Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Ақжарда ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Ақжар ауылында сегіз жылдан бері ауызсу мәселесі шешілмей тұр. Бүгінде ауылдықтар ауызсуды қаладан тасып ішуге мәжбүр.

Ақтөбе қаласы әкімі қызметіне тағайындалған Мавр Абдуллин өз жұмысын Ақжар ауылы тұрғындарының арыз-шағымын тыңдаудан бастады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінгі күні «Ақжар-2», «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымындағы үйлерге су келмейді. Су келсе де, таңертеңгілік және кешкілік уақыттарда сағатпен ғана беріледі. Онда да тамшылап ағып, халықтың ығырын шығарады. Мұндай жағдай, әсіресе, жаз айларында жиі болады. Жергілікті тұрғындар бұл проблеманы 2011 жылдан бері көтеріп жүргенмен, билік тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Жақында ауылдың үлкендері әкімдікке барып, мұң-мұқтаждарын айтқан.

Қазір ауыл тұрғындары үйлерінің ауласына бау-бақша екпек түгілі, ішетін су таппай отыр. Сол үшін күн сайын қалаға қатынап, 25-30 литр суды арқалап қайтады.

Су болмағасын бау-бақша екпейміз. Ең бастысы — ауылымызға су керек. Ақжардағы су мәселесіне қатысты үш жиналысқа қатысқанмен, одан ешқандай нәтиже болмады.  Былтыр да халық болып шағымданғанмен, түк бітпеді. «Қарық қыламыз» дегендердің жүздерін сол келгеннен кейін көрмедік.  Ауылға қалаға қатынайтын қоғамдық көлік керек. Кеш батса, көшеде жарық болмайды. Ауыл мен қала аралағына қатынайтын №44 автобус тұрғындарға тарлық етеді. Соның салдарынан қалада оқитын балаларымыз сабаққа кешігіп барады. Бүгінгі күні қоқыс шығару да үлкен мәселеге айналып отыр. Тағы бір проблема — Кірпішті мен Ақжар ауылдарының арасына канализациялық станса салынды. Осы нысан іске қосылғаннан бері жел шықса, ауылды жағымсыз иіс жайлайды. Ауылдағы осындай мәселелерді шешуге ықпал етсеңіздер деймін, — деген ауыл зейнеткері Ақайна Жолдаева Ақжардың барлық проблемасы жазылған хатты М.Абдуллиннің қолына табыстады. Қала әкімі тұрғындардың алдында  бұл мәселелер бойынша жұмыс жасалатынын айтып, сендірді.

Шаһар басшысы жұмыс тобымен бірге Ақжардағы су скважиналары мен су қоймаларының жұмысын өз көзімен көрді. Жергілікті халыққа ауызсуға байланысты туындаған мәселе су қоймасына тікелей қатысты екенін айтқан ол:

Ақжардағы қазіргі су қойма 1200 жер учаскесінің тұрғындарына арнап салынған. Ал қазір мұндағы абоненттің саны —  2750. Сондықтан ең әуелі судың қорын зерттеп, жұмыс тобымен мән-жайды анықтап болғасын ғана шешім қабылдаймыз.  «Ақбұлақ» мекемесінің мамандарына тапсырма берілді, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуіміз керек. Ревизия жасалып, барлығы тексеріледі. Біз бірінші кезекте тұрғындарды сумен қамтамасыз етуіміз керек. Сол үшін қазір екі бригада шығып, жұмыс жасап жатыр.

Кездесуде ақжарлықтар  ауылға  қосымша су жинау нысанын салу қажеттігін айтты. Бұл ұсынысқа қатысты Мавр Абдуллин: «Жерасты су қорын анықтамайынша, бұл істі жүргізу мүмкін емес. Егер олай етпесек, тағы да осындай жағдайға ұрынуымыз мүмкін. Жерасты су қоры анықталғаннан кейін ғана қосымша ұңғы қазамыз ба, әлде жаңа су жинау нысаны бойынша жұмыс жасаймыз ба, нақты шешім шығарамыз. Біз қалай болғанда да сіздерді сусыз қоймаймыз. Көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды, су халыққа қажет. Бұл мәселе бойынша жұмыс жасаймыз, көмек береміз», — деді.

Халықтың айтуынша, қазір Ақжарда 4 қоғамдық монша бар. Бизнес жүргізу мақсатында ашылған нысандардың жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар қоғамдық моншаларда өз алдына ұңғы болу қажеттігі мәселесін де  көтерді. Олар судың ауылдың жоғары бөлігіне көтерілмейтінінің бір себебін осындай мысалдармен де түсіндірді.

Менің үйімдегі құбырдан бір аптадан бері су тамған жоқ. Суды қаладан тасып ішеміз. Күн сайын  25-30 литр су әкелеміз. Ол бір күнге ғана жетеді. Жыл сайын осындай уақытта осы проблема орын алады, — деді ауыл тұрғыны Ербол.

Мавр Абдуллиннің айтуынша, қазір Ақжарда 4 скважина жұмыс жасайды. Әрбіреуі күніне  25 текше метр су айдап тұр. «Қажеттілігіне қарай қосымша насостар қойылады. Осы мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар, қоқыс, автобус, көшені жарықтандыру мәселелері бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Кемшіліктердің барлығын қолдан келгенінше қалыпқа келтіруге тырысамыз. Біз сіздердің өтініштеріңізді естідік, қабылдадық. Сіздердің түсірген арыз-шағымдарыңызға сәйкес жұмыс ұйымдастырамыз», — деген Ақтөбе қаласының әкімі «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мәселесі мен тұрғын үй массивіндегі қоқыс жинау проблемасын шешуді орынбасары Жұлдызбек Бисембинге тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындардың қоғамдық көлікке қатысты айтқан ұсыныстары жауапты органдар тарапынан ескерілетінін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button