Жаңалықтар

Оқушылар жазғы лагерьде тегін демалады

Ақтөбе қаласындағы «Шаңырақ» қоғамдық қоры «Шұғыла» лагерімен бірлесе отырып, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 10 балаға жазғы лагерьде демалуға тегін жолдама берді.

«Шұғыла» лагерінің директоры Айдынғали Жетешовтің айтуынша, оқушылардың сапалы қызметпен қамтылуына барынша жағдай жасалған. Жолдама иеленген балалар 5 мезгіл тегін тамақпен қамтылады. Олар үшін жоғары деңгейдегі сауықтыру шаралары жүргізілмек. Пәндік дәрістер мен танымдық сайыстар да көптеп ұйымдастырылады.

Балалар екі топқа бөлініп, 12 күн бойы лагерьде демалатын болады.

— «Шұғыла» — қаладағы үздік лагерьлердің бірі. Балаларға бассейнге шомылуға мүмкіндік бар. Негізі бір балаға лагерь құны 55 мың теңге тұрады. Біз аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға тегін демалуға жолдама беріп отырмыз.

Алдағы уақытта республикалық «Мектепке жол» акциясына дайындықты бастаймыз. Былтыр 210 оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созатын қала тұрғындары мен демеушілер болса, қайырымдылық шараларына атсалысуға шақырамыз, — дейді «Шаңырақ» қоғамдық қорының мүшесі Еділ Аймағамбетов.

Айта кетейік, «Шұғыла» қоры өткен жылдың сәуір айында құрылды. Қордың қолдауымен қыс мезгілінде жағдайы төмен отбасыларға көмір таратылып, көктем-жаз айларында түрлі  сенбілік акциялары өткізілді.  Жақсылық жасауға ниетті азаматтар ғаламтордағы қордың жеке сайты арқылы ұсыныстарын айтып, көмек көрсетіп келеді.

— Біз Ақтөбе қаласы маңындағы Ақшат ауылында тұрамыз. Бүгін екі ұлым жазғы лагерьге жолдама алып отыр. Өте қуаныштымыз. Осындай мүмкіндік туғызған азаматтарға аналық ризашылығымды білдіремін, — дейді ата-аналардың бірі Гүлзада Елубаева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button