Жаңалықтар

Ар-намыстың ақтаңгері

Конференция

Сенбі күні Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында облыстық әкімдіктің қолдауымен «Alash parizi» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қолбасшы, батыр Бөкенбай Қарабатырұлын ұлықтауға арналған ғылыми-конференция өтті.

Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, профессор, тарих ғылымының кандидаты, «Рыцарь — звания чести, казахский батыр Бөкенбай Қарабатырұлы» кітабының авторы Ирина Ерофеева,  Бөкенбай батырдың ұрпақтары, еңбек ардагерлері қатысты. Кешті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарихшы Рахым Бекназаров жүргізіп отырды.

Жиынды бастаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген, үш жүздің басын қосып, батыр ғана емес, мемлекеттік қайраткер есебінде танылған Бөкенбай батыр Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасында жүргенін, батыр атамыздың «ұлымызды құл қылмаймыз, қызымызды күң қылмаймыз» деп қазақтың рухын көтеріп, жігерлендіргеніне тоқталып, сөзінің соңында Бөкенбай батырды ұлықтауға арналған іс-шаралардың басы-қасында жүріп, жетекшілік еткен Мәлік Жекеевке алғыс айтты.

Одан соң Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Бөкенбай батырдың өмірі мен ерлігін зерттеуші ғалым Зәкратдин Байдосов, мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевтер сөз сөйледі.

Біз профессор, тарих ғылымының кандидаты, Ирина Ерофеевамен сөйлескен едік.

— Жас кезімнен қазақ батырлары тақырыбын қызығып оқитынмын. Осы уақытқа дейін оқығанымды, зерттегенімді жинақтай келе, мен қазақ тарихында кездесетін Бөкенбай есімді үш батыр туралы мақала жаздым. Осыдан жиырма жылдай бұрын уақытта бұл үш батырды жарқыратып тұлға етіп көрсеткенімді кейбіреулер батылдық деп таныды. Өйткені тарихта ерлігі жағынан Қанжығалы Бөгенбай ерекше аталып жүр еді. Ал менің мақаламда үшеуі де аталды. Сөйтіп жүргенде осы облыстың құрметті азаматы Мәлік Наурызғалиұлы Бөкенбай батыр туралы жазуға өтініш айтты. Мен өзім жетік білмейтін батыр туралы жазбаймын. Айтпақшы, мен бұған дейін Жәнібек Қошқарұлы туралы да жазғанмын. Ал Бөкенбай Қарабатырұлының өмірі мен ерлігі туралы мен жақсы білгендіктен кітап жазуды қолға алдым. Жүрек қалауы мен тапсырыс біріне-бірі дөп түсті. Әрине, мен кітапты тарихи деректер мен әр жылдары мұрағаттардан алған құжаттарға сүйене отырып жаздым. Әсіресе, Қарақұм құрылтайына тоқталып өттім, ол жерде Бөкенбай батырдың халықты жігерлендіре сөз сөйлегені туралы жаздым,  — дейді Ирина Ерофеева.

Конференция барысында Бөкенбай батырға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан кәсіпкерлер Бауыржан Мұқанов, Орынғали Жанбосынов және «Alash parizi» қоғамдық қоры директорының орынбасары Мақсат Амандықов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының әкімі құрамында жазушы, тарихшы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, батырдың ұрпақтары бар бір топ азаматқа құтты мекеннің мерейтойына арналған мерекелік төсбелгі тапсырды.

Одан соң «Мир» телерадиокомпаниясы түсірген деректі фильмнің бас режиссері Қанат Есенаманов сөз сөйледі. «Бөкенбай батырды ұлықтауға арналған фильмді түсіру барысында Қазақстанның батыс аймағын аралап, 4 жарым мың шақырым жерді жүріп өттік. Сол кезде қасымызда жүрген Мәлік Жекеевке, қолдау білдірген басқа да азаматтарға рақмет айтамын. Фильм бірінші рет көрсетіліп отыр, бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар», — деді Қ.Есенаманов.

Жиыннан соң жиналғандар Бөкенбай батыр көшесінде бой көтерген Бөкенбай батырға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қарай асықты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button