Ақтөбе — 150

Қала тарихы: алыстан келген тұрғындар және алғашқы көшелер

Биылғы мамырда Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланғанына 150 жыл толды. Біз «Ақтөбе» атауының қазіргі телемұнара орналасқан төбеге қатысты екенін ұмытпауымыз керек. Көнекөз қарттардың айтуынша, бұл төбеде ноғай билеушісі Мамайдың ұрпағы — Қарасайдың зираты болған. Зират ақ тастан қаланғандықтан, төбе ел арасында «Ақтөбе» деп аталып кеткен.

Ал екінші, оң қапталдағы төбеде қазір «Астана» сауда орталығы орналасқан.   Ақтөбе қаласының 150 жылдық шежіресі, міне, осы екі төбеден басталған.

Ақтөбе қаласының салыну тарихы қазақ жерін Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялаған 1867-1868 жылдардағы әкімшілік («Уақытша Ереже») реформалардың қабылдануымен тұспа-тұс келді. Орынбор генерал-губернаторы, генерал-адъютант Н.А.Крыжановский 1868 жылы Орыстың императорлық географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің ашылуында сөйлеген сөзінде: «Қырғыз (қазақ — автор) даласы Ресейге өте қажет; … Қырғыз даласынсыз біздің шаруашылығымыз мүлде орны тол­майтын шығынға ұшырар еді, орны толмайтындығы соншалық, егер ол тап қазір бізге тиесілі болмаса, біз оны басып алуға мәжбүр болар едік» — деп, отаршыл ниетін ашық түрде айтты.

Ресей империясының қазақ жерін отарлауына негіз болған, әрине, патшалықтың орыс-казактар арқылы әскери отарлау тәжірибесі болатын. Ресей империясындағы 11 казак әскерінің төртеуі қазақ жерінде (Орал,  Орынбор,  Жетісу, Батыс Сібір өңірлерінде) құрылды. ХІХ ғасырдың соңына қарай Орал казак әскері — 6 миллион 475 мың десятина, Орынбор казак әскері 1 миллионнан астам, Батыс Сібір казак әскері 5 миллионнан астам, ал Жетісу казак әскері 667 мың десятина қазақ жерін иемденді.

Патшалық Ресейдің экспансиялық мақсаттары үшін Орынбор өлкесінің әскери-стратегиялық маңызы зор болды. Географиялық жағдайына қарай, Қазақстанның батыс бөлігін алып жатқан бұл өлкеге Ресей мемлекеті Орта Азия елдеріне, қазақ даласының оң­түстік, шығыс жерлеріне шығаратын көпір ретінде қарады. Бұл кезеңде Орынбор даласы патша үкіметінің қазақ жерлеріне терең бойлап енуіне тірек болған бекініс-қамалдар шырмауында  қалды. Орынбор (1845 ж.), Орал (1845 ж.), Новопетровск (1846 ж.),  Райым (1847 ж.) Қарабұтақ (1848 ж.) және Ембі (1862 ж.) бекі­ніс­тері Ресейдің әскери-стратегиялық жоспарларында маңызды орын алды. 1868 жылы 21 қазанда Торғай облысы құрылды. Облыс Орынбор генерал-губернаторына бағынышты болды. ХХ ғасыр басында Торғай облысының құрамында 4 уезд бар еді: Елек, Ырғыз, Қостанай және Торғай. Ақтөбе бекінісі Елек уезінің орталығы болды. Уезд Тұзтөбе, Бөрте, Теректі, Аралтөбе, Ойсылқара, Қаратоғай, Ақтөбе, Қобда болыстарынан құралып, жалпы саны, 41 қазақ ауылы осы болыстарға қарады.

1869 жылғы 14 мамырда флигель-адьютант граф Борхтың бастауымен 2 рота, оған қоса 100 казак әскері, 14 артиллеристі бар, 4 зеңбірекпен жарақтанған отряд «Ақ төбе» шатқалына жетіп, ал 19 мамырда артиллерия оғымен салют шашып, биік екі төбенің басындағы барбетке, яғни арнайы алаңға бекіністің негізін салды.

Бекініс құрылысына алғашында қазақтың 8 900 десятина жері бөлініп берілсе, 1887 жылы Ақтөбе болысының жеріндегі, Елек-Қарғалы өзендерінің сағасында орналасқан болыс басшысы К.Сүлейменовтің қыстауларын бұздырып, жердің көлемі 27 101 десятинаға жеткізілді.

1869 жылдың күзінен-ақ Ақтөбе бекінісі жанына Воронеж губерниясынан келген бірен-саран орыс, украин шаруалары қоныстана бастады. Солардың алғашқыларының бірі И.А.Мощенский болды. 1913-1914 жылдары Ақтөбеде екі аптада бір рет шығатын «Городской вестник» әдеби-шаруашылық журналының редакторы қызметін атқарған В.И. Мощенский — осы кісінің баласы. Бірақ бастапқы жылдары қоныстану ешбір рұқсат құжатынсыз, реттеусіз жүргізілді. Бекініске тұрғындарды қоныстандыру 1878 жылдың көктемінен бастап қана әскери губернатор мен уезд бастығының рұқсатымен іске асырыла басталды.

