Жаңалықтар

27 маусымда ең үздік өнімдер анықталады  

Жыл сайынғы республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің аймақтық кезеңіне осы жылы 30-дан астам ақтөбелік өндіруші қатысады. Байқау Өнер орталығы ғимаратында өтпек. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы мен индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастыратын шараның мақсаты — нарықты отандық жоғары сапалы өнімдермен қамту.

Қатысушылар арасында өнімдері тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие тәжірибелі кәсіпорындармен бірге ісін жаңа бастаған тауар өндірушілері де бар. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» сынды номинациялар бойынша үздіктер анықталады.

«Конкурс-көрме барысында ұсынылатын өнімдердің ауқымы әртүрлі: тамақ, тұрмыстық химия, киім-кешек, құрылыс материалдары, кәдесыйлар және жарнамалық өнімдер. Биылғы қатысушылар арасында өңірлік кәсіпкерлік палатасының «Бизнес-мектебі» аясында білім алып, өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлер де болады. Сапа жағынан олардың өнімдері ірі компаниялардың өнімдерінен төмен емес. Комиссияға, әрине, олардың арасынан ең жақсыны таңдау оңайға түспейді. Өткен жылдардағы «Бастау» жобасының түлектері де өз өнімдерін көрсетпек»,  — дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әлібек Қосназаров.

Өңір тұрғындары мен қонақтары байқау-көрмеде аймақтағы ең үздік компаниялармен танысып қана қоймай, оларды тікелей өндірушіден сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, іс-шара аясында кәсіпкерлерге  шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын түсіндіру және отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу үшін қажетті индустриялық сертификат алу жөнінде семинар ұйымдастырылмақ.

Облыстық турдың жеңімпаздары Ақтөбе облысының әлеуетін республикалық деңгейде таныстырады. Ең бастысы, байқау қатысушылары конкурстың эмблемасын жарнамалық мақсаттарда төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.

Айта кету керек, бұл байқау-көрме Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың отандық өнімдердің сапасын жақсартуға бағытталған, өндірісті жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге, халық арасында сапалы идеяны кеңінен таратуға бағытталған іс-шараларды күшейту мақсатында 2006 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.

Ақтөбе облысындағы «Жаңа Әлжан ұн комбинаты», «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Айс плюс», «WestLineDoors» ЖШС сияқты көптеген кәсіпорындар «Қазақстандағы үздік өнім» конкурсының республикалық және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен жүлдегерлері болды. Бұл шараны 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button