Жаңалықтар

Кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді

Адалдық алаңы

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Жиында облыстағы кәсіпкерлерінің анонимді сауалнамасының нәтижелері жарияланды.

Мамыр айының соңында «Ақтөбе – адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің қызметкерлері «Protecting Business and investments» жобасы аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірге өңірдегі кәсіпкерлер арасында анонимді сауалнама жүргізді.

Сауалнаманың негізгі мақсаты — кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық деректері жиірек кездесетін мемлекеттік органдарды анықтау. Сауалнама нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің 60 пайызы бизнесті жүзеге асыру және жүргізу кезінде көбіне мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерді ұзақ қарау мәселелеріне және 40 пайызы заңнамадағы олқылықтарға қатысты шағым білдірген.

«Сіздің нысаныңызды тексеру кезінде мемлекеттік билік өкілдері заңды бұзды ма?» деген сұраққа, бизнес өкілдерінің 77 пайызы — «жоқ», ал 12 пайызы —«сирек»,  11 пайызы «шенеуніктер өкілеттіктерін жиі асыра пайдаланады» деп жауап берді.

Сондай-ақ, жауап берген кәсіпкерлердің 89 пайызы мемлекеттік билік өкілдері тарапынан құқықбұзушылықты жасырғаны немесе мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін ақшалай сыйақыларды бопсалаушылық фактілеріне куә болмағандарын айтса, 11 пайызы мұндай деректердің бар екенін, бірақ өте сирек екенін білдірді. Негізінен бопсалау деректеріне қатысты сұрақтар бойынша қоғамдық денсаулық сақтау, мемлекеттік кіріс, төтенше жағдайлар және полиция департаменттері жиі айтылды.

Мемлекеттік билік тарапынан қысым немесе бопсалаушылық көрсетілген жағдайда кәсіпкерлердің 45 пайызы — «Атамекен» ҰКП, 11%-ы —  прокуратураға, 9%-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға жүгінеді екен. Ал қалған 35%-ы ешқайда жүгінбейтінін айтты.

Бұл іс-шараға облыстың 100-ден астам белсенді бизнес өкілдері қатысты.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button