керектігін түсіндіреміз, — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов.

Айта кету керек, бұл күні мәжіліс депутаттары Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарын да аралады. Олар базардағы азық-түлік бағасын қарап, сатушылармен, сондай-ақ қала тұрғындарымен тілдесті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button