Жаңалықтар

«Металды үптеп кететіндерге» тосқауыл қойылады

Меморандум

Ақтөбеде қара және түсті металл қалдықтарын жинап, өткізетін компаниялар қауымдастығы құрылды. Бейсенбі күні құрамына заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер кіретін қауымдастық қалалық әкімдікпен бірлескен меморандумға қол қойды.

Енді ұрлықтың алдын алу мақсатында жаңадан құрылған қауымдастық қаладағы барлық металл қабылдау пункттерін тексеріп, заңсыздықтардың орын алмауын қадағалайтын болады.

Қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен жиналыс барысында белгілі болғандай, Ақтөбеде электр сымдары мен канализациялық құдық қақпақтарын ұрлау толастамай тұр.

Ұрланған нәрсені ешкім қабылдамайтын болса, ұрлық көрсеткішінің де төмендейтіні белгілі. Осы бағытта қаламызда қара және түсті металл қалдықтарын жинап, өткізетін компаниялар қауымдастығы құрылды. Құрамына заңды тұлғалар мен металл қабылдайтын пункттердің иелері кірген қауымдастық заңды түрде тіркеліп, өз жұмысын бастап жатыр. Енді бұл азаматтар металл қабылдайтын орындардағы заңдылықты тексеретін болады. Бұл жердегі біздің мақсат — тек ұрланған затты қабылдаушыны ғана емес, сондай-ақ ұрының өзін де анықтау, — деді қала әкімі.

Жыл басталғалы қала бойынша тек металл ұрлығына қатысты 19 дерек тіркелген. Бүгінгі күнге дейін оның 50 пайызы ғана ашылыпты.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Орыналы Әбдіғалидің айтуынша, мүлкі қолды болған тұрғындар дер кезінде полицияға шағымданбайды. Ал ізі суып кеткен ұрлықты анықтау оңай шаруа емес.

— Металл ұрлығының алдын алу мақсатында полиция тарапынан үнемі профилактикалық шаралар өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан түскен шағымның әзірге тек 50 пайызы ғана ашылды. Осы ретте мүлкі қолды болған азаматтардың дер кезінде полицияға шағымданбайтындығын айтқым келеді. Дегенмен, істі анықтап, ұрыны табу біздің басты міндетіміз. Бұл бағытта жұмыстар жасап жатырмыз, — деді Орыналы Әбдіғали.

Айта кетейік, ұрланған металдарды сатып алушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 196- бабының 1-бөлімімен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button