Жаңалықтар

Қала әкімі кітаптар тарту етті

Дәстүрлі «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов өзінің жеке кітап қорынан Абай атындағы №1 қалалық кітапханаға 50-ге жуық кітап сыйлады.

Шараның негізгі мақсаты — тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, кітапхана қорларын толықтырып, халықтың рухани байлығын дамыту.

Шаһар басшысы Ілияс Испанов қала тұрғындарын акцияға қатысуға шақырды.

—  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кітап оқуды насихаттау жұмыстары айтылған. Сондай-ақ қазіргі заман талабына сай кітапханалардың санымен бірге сапасының артуы өте маңызды.

Қаламызға келген қонақтар өздерінің құнды еңбектерін ала келеді. Бұл кітаптарды «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында оқырмандар назарына ұсынып отырмын. Аталған акция  жыл бойы жалғасады. Сондықтан қала тұрғындарын атсалысуға шақырамын, — деді қала әкімі.

Жиынға қатысқан оқырмандар өлеңдер оқып, кітапхана тарихы туралы әзірленген «Кітапхана — руханият ордасы» атты слайдты тамашалады.

Айта кетейік, Абай атындағы №1 қалалық кітапханада 22 мыңнан астам кітап қоры бар. Олардың қатарында көркем әдебиет, тарихи романдар, балалар оқулығы мен заманауи әдебиеттер топтастырылған. Тұрақты оқырмандар саны — 22540.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button