Сөйтіп, 1878 жылдың күзінде Воронеж губерниясынан тағы да Каюдин, Трикозов, Гузев, Богданов, Шевцов, Алейников, Литюк және дін өкілі, поп Золотарев бастаған 9 отбасы келіп, бекініске орналастырылды. Сөйтіп, бекіністе ең алғашқы Старожительская көшесі пайда болды. Кейін бұл көше: 1881 жылы ІІІ Александр патшаның таққа отыру құрметіне «Александровская» аталса, 1920 жылы неміс революциялық қозғалысының қайраткері Карл Либкнехттің аты берілді, ал тәуелсіздік алған тұста, 1992 жылы, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан халық ақыны Шернияздың есімін иемденді.

Сондай-ақ, әскери қызметтері аяқталған бұрынғы солдаттар — Шеменев, Гаврилов, Куклев, Кобляков, Саморуков, Подковыров, ағайынды Агап пен Михаил Мисюриндер Крепостная (бекініс дегенді білдіреді, 1952 жылы атауы  Қазақ КСР-нің 30 жылдығы атындағы көше болып өзгертілді) және бүгінгі күнге дейін өз атауын сақтап қалған жалғыз көше — Гарнизонная көшелеріне тұрақтанды. «Гарнизонная» деп алғашқы жылы қыстаған 357 солдаттан тұратын Орынбор казачествосы гарнизонының атына байланысты аталды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында бекіністе жалпы саны 15-16 үлкенді-кішілі көшелер болған.

Осы кезде татар көпестері Габбасов, Ахметов, Насыров Татар поселкесінің негізін қалады. Кейін бұл аудан халық арасында «Татарка» аталып кетті.

1879 жылдың мамыр айында жаңа қоныстанушылар — Тихон мен Алексей Потудиндер, Г.Сергеенко, В.Крахмалев,  Х.Шаповалов, Т.Демьянченко толығымен қалыптасып болған Старожительская көшесіне тұрақтады.

1880 жылы қаңтарда қоныстанушылар «Ауылдық қауымға» кіру құқығын алып, араларынан тұңғыш староста — С.Богданды, кейін, 1881 жылы — Острожныйды, 1882-83 жылдары — Сергеенконы, 1884 жылы Мощенскийді, ал 1885 жылы Барбетовты сайлады.

1884 жылы Ақтөбе бекінісі жаңадан құрылған аудан — «Төменгі», ал бұрынғы аудан «Жоғарғы» (немесе Татарка) аталып, екі поселкіге бөлінеді: 1884 жылы Жоғарғы поселкенің старостасы көпес М.Габбасов болды.

1887 жылы Дон казак әскерлері қатарынан қоныстанушылардың жаңа толқыны келді, олар Татарка поселкісінен 1 верст алшақ орналасып, жаңа «Отарвановка» ауданы пайда болды. Бұл поселкенің алғашқы старосталары М.Марченко, Кривоножкин, Прокопенко және Бородаенколар болды.

Ертерек пайда болған көшелердің бірі — қазіргі Әйтеке би көшесі. Бастапқыда ол Орынбор көшесі атанған, 1924 жылдан, яғни Ленин қайтыс болғаннан бастап Лениннің атын иемденді. 1998 жылы Әйтеке би көшесі болып, атауы өзгертілді. Ал бұл көшенің алғашқы тұрғындары Сафонов, Арнаутов, Приходько, Домовесов, т.б. көпестер отбасылары екен.

Бүкіл бекіністің негізгі мәдени, сауда-саттық ошақтары орналасқандықтан, Татарка ауданы «қала» деп атала бастады.

1880 жылы Ақтөбеде барлығы 35 үй, оның ішінде ағаштан салынған 5 баспана тіркеліп, 28 отбасы, жалпы саны 409 адам есепке алынды.

1880 жылы бекіністе Ресейде жиналған қаржының есебінен Александр Невский храмы тұрғызылса, 1902 жылы мешіт салынды. Бұл — қазіргі қалалық орталық мешіт. Тура осындай мешіттер ХХ ғасырдың басында Темір мен Ойылда да бой көтерген. Ақтөбедегі ең алғашқы білім ошағына келсек, 1881 жылғы 23 қазанда Ыбырай Алтынсариннің ұсынысымен Бөрте болысындағы Бөрте шатқалында екі класты орыс-қырғыз (қазақ) мектебі ашылған. 1884 жылы бұл мектеп Ақтөбе бекінісіндегі арнайы салынған ғимаратқа көшірілді. Мектептің қоры уезд бастығының құзырында болып, жергілікті халықтан жиналатын салық есебінен жасақталды. Білім ордасының тұңғыш оқытушысы — Арсений Мазохин. Мектептің жанынан қазақ балаларына арналған 30 орындық интернат ашылды.

1886 жылы Ақтөбе бекінісі халқының саны 862 адам болды.

1891 жылдың 25 наурызындағы «Дала Ережесіне» сай, Ақтөбе бекінісіне «уездік қала» статусы беріліп, құжаттарда «Актюбинск» болып атала бастады.

1897 жылы Ресей империясында тұңғыш рет жүргізілген халық санағының нәтижелері бойынша, Ақтөбе халқының саны 2817 адам болды, оның 1514-і — ер адамдар, 1303-і — әйел адамдар.

Ал 1915 жылы Ақтөбе қаласында 15 840 мың тұрғын, 1 аурухана, 2 кітапхана, 4 төменгі буынғы оқу орны, 35 жұмысшысы бар 3 өнеркәсіп мекемесі, 1 қалалық училище болды. Осы тұста Елек (Ақтөбе) уезі бойынша халықтың саны 30 мың адам деп көрсетілді.

Дәулет ӘБЕНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